Білім саласындағы жүйелі жұмыстың нәтижесінде өңір оқушылары биыл айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Нақтырақ айтсақ, жамбылдық жеткіншектер халықаралық, республикалық олимпиадалар мен ғылыми жарыстарда 343 медаль жеңіп алды. Сондай-ақ республикалық ғылыми жобалар жарысында өңір командасы он төртінші жыл қатарынан «Ең үздік команда» атанды.
Жалпы алғанда өңірдің білім саласындағы жетістігі жыл өткен сайын артып келеді. Бұл әлбетте, педагог мамандардың табанды еңбегінің, жанкештілігінің арқасында мүмкін болып отыр.
– Облыстың білім беру саласы сан түрлі бағыт бойынша өркендей түскені рас. Бұл жыл сайынғы қаржыландырудың артуымен байланысты екені даусыз. Өңірдің ағарту саласын дамытуға жергілікті атқарушы билік қай кезде де мүдделі. Қолға алынған нақты жұмыстың нәтижесінде түрлі санат бойынша көрсеткіш те жақсара түсті. Білім саласында өзіне тән ерекшеліктермен мойындалған бірнеше халықаралық жоба бар екені белгілі. Біз солардың сараптамасына ден қоямыз. Сарапшылардың пікіріне сүйенсек, TIMSS, PISA, PIRLS, ICILS халықаралық зерттеу ұйымдарының тәуелсіз бағалау жүйесі қай кезде де маңызға ие. Тиісті деңгейде жүргізілген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, өңір оқушыларының республикалық деңгейдегі көрсеткіші айтарлықтай жоғарылаған. Өңірде оқу үрдістерін өркендету, оқыту сапасын ілгерілету үшін консультативтік-кеңесші орган саналатын директорлар кеңесі, «Ұлағат» педагогтер қауымдастығы құрылған. Оқу-ағарту министрлігі тарапынан білім басқармалары қызметіне жүргізілген кешенді мониторинг нәтижесінде өңірдегі оқу-әдістемелік орталықтың іс-тәжірибесі республика бойынша таратылды. Бұл өңір ұстаздарының шығармашылық әлеуеті арта түскенін аңғартып отыр. Бір сөзбен айтқанда, облыстың білім саласын өркендету үшін барлық мүмкіндік қарастырылған, – дейді өңір басшысы Нұржан Нұржігітов.
Облыстық білім басқармасының басшысы Мейірхан Өмірбектің айтуынша, былтырмен салыстырғанда оқушылардың ҰБТ-да көрсеткен нәтижесі биыл айтарлықтай жақсарған. Мәселен, өткен жылы 100-ден жоғары ұпай жинаған өңір оқушыларының саны 1 218 болса, биыл 1 587 оқушыға жетті. Сондай-ақ 305 түлек «Алтын белгі» иегері атанса, 852 түлек мектепті үздік аттестатпен аяқтаған. Қысқасы, оқушылардың ҰБТ-дағы көрсеткішіне қарап-ақ білім сапасының жоғарылай түскенін аңғару қиын емес.
– Өңірде білім сапасының жоғарылауы педагогтің кәсіби біліктілігіне байланысты екені сөзсіз. Сол тұрғыдан алып қарағанда, ұстаздар үздіксіз ізденіс арқылы ғана толайым табысқа қол жеткізетініне күмән жоқ. Жұмысына жауапкершілікпен қарап, көңіл көншітерлік нәтиже көрсетіп жүрген әріптестеріміз де аз емес. Олардың жанкешті еңбегі өзгелерге үлгі болса дейміз. Биыл академик Асқар Жұмаділдаев және IMPACT ашық шығармашылық байқауларында математика, физика және информатика пәндерінен сабақ беретін 25 педагог жеңімпаз атанып, командалық есепте республикада II орынды иеленді. Бұдан бөлек, республикалық төрт байқауда 14 ұстаз жеңімпаз атанса, халықаралық олимпиада мен байқауда 9 ұстаз жүлделі орынға ие болды. Аталған жетістіктер облыс мұғалімдерінің шығармашылық әлеуетінің жоғары екенін айқындап тұрса керек. Білім беру балабақша табалдырығынан басталады десек, облыста 573 мектепке дейінгі білім беру ұйымында 60 мыңнан аса бала тәрбиеленіп жатыр. Мектепке дейінгі ұйымдармен қамту үлесін арттыру мақсатында өткен жылы 2 270 орындық 20 жекеменшік балабақша ашылса, биыл жыл соңына дейін 1 937 орындық 17 жекеменшік балабақша ашу көзделіп отыр. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Атқарылған жұмыс нәтижесінде 3-6 жастағы балаларды қамту үлесі 100 пайызды, 2-6 жас арасындағы балаларды қамту үлесі 94,2 пайызды құрайды, – дейді М.Өмірбек.
Дерекке көз жүгіртсек, бүгінде өңірде 25 білім нысанының құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін 9 білім ордасы мен 5 мектептің жапсарлас құрылысы аяқталып, пайдалануға берілмек. Сондай-ақ 11 нысанның құрылысы 2024 жылы да жалғасады. Н.Нұржігітовтің айтуынша, алдағы уақытта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылатын жұмысқа басымдық беріледі.
– Білім саласындағы инфрақұрылымды жетілдіру мақсатында тиісті жұмыс атқарылып жатыр. Осы жылы өңірде 25 білім нысанының құрылысы жүргізілу үстінде. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында қолға алынатын жұмыс аз емес. Айталық, өңірде 12 мектептің жетеуінің құрылысы биыл, қалған бесеуінің құрылыс жұмысы келесі жылы басталады. Білім саласына қарасты тозығы жеткен нысандарды жөндеу жұмыстары да назарымыздан тыс қалған емес. 4,4 млрд теңгеге 17 білім беру нысанын күрделі жөндеуден өткізіп жатырмыз, – деп нақтылады облыс әкімі.
Н.Нұржігітов келтірген деректерге сенсек, өңір мектептерінде интернет жылдамдығын арттыру мақсатында да ауқымды жұмыс жүргізілген. Қысқасы, интернет сапасын жақсарту мақсатында 61 млн теңге қаражат қарастырылған. Байланыс операторларымен бірлесіп атқарған жұмыстың нәтижесінде 28 білім ошағында интернет жылдамдығы жақсарған.
Өңірдің білім саласына айрықша назар аударылып отыр. Салаға бөлінетін қаржы да жыл өткен сайын артып келеді. Мәселен, осы жылы білім саласына 284,8 млрд теңге қарастырылған. Бұл өңір бюджетінің 50 пайызынан жоғары.
Жамбыл облысы