• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тұлға 01 Қыркүйек, 2023

Ер

308 рет
көрсетілді

Ойға сыятын сөз болады. Бойға сыятын сөз болады. Ойға сыйған сөздің бәрі бойға сыя бермейді. Сөздің сұлтаны – ойға да, бойға да сыятын сөз.Интернет иірімдеріне бір батып, бір шығып, ілік-деректі індете жүріп, мынандай жолдарды жолықтырдық. «Көргені көп болған соң көшелі сөз айтатын...» деп басталыпты бір сұхбат. Сол сұхбат беруші басқа бір тұста «Ақылымның асқанынан емес, көргенімнің көптігінен айтамын» депті. «Көргені көпке» көнерсіз-ау, ал «көргенімнің көптігіне» не дер едіңіз? Сәл тосылып қаларсыз. Ал біз тосылмаймыз. Неге? Негесі сол, бұл сөздің оны айтқан адамның ойына да, бойына да бірдей сыятынын бір кісідей білеміз. Осы азаматпен – халқымыздың ардақты перзенті, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Бақтықожа Ізмұхамбетовпен кем қойғанда жиырма жылдан бері жақын араласып-құраласып, сыйласып, сырласып келеміз. Енді, міне, өмірінің жетпіс бес деген биік белесіне шыққан тұсында аз-кем жылы сөзімізді арнауға бекініп те отырмыз.

Аманат

Бақтықожа зиялы ортада өсті. Әке­сі Салахатдин әдебиет пәні­нің мұғалімі, ал әкесінің інісі Кәме­леддин журналист болған кісі­лер. Анасы Әсима – аты кеңінен жайылған дәулескер күйші. Батыс Қа­зақстандағы күйшілік мектептің ай­тулы өкілдерінің бірі. 1960 жылы Ташкентте шыққан күйтабаққа Құр­манғазының «Көкала аты», Дина­ның «Қарт жігері», Мақаштың «Бай­жұмасы» Әсима апамыздың тар­туымен түскен. Сол күйлерді жаз­дыруға қозғау салып жүрген адам кәдімгі Нұрғисаның өзі көрі­не­ді. Бұл өскен ауылдың аты – Қо­ша­лақ. Қазақтың ғажайып ақыны Жұмекеннің анасын Алматыға ал­дырта алмай, шарасы таусылғанда «Туған жер деп, әттең-ай, туған жер деп кетпедің. Туған жерді сен­ жалғыз Қошалақ құм деп пе едің?!» деп шағынатыны бар еді ғой. Сол ауыл. Көрші үйдегі Жұме­кен­ді мұның анасы Әсима арқалап өсіріпті. «Аталған жас кезінде күйші келін, Арқалаған қазақтың Жұмекенін, Динаны көре қалған домбырашы, Анамның білсін дедім кім екенін» деп те келтірген кейін. Осындай ортадан шыққан Бақтықожа мектепте жүргенде-ақ өлең жазатын. Олары аудандық, облыстық газеттерде жарияланып тұратын. Біразы Алматыда да шық­қан. Жұмыр жолдары, шымыр шумақтары табылатын.

Мектепті күміс медальмен бітір­ген Бақтықожа 1966 жылы Уфа­да­ғы мұнай институтына түсе­ді. Бү­кіл елдегі мұнайшы дайын­дай­­тын төрт институттың ішінен Уфаны таңдауының да себебі бар. Атасы Ізмұхамбет сонда оқы­ған. Әкесі Салахатдин соғыс кезін­де жараланып, сол қаладағы госпи­таль­да төрт ай жатып, жазылып шық­қан. Кейін ұлының атын Салауат қоятыны – бір әулеттің үш ұр­пағының жастық кешуі қалған қа­лаға, түркінің бас құртындай баш­құрттарға құрметінің белгісі.

Студенттік шақтың алғашқы жылында оның өмірінде ерекше із қал­дырған бір оқиға болады. Ол оқиға – қазақ әдебиетінің Баш­құрт­стандағы күндері. Студент Бақты­қожа Алматыдан келген қалам­герлердің жұртшылықпен кез­десуі­не қатысып қана қоймайды, атақ­ты ақын Мұстай Кәрім бастаған төралқаға тілдей қағазға тілегін жол­дап жүріп, балауса жырын да оқиды. «Сахнадан көңілім таудай болып шықты да, жүрегім алып-ұшып, бас­палдақпен төмен түсіп келе жа­тыр едім, қарсы алдымнан үстіне ки­гені қара костюм, ақ көйлек, ұзын мойын, өңі жүдеу, шалбары қысқа, балағы тар (халықтың арасын­да «стиляга» аталып кеткен тар шал­бар кию сән еді) жігіт ағасы ұшыраса кетті», деп жазды кейін Бақ­тықожа «Ақын аға аманаты» аталатын естелігінде. Ол адам кім еді дейсіз ғой? Отызында оттай жа­нып, ортамызды опырайтып кете барған Төлеген Айбергенов! Бұдан қайда оқитынын сұрайды. Сонда ол жаңа ғана мінберден түскен студент­ке не айтты дейсіз ғой? «Тех­ни­калық оқу орнында оқып жүр­мін деп өлең жазуды тастама. Өлең жаз­ған адамның жаны нәзік бола­ды, жаны нәзік адамның ары таза болады», дейді. Бұл сөзді Бақты­қо­жа аманаттай қабылдады. Жанын нәзік ұстауды, арын таза кү­туді өмірі­нің қастерлі қағидаты етті. Қай белестен де ер қалпын, өр қал­пын, сері салтын сақтап өтті.

 

Йемен

Жастайынан қиындықты көп көрді. Уфадағы оқуды аяқтап, мұнайшылық кәсіпке жаңа кірісе бер­генінде, «Казнефтегазразведка» деген мекемеде қызмет етіп жүр­ге­нін­де алдымен аурудан әке кетті. Әкенің қырқын берер-берместен перзент қайғысының құсасынан ата кетті. Он баланың үлкені еді. Бір інісі, сегіз қарындасы бар. Енді салмақ түгелдей өзінің иығы­на түсті. Жұмысты 1971 жылы бұр­ғышының көмекшісінен баста­ған Бақтықожа мұнайшылық кәсіп­тің барлық сатысынан түгел өтіп шықты. Бұрғышы да, аға ин­же­нер де, отряд бастығы да, бас тех­но­лог та, экспедиция бастығы да болды, кәсіби маман басып кө­руге тиісті баспалдақтың бірін де қалдырмады тіпті. Еңбегі жанды. Атағы алысқа кетті, жақсы аты Мәс­­кеуге де жетті. 1983 жылы Одақ­тағы білікті мұнайшылардың бірі ре­тінде Кеңес мұнай барлау экс­­пе­дициясының аға инженері лауа­­зы­мы­мен Йеменге жіберілді. Таяу Шығысқа аттандырылған 360 адам­ның ішіндегі жалғыз қазақ­стандық Бақтықожа екені-ақ біраз жайдан хабардар етеді, ал оған сол іріктелген топтың ішіндегі 286 ком­мунистің басын біріктірген партия ұйымының хатшысы мін­деті қоса жүктелгені отыздың бе­сеуіне жаңа жеткен азаматтың қан­дайлық абырой арқалағанын анық аңғартады. «Кезінде біз Йемен мұнай кен орнын ашқанбыз» – осы бір сөйлемнің ар жағында өзі қара сөзбен «Шағыл құмның бұр­қыраған дауылы, жылдың төрт мезгілі бойына ми қайнатар, жан шыдатпас аптап ыстығы, аң­қаң­ды кептіретін шөл даласы» деп келтіретін, сара сөзбен «Елу күн құм тұманы хамсин деген, Шка­ла алпыс болып көлеңкеде, Бет күйетін лебінен қарсы келген, Он екі ай жаз тұрады шөл өлкеде» деп суреттейтін иен Йеменнің ен да­ласындағы төрт жылға тақау тозақы тірліктің тыныс тарылтар табы тұр. Хамсин – арабша «елу» деген сөз. Бес дастаннан құралатын кітапты «хамса» дейді ғой. Хамсин – Африканың теріскей бетінде, Таяу Шығыс елдерінде қырық градустан асқан ыстықта... елу күн бойы тын­бай соғатын құм дауылының аты... Бақтықожа соған шыдас берген. Сондай сұрапыл сын сағатта сүйікті жарының жанына жалау болып осы Ырыс жеңгеміз жүрген. 1986 жылдың басында Аденде азамат соғысы басталып, айналасы тоғыз күн­нің ішінде 13 мыңдай адам қаза тапқанда, сөйтіп, шетелдіктер өмі­ріне де қауіп төнгенде Йемендегі кеңес елшілігінің консулы Болат­хан Тайжан мен мұнайшылар қала­шығы­ның коменданты Ырыс Тұр­ғарина абдырамай, аспай-саспай, біздің мамандарды бір түннің ішінде эвакуациялауды ұйымдастыра ал­ған. Өзімен мектепте бірге оқыған, «Бір күні кетсе болып жаным пида, Жалғызымсың, жарымсың бұл пә­нида. О дүниеде жүрермін сені күтіп, кластасым, ғашығым Тұр­ғарина» деп, фамилиясына дейін жырға қосатын асыл Ырыс – Бақ­тықожаның бағы да, ырысы да. Музасы да.

Дегенмен, Йемен елінде Бақты­қожа Ізмұхамбетов бастан кеш­кен басты сынақ бұдан басқа еді. «Йемендегі ең үлкен істеген ісім, мақтаныш тұтып жүретін әрекетім 1986 жылы Желтоқсан оқиғасы кезінде болды», дейді өзі. Айтса айтатындай-ақ, мақтаныш етсе мақтаныш ететіндей-ақ іс еді онысы. Ықшамдап жазсақ, былай.

Алматының орталық алаңында ақ қарға алау жаққан орасан оқи­ғаның дабысы әлемге тарап кеті­сі­мен-ақ кеңестік мұнайшылар экс­педициясының бастығы Александр Михайлович Рябых парторгты, яғни Бақтықожа Салахатдинұлын шақырып алып, тез арада партия жиналысын өткізуді тапсырады. Мақсат – Қазақстан астанасындағы шектен шыққан жайсыз жағдайға баға беру. Қандай баға екені белгілі ғой. Бұл: «Жиналыс өткізбеймін», дейді. Бастығы: «Неге өткізбейсіз?», дейді. Бұл: «Мәселенің мәніне қанбай тұрып, істің жай-жапсарына көз жеткізбей тұрып, ондай жина­лыс өткізе алмаймын», дейді. Олай айтады – көнбейді, былай ай­тады – көнбейді. Амал жоқ, әңгі­ме жоғарыға жеткізіледі. Шатақ­ты шаруаға енді елшілік арала­сады. Бұл – істің шындап қиын­дағанының белгісі. Шетте жү­ріп, тәртіпті бұзғандар 24 сағат ішін­де елден шығарылуға тиісті. Пар­тиялық жолмен жазалану, өмір бой­ғы мансабыңды кесу өз алдына. Қайтуға ыңғайланып, заттарын жи­нас­тыра да бастайды. Елшілікке бар­ғанында сондағы лауазым иесі: «Партия жиналысын өткізуден бас тартып жатқаныңыз рас па?», дейді. Бұл: «Рас. Ол оқиғаның бұза­қылық әрекет екеніне сенімді емес­пін. Мен осы шарттағы жалғыз қа­зақпын. Мойныма ондай күнә арта алмаймын. Егер өзім сенімді болмасам, ондай жиналысты қалай өткіземін, өзімнің туған респуб­ликамды, өзімнің халқымды қа­лай сынаймын? Айып етпеңіз, мен өтірікке бармаймын», дейді. Одан әрі елшілік адамы не деді деп ойлайсыз? Орнынан тұрып, Бақтықожаға қолын береді де, «Егер осы мәселе тағы көтерілетін болса, сізді қорғамаймын. Бірақ сіздің принципіңіз бен адалдығыңыз маған ұнады. Осы беттен тайма­ңыз», дейді... Ақыры жиналыс шақы­рылмайды. Бақтықожа елде қала­ды, хатшылығы да сақталады. Айт­қан­дай, арада жылдар өткенде баяғы Александр Михайлович Мәскеуде Бақтықожамен жолыққанда жанын­да­ғы адамдарға «Сол кезде бұл ба­сын қатерге тігіп, жиналыс өткізбей, елі­нің, халқының намысын қорғап қалды» деген тұшымды әңгіме қоз­ғайды.

 

Имашев

Йемендегі төрт жылға созылған жанкешті жұмыс Бақтықожаның үлкен өмір мектебіне, кәсіби шың­далудың биік баспалдағына айнал­ды. «Сол жерде жақсы қызмет ат­қар­ғаным үшін кеңес одағы елші­лігінің «Алтын кітабына» үшін­ші болып, менің де аты-жөнім кірген еді», дейді өзі. Шарт мерзі­мі біткенде бұларға Мәскеу­ден үш бөлмелі жайлы пәтер де бе­рілетін болды. Алайда, заман ты­нысын дәл аңғарған азамат елге оралуды орынды көрді. Онысы дұрыс шықты. Жас мемлекетке Бақ­тықожадай білікті мамандар ауа­дай қажет еді. Тәуелсіздік таңы атысымен-ақ институт бітіргеннен кейін табандатқан жиырма жыл бойы өндірістің қиыр-шиырын кө­ріп, мұнайдың қыр-сырын әбден мең­герген маманның тасы өрге домалай бастады. 1991 жылы Гео­ло­гия және жер қойнауын қорғау ми­нистрлігінің Мұнай және газ басқармасының бастығы қызметіне ша­қырылғанда да, 1993 жылы алғаш құрылған «Қазақтүрікмұнайдың» бас директорлығына бекітілгенде де, кейіннен «Қазмұнайгаздың» сан түрлі басшылық қызметінде болғанда да, 2003 жылы Энергетика және минералды ресурстар бірінші вице-министрі, 2006 жылы министрі лауазымына тағайындалғанда да жанын сала жұмыс істеді. Бақ­ты­қожа Ізмұхамбетовтің ол жыл­дар­дағы тындырған тірлігінде қан­ша өрнектеп жазса да жететіндей өрелі өнеге баршылық. Газет мақа­ла­сында олардың арасынан кейбір қа­дау-қадауына ғана қадалуға мүм­кіндік бар. Солардың бірі – Имашев кен орнының хикаясы.

2004 жыл. Б.Ізмұхамбетов ол кезде министрдің бірінші орын­ба­сары. Премьер-министр шақырып алып, тапсырма береді. Айтатыны: Ресеймен шекара белгілеу бары­сын­да Имашев кен орны таласқа түсіп тұр, соны реттеуге араласу керек. Бұл Қазақстан тарапының сол мәселе жөніндегі жұмыс тобы­на қосылады. Имашев газ кон­денсаты – трансшекаралық кен орны. Шекара шектесетін тұста­, Астраханнан 60 шақырым, Атыраудан 250 шақырым жерде. Ресей жағы Имашев кен орны Астрахань газ конденсатының жал­ғасы, мұнайының да, газының құрамы да, басқа көрсеткіштері де біздегіге сәйкес келеді деп табан­дап тұр екен. «Біздің үлесіміз 25 пайыздан кем болмауы керек, 30 пайыз болса, тіпті жақсы», дей­ді премьер. Содан жұмыс баста­лып кетеді. Әлі шекара толық бекі­тіл­меген кез. Алдымен Мәскеуде төрт күн бойы келіссөз жүреді. Нәтижесіз аяқталады. Ресей жағы маңайлатпай қояды. Айтатын басты уәжі – он тоғызыншы ғасырдың ба­сындағы карта, онда қазіргі кен орны­ның айналасында кілең орыс де­ревнялары көрсетілген. Бақ­тықо­жа ол жердегі алғашқы бар­лау жұмысын Каспий маңы бұрғы­лау экспедициясы жүргізгенін көл­денең тартады. Ресейліктер оған да қыңа қоймайды. Ырғасып-ыр­ға­сып, ақыры келіссөздің екінші раунды да нәтижесіз аяқталады. 2005 жыл да келеді. Ақпанның ба­сында келіссөздің үшінші раунды басталады. Бұл жолы Бақтықожа Із­мұхамбетов Имашев кен орнының қай елдің балансында екенінің басын ашып алуды сұрайды, екі елдің архивтерін көтеруді ұсы­нады, бір кен орнының екі елдің балансында қатар тұрмайтынын айтады. Мұнысы даудың соңына сақтаған басты «көзірі» болатын. Ресей жағының Имашев бұрынғы Қазақстанның балансында екенін растаудан басқа амалы қалмайды. «Біздің енді сөйлейтін сөзіміз де, қоятын сұрағымыз да жоқ. Бұл мәселе дұрыс шешілмесе, халық­аралық арбитражға жүгі­неміз», дейді сонда Бақтықожа Са­лахатдинұлы. Ресей жағы тайм-аут сұрайды... Үзілістен кейін өз­дері де, сөздері де өзгеріп шыға келеді – кен орны өнімінің 40 пайы­зы Қазақстанға, 60 пайызы Ресейге тиесілі болсын деген ұсы­ныс айтады. Біздің тарап бұған келіс­пейді. Енді Қазақстанға 49 пайыз, Ресейге 51 пайыз тисін делі­неді. Бұған да келісім берілмей­ді. Ақыр аяғында кен орнын тең (50:50) бөлуге уағда жасалады. Даулы жердің шекара сызығы да кен орнының дәл ортасындағы №1 ұңғының төбесі арқылы тар­тылады. О баста әрі десе 30 пайыз­ға қол жеткізуді межелеп барған қазақстандық тарап үшін бұл та­ма­ша табыс еді. «Ол кен орнының 130 миллиард текшеметр газы, 70 мил­лион тонна мұнайы бар, ал оның құрамындағы күкіртті сутек 20 пайызға жетеді. Оны өңдеу үшін арнайы зауыт қажет. Бізге ең тиім­дісі осы мақсат үшін Астрахань зауытын пайдалану болатын», дейді Бақтықожа Салахатдинұлы. Бұл сөздің мәнісін түсіну үшін тәуелсіздіктің 32 жылында біздің бірде-бір жаңа мұнай өңдеу зауытын сала алмағанымызды еске салудың өзі жетіп жатыр...

Министр кезінде Ресей Газпромы­ның бастығы Алексей Мил­лер­мен айтысып-тартысып жү­ріп, Қазақстан газының текше метрі­нің сатылу бағасын әуелдегі 65 АҚШ долларынан 145 долларға көтергенінен еліміз қаншалықты пайдаға кенелгенін өзіңіз шамалай беріңіз. Жалпы, газдың сатылу бағасын көтеруін көтергенмен, Б.Ізмұхамбетов түптің түбінде газ экспортын бірте-бірте азайтуды жақтап отырған. Оңтүстік өңірлерді газдандыру бастамасын көтеріп қана қоймай, соның нақты да тиімді жолын әу баста ел басшылығына ұсынған Бақтықожа Салахатдинұлы болатын. Ол кезде көршілерден келетін газдың қыс түсісімен үздік-создық жетуі кәдуілгі жайға айналып бара жатқан еді. Министр «Орта Азия – Орталық», «Бұхара-Орал» газ құбырларының арасын қосу арқылы елдің оңтүстігіне (Қы­зылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы, Талдықорған) газ құбырын тарту идеясын ұсынды. Қосымша газды Қарашығанақтың есебінен толтырайық, Теңіз жобасын игеру­ді тездетіп, отандық газ көлемін көбейтейік деді. Идея айтылуын ай­тылғанмен, оның жүзеге асуы та­лай жылға созылды, әр үкімет­тің тұсында неше түрлі жаяу көк­пар­дың тартқылауына да түсті, ел­дің қаржылық мүмкіндігі де келе қой­мады. Әйткенмен, түптің түбін­де үлкен жобалардың газы оңтүс­тік­ке бет алды. Ақыр аяғында, міне, «Сарыарқа» құбыры төселіп, Қы­зылорда жақтан тартылған газ жа­қында Астанаға жетіп отыр. Қа­ланың шеткі жақтарына қазірдің өзін­де газ келіп қалды. Осының бәрі­нің арғы түбінде кезінде ортаға са­лынған өміршең ойдың сілемі жатыр.

 

Әкім

Бақтықожа Ізмұхамбетов Батыс Қа­зақстан, Атырау облыстары­ның әкімі қызметтерін атқарған тұста өңір жұртшылығы аймақты бұрынғы энергетика және минерал­дық ресурстар министрі басқар­ға­нының пайдасын көрудей-ақ көрді. Штаб-пәтері Лондонда ор­на­ласқан Қарашығанақ мұнай-газ конденсаты кен орнын иге­ре­­тін шетелдік компаниялар альянсы­ның біріккен басқару ко­ми­те­тінің мүшесі болу арқылы-ақ ол өзі басқарған облыстарға ора­сан олжа сала алды. Жаңағы ко­ми­тетте мүшелер арасынан бір адам қарсылық білдірсе-ақ, кез кел­ген шешім қабылданбай қала береді екен. Сол мүмкіндікті әкім қалт жібермей отырған. Қазақ же­рінің қазынасынан қыруар пайда тауып жүргендердің қазақ еліне қамқорлықпен қарауына, қомақты қарайласуына қол жеткізген. Бір сұхбатында «Жаңа жылдың алдында Лондонға барып қайттым, сонда биыл біздің облысқа ойластырылған 10 миллион доллардың орнына 20 миллион доллар беретін болып уағдаласудың сәті түсті. Оның 10 мил­лионы Ақсай қаласының әлеу­мет­тік нысандарын салуға жұм­са­лады, ал қалған 10 миллион дол­лар­ды облыстың оңтүстіктегі аудан­дарын газдандыруға сала­мыз», дейді. Қосымша 10 миллион доллар! Бұл – 2008 жылғы әңгі­месі. Ал енді 2010 жылғы әңгі­ме­сіне қараңыз: «Сол кезде Батыс Қазақстан облысының елді ме­кендерінің газдандырылу деңгейі небәрі 27 пайыз еді. Ал қазір бұл көрсеткіш 70 пайыздан асып кетті. Газдандыруға 14 миллиард теңгедей қаржы жұмсалды, рес­публикалық бюджеттен біз соның бір миллиард теңгесін ғана алдық»... Сонда бас-аяғы үш жылдың ішінде бюджеттен тыс көздерден тек осы бір саланың өзіне қосымша 13 мил­лиард теңге тапқан болып тұр ғой! Жалпы, Б.Ізмұхамбетов Батыс Қа­зақстан облысын басқарған төрт жарым жылдың ішінде өңірде 1200 шақырымға газ құбыры тартылған, газбен қамту 90 пайыздан асқан екен. 2011 жылғы алапат су тасқы­нының зардабы сол күзге жетпей-ақ жойылды: ұзын саны 600 үй, мек­теп, балабақша салынды, 1200 үйге жөндеу жүргізілді. Атырауда да жалғасты мұндай игі істер. Облыс орталығынан 400 шақырым жердегі Азғыр полигоны маңындағы ауыл­дарға дейін газ жеткізілді. 170 ша­қы­рымдағы Индерге дейін тас жол төселді. Махамбетте көпір салынды. Басқа жақсы шаруалары да жетіп жатыр.

Ақын

«Бәкеңнің тамаша домбырашы, әсерлі гитарист, сезімтал ақын еке­нін біреу білсе, біреу біле бермес», деп жазады бір жинақтағы шағын алғы сөзінде Қуаныш Сұлтанов. Біз білеміз. Домбырашылығына, ги­таристігіне тоқталып жататын жағдай жоқ, тек ақындығына аздап аялдайық.

Сөз басында Төлеген ақынның аманатын ауызға алып едік қой. Иә, Бақтықожа ақын болу міндет еместігін, ал азамат болу парыз еке­нін ерте ұғынды. Жанын, арын сақ­тады. Таза жүрді, таза тұрды. Бар ойлағаны артылған сенімді ақтау, қолдан келгенінше адамға жақ­сылық жасау болды. Бірақ бәрі­бір жыр жазбай тұра алмады. Ауыл­ға барып, түнге қарай тым-тырыс тылсымның құшағына енсе, көз алдындағы көрініске қа­рап отырып, «Күн кешкіріп, түн ора­лып қайтадан, Дүние тыныш, мен де, міне, жай табам. Тек аналар біт­пей ісі жүр әлі, Бірі ас үйде, бірі бесік шайқаған» деген сияқты шу­мақтарды қағазға түсіре салатын. Өзен жағасында айдынды ағысқа сүйсіне тұрып, «Ақ Жайық, арна Жайық, ару Жайық, Жүздірген Сарайшықта алтын қайық» деген жұмыр жолдар ойына келе қалатын, блокнотын ашып, қолына қалам алатын: «Желкілдейді жағада жасыл желек, көк тоғай, Жымың қағып жұл­дыздар, жарқырайды көктегі ай. Ақ айдынын жел сүйіп, толқын ойнап бетінде, Ағады Жайық тоқтамай».

Кейінгі жылдары Бақтықожа өлеңді өндірте жаза бастады. Бірне­ше жинағы жарық көрді. Бақтықожа жырларына Ілия Жақанов, Елена Әбді­халықова, Заттыбек Көп­босынұлы жазған әдемі әндер сах­нада, экранда, эфирде орындалып, көп көңілінен шығып жүр. Әншінің төресіндей Жұбаныш бауырымызға қосылып, дастарқан басында «Достар-ау, достар, күй-көмей, Күн­дер де зулар күймедей. Үзіліп түс­кен түймедей, Жүрсеңдер екен си­ремей» деп үздігіп жатамыз.

2020 жылдың соңында Астана­дағы Ұлттық академиялық кітап­ханада Бақтықожа Ізмұхамбетовтің «Қоршаса ойлар...» атты екінші жинағының тұсаукесері өткізілген. Сонда былай деген екенбіз: «Бұл кісі қай істің соңына түссе, сол істің шыңына шығып отырған. Мұнайшы ретінде де биікке жетті. Министр болды. Мемлекеттік қызметкер ретінде де биікке жетті. Әкім болды. Облыстарды басқарды. Депутат ретінде де биікке жетті. Мәжіліс төрағасы болды. Оны айтасыз, тіпті ардагер ретінде де биікке жетіп, Қазақстандағы барша ардагердің жетекшісі болып отыр. Қай салаға салса да Бақтықожа Салахатдинұлы қолға алған ісін жеріне жеткізбей тынбайды. Міне, өлеңді біраз жыл тұмшалап ұстап, өзі айтқандай, жас буын жырлары жастықта тұншығып келіп, енді қайтадан шындап қолға алып жатыр. Әлі-ақ Бақтықожаның өлең әлемі әдемі қалыптасады деп ойлаймын». Сол айтқанымыз келе де бастағандай. Жан досы Мереке Құлкенов қыздың жиған жүгіндей етіп, бірінен бірін өткізіп, бастырып беріп жүрген өлең кітаптарына қазақ жырының Темірхан Медет­бек, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып сынды талғампаз да талап­шыл таланттары айшықты алғы сөз жазып, шығармашылығын жоғары бағалап жүр.

Қазақта азаматқа берілетін баға­ның түрі аз емес. Соның бірі – Ер деген сөз. Тағдырдың тауқыметін ерте тартса да, ғұмыр бойы білім-бі­лігімен, ерік-жігерімен, қайрат-қа­білетімен бір биіктен бір биікке өрлеумен жүрген, қай кезде де кі­сілік қасиетімен, мәрт мінезімен жар­қылдап көрінген, қай жерде де тек ірі ісін көрсетіп, қай шаруада да тек ізгі ізін қалдырып келе жат­қан Бақтықожа бауырымыз Ер деп ерек­ше атауға әбден лайықты тұлға. Оның өмірі – елге еңбек етудің, ел­дік­ке қызмет жасаудың үйренерлік үлгісі.

Бұл айтқанымызға тағы бір тия­­нақ керек пе? Мінекиіңіз. Бақ­ты­қожа Ізмұхамбетов – 2015-2023 жылдар аралығында жарық көр­ген «Қазақстандық қаһарман майдангерлер» атты кітаптар серия­сын шығарушы топтың жетекшісі. Бұл топтың жұмысы сонау 1995 жылдан бері жалғасып келе жатыр. Ал енді ол топтаманың қанша томнан тұратынын білгіңіз келе ме? Айтайық. 56 томнан тұрады. Е-лу ал-ты том!.. Солай.

 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ