Әр туындының дүниеге келуі, алғаш айтылуы немесе оқылып, орындалуы, ел ішіне таралуы, автордың иелігінен «ауа жайылып» шығып, жеке дара ғұмыр кешуі өз алдына бөлек әңгіме. Әңгіме, повесть, тіпті роман, поэмаларға арқау болып жататындары да аз емес. Тууы, өмір сүруі бар да ондай жауһар дүниелер өміршең. Тіпті авторы ұмытылып кеткен қаншама өлең халық әні ретінде орындалып жүргенін жақсы білеміз.
Өз уақытымен қоса бірнеше буынды тәрбиелеп, кейін үлкен сахналық қойылымға айналып, бір өзі бірнеше туындыға ұласып кеткен шоқтығы биік әндердің бірі Шәмші Қалдаяқовтың «Сыған серенадасы» екені белгілі. Сөзін Қадыр Мырза Әлі жазған бұл ән туралы түсірілген бірнеше хабар және ақын Исраил Сапарбайдың музыкалық драмасы да айтарлықтай әсерлі.
Біз бұл әннің туу тарихын да, шығу мәнісін де айтып әуре болмаймыз. Бізге дейін талай хабар түсіріліп, айтылып қойған. Тіпті ән негізінде қойылған музыкалық драмасының өзі неге тұрады? Бәрін айт та бірін айт, осы туындыны тыңдағанда жанымыздың бір жарып қалатыны, жадырап салатыны ғой! Қазақ даласындағы тұңғыш серенада десек, қате болар еді, әрине. Сал-серілер шырқап кеткен серенада аз ба бізде? Мұнда біз сығаннан да, серенададан да бұрын қазақ жүрегінің еркіндігін айтқымыз келеді. Еркін, азат жүректің лүпілі көңіл кеңістігін шалқытып жібергенде... Немесе керісінше, көңіл жүректі толқытып шырқап салғанда... Осындай кереметті әкелген өмірге...
Ғажабы, ән мәнісін, автордың жан толқынысын, әуен ырғағын терең түйсінген ақын соның бәрін сөзбен көркем бейнелеген. «Тулаған қаны бар, тұлпар да табылар, үміт болса; Күн туса басыңа, мойыма, жасыма, жігіт болсаң!» Бұл – қазақ жанының еркіндігі. «Күй шығарып, ән салып, көкпар тартып, қыз қуып» өскен елдің баласының сөзі. Шәмші мен Қадырға дейін айтылған сөз: «Жасынан жүйрік мініп өскен бұла, жау жүрек, ер көңілді жігіттері» (Сәкен) деп. Бұл әуен мен сөз бір елдің, бір ұлттың ғана емес, адамзат жанының азаттығы мен бостандығын жырлап тұр. Тыңдаған өз алдына, оқып көріңіз:
«Толқысын шартарап,
тасышы, тебіренші,
О, гитара!
Ей, жан серігім,
Төгілсін күй тарап!
Жаның тарықпасын,
Ән қалықтасын!
Қайран басың,
ғаріп басың,
Көзіңді жұмбай
қамықпасын».
Ғажайып әуенге туған осынау сөзді Тоқтар Серіктің орындауында қанша мәрте тыңдап өстік. Мұнда ұлттың болмысы мен махаббатын әйгілейтін құдірет әуенде ғана емес, сөзіне де тасқа қашалғандай таңбаланғаны байқалады. Шәмшіге, келер ғасырлардың құрдасы Шәмшіге Құдай сыған қызын текке кездестірмепті. Өзіңді сүй, өзгені сүй – бәрі бір, ең бастысы, Абайша айтқанда, «адамды сүйе алуында». Сонда ғана азаттыққа ие бола алатын сияқты жан баласы. Ең аяулы нәрсе – адам рухының азаттығы екенін түсінген соң «жаның тарықпасын» дейді. Бұл жерде Шәмші мен Қадырдың ой-сезімі адамзатпен диалогке түсіп кеткендей әсер қалдырады. Пенде баласының сезімін тербеп келе жатқан гитараны жан серігім дейтіні де сондықтан шығар.
Туындының бар жұлын-жүйесі осы қайырмасына тоғысқан. Бұл енді айта салғанға ғана оңай сөз, шедевр деп! Талдап, мүшелеп, жіліктеп жеткізетін дүние ғой оқырманға. Шет жағасын ғана біз осылай түйсініп жатқанға ұқсаймыз.
Саз бен сөздің жымы бөлек болғанымен, негізі мен барар жері бір. Себебі сазгер осы әнді эстрада жанрына өңдеп, тігісін жатқызған Ұлықпан Жолдасов ән қайырмасының шумақтарынан ұзақ екенін айтады. Әдетте, көптеген әннің шумақтарынан қайырмасы қысқалау немесе бірдей болушы еді ғой. «Сыған серенадасында» олай емес. Бір басталған қайырма үзіле жаздап, енді аяқталды дегенде, тағы жалғаса беріп, қайыра көтеріліп барып тиянақталғанда, шумақтарынан әлдеқайда ұзап кетеді екен.
P.S. Олай болса, «жаның тарықпасын...»