• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Тамыз, 2023

«Арселорға» Үкіметтің әмірі жүрмей ме?

219 рет
көрсетілді

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ әлі де алаңсыз. Өткенде ғана шахтасынан өрт шығып, бес кенші қаза тауып, үлкен сынға ұшыраған еді. Әнеугүні тағы да Сарандағы шахтасынан өрт шықты. Абырой болғанда жер астындағы кеншілер аман. Ал алпауыт компанияның мына жауапсыздығы кәсіпорын иелерінің жүйкесіне аса қатты тиіп тұр. «АМТ» отандық кәсіпорындарға қарызын өтемей, қашып отыр. Қарыз сомасы – 2 млрд 610 млн теңге. Мұның салдары 500 жұмыскердің үш айдан бері жалақы алмағанына алып келді. Зауыт жұмысы тоқтап, 200-ге жуық адам жұмыссыз қалды. Бұған басы ауырып, балтыры сыздаған әлгі компанияңыз емес.

2022 жылы 17 тамызда «Майқұдық ҚҚ «СҮ» ЖШС мен «АрселорМиттал Теміртау» АҚ арасында №4600025567 келісімшарт жасалған. Сол уақыттан бері «KAZ Феррит» ЖШС өндірілген көмір концентратын «Арселорға» осы келісімшарт шеңберінде жөнелтіп отырды. Бірақ «Арселор» тарапынан концентраттың сапасы, жеткізу мерзімі немесе шарттың басқа талаптары бойынша бірде-бір ескерту болмаған. Келісімшарттың мерзімі – биыл 31 желтоқсанға дейін. Бұған қарамастан алпауыт компания концентрат алуды мау­сым айынан бастап еш себепсіз, түсіндірусіз тоқтатқан.

– Биыл шілде айынан бас­тап кәсіпорын қызметін тоқ­тату­ға мәжбүр болды. Барлық ұжым ақы­сыз еңбек демалысына жібе­ріл­ді. Зауыттың жабылуы 200-ден аса жұмыскер мен олардың от­ба­сыларының материалдық әл-ауқатына кері әсерін тигізеді, көп­теген жұмысшының несиелері бар. Бұл жағдай фабрика жұмысын тоқтатуға, салық аударымдарын кешіктіруге, жұмыссыздыққа алып келді, – дейді «Kaz Феррит» ЖШС директоры Бекжан Өмірбекұлы.

Ал «Ақтас Көмір» ЖШС директоры Нұрым Болатұлы «Алпауыт компанияға қылар қайранымыз жоқ», дейді. Үкімет басындағылар үн қатса деген үміті бар.

– 2021 жылы қыркүйек айында лицензия алғанбыз. Содан бері аталған компаниялармен жұмыс істеп келдік. Биыл маусымда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дан шотымызға ақша түсу тоқтады. Содан біз де шілде айынан бастап жұмысты тоқтатуға мәжбүр болдық. Жұмыскерлерге 10 млн теңгеге жуық жалақы қарызбыз. 800 млн теңге мердігерлерге берешекпіз. Тасымалдаушы компанияларға 60-70 млн қарызбыз. Жұмыскерлеріміз 10 маусымнан бастап еңбекақы алған жоқ. Кәсіпорын болған соң, жұмысты кідіртуге тағы болмайды. Жұмыскерлерді жұмысқа шақырып аламыз. Төлеуге уәде беріп, алайда ақша жоқ. Біз көмір шығарамыз. Ал «KAZ Феррит» кокс өндіреді. Біздің өзімізге қазір 1 млрд теңге қарыз, – дейді «Ақтас Көмір» ЖШС директоры Нұрым Бабас.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ қазір шетелден көмір концентратын сатып алып отыр. Ал сапасы жоғары, қажетті көлемде өнім шығаратын отандық зауытты елеп те отырған жоқ. Бұған қоса 33 мың тонна концентратты сатып алғаны үшін 2 млрд 610 млн теңгенің өзін өтемеген.

– «АМТ» АҚ тауар жеткізілген күн­нен бастап 25 күнтізбелік күн ішінде төлем жүргізуге мін­дет­ті. Алайда жөнелткен өнімі­міздің ақ­ша­сын ала алмай отырмыз. Есе­сіне мер­дігерлерге, жұмыс­кер­лерге, мемлекетке қарызбыз. Көбі уа­қыт­ша ақысыз демалысқа кет­се, енді біреулері жұмыстан шы­ғып жатыр. Біз өз тарапымыздан «Ар­се­­лорға» жұма сайын хат жазамыз. Алайда әлі күнге дейін мардым­ды жауап келмеді. Себебі де түсініксіз. Жұ­мысымызда кідіріс болған емес. 60 мың тоннаға жуық көмір жет­кізілді. Қалған 33 мың тонна көмір­дің қаражаты алашақ күйінде тұр, – дей­ді «Майқұдық» ҚҚ «СҮ» ЖШС бұрын­ғы директоры Светлана Божиева.

Айта кетейік, «Майқұдық ҚҚ «СҮ» – былтыр өңір бойынша «Сенімді салық төлеуші» және «Се­нім­ді өндіруші» аталымдары бо­йынша үздік деп танылған компания.

Қысқасы, кәсіпорын ұжымы мемлекеттің бұл жағдайға шұғыл аралас­қанын өтінеді. Үкімет отан­дық өндіріс орындарын қолдайды деген үміт бар. Әлде «Арселорға» Үкіметтің әмірі жүрмей ме?

Біз өз кезегімізде осы жағдайға байланысты «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының баспа­сөз қызметіне сұрау салғанбыз, әдет­тегідей жауап кешігіп жатыр...

 

Қарағанды облысы