Геосаяси ахуал құбылып тұрғанда Мемлекет басшысының қорғаныс өнеркәсібіне назар аударғаны жақсы болды. Жолдауда бұл мәселенің айтылуы бірден назарымды аударды. Қысқаша айтсақ, Президент қорғаныс өнеркәсібі кешенін жан-жақты нығайтуды тапсырды. Импортқа тәуелділікті азайтуға септігі тиетіндей етіп өнеркәсіпті локолизациялау да айтылды.
«Біздің армия жоғары технологиялы қару-жарақпен және әскери техникамен, соның ішінде бронды техникамен, ұшқышсыз ұшатын аппараттармен, заманауи атыс қаруларымен қамтамасыз етілуге тиіс», деді Президент. Техниканы жөндеу бағытын дамытуды да тапсырды.
Негізі қорғаныс өнеркәсібі кешені – ауқымды сала. Көп елде қорғаныс және азаматтық мақсатта өнім шығаратын компаниялар елдің индустриялануына әсер етеді. Тек жұмысты жүйелі ұйымдастыру керек. Менің білуімше елімізде әскери және азаматтық салаға қажет өнім шығаратын 40-тан аса кәсіпорын бар. Олардың 31-і тікелей қорғаныс саласына керек дүниелерді жасайды. Жуырда тағы да бірнеше кәсіпорын құрылуы мүмкін. Мәселен, әскерилер сынақтан өткізіп жатқан «AnkaS» дронын құрастыратын өнеркәсіп ашылуға тиіс. Дрондарды армия келесі жылдың көктеміне дейін сынайды. Зауыт содан соң салынатын шығар.
Петропавлда израильдіктердің технологиясы бойынша «Тарлан» дейтін дүркіндетіп ататын қондырғы жасалып жатыр. «Қазақстан инжинирингтің» өзіме ұнайтын біраз кәсіпорыны бар. Мәселен, «Kazakhstan Aselsan Engineering» дрондарға қарсы қолданатын «Антидрон» радиоэлектронды күрес техникасын құрастырады. Біздің «Зенит» Орал зауыты» мен Түркияның «Asfat» компаниясы әскери кемелерді бірлесе жасауға келіскен. Француздармен бірлесіп радар құрастырып жүрміз. Қытайлармен де байланыс орнатудамыз. Әскери техникаларды жетілдіруде теріскейге ғана қарап отырған жоқпыз. Қысқасы, бүгінге дейін қорғаныс өнеркәсібінде азды-көпті табысымыз бар. Енді сол табысты ұлғайту қажет. Президент тапсырды, Үкімет орындауға тиіс.
Негізі қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қатысты түрлі ұсыныс айтуға болады. Өз басым Үкімет ең алдымен бронды техника жасауға ниеттенген кәсіпорындарға «STANAG 4568» стандарттарына сай болу талабын қойғаны жөн деген пікірдемін. «Бронды көлік жасадың ба, «STANAG 4568» стандартына сай екенін дәлелдейтін сертификат ұсынатын орталықтарда сынақтан өткізуге міндеттісің, содан соң біздің әскерилер сынайды», дейтін талап болса деген тілек бар. Бұл – халықаралық стандарт. НАТО-ның стандарты. Өнеркәсіпті локализациялау кезінде нақты талап та қойылғаны жөн. Құрастыру жұмыстарынан бастап, екінші, үшінші деңгейлі локализация талабы орындалса, Президент берген тапсырма өз нәтижесін береді.
Қысқасы, қорғаныс өнеркәсібі кешенін дамыту Үкімет міндеттерінің біріне айналайын деп тұр. Бұйыртса, бұл саладағы жетістіктер мен атқарылып жатқан істерді ұдайы бақылап отырамыз.
Амангелді ҚҰРМЕТҰЛЫ,
«Айқын» газетінің
бас редакторы