Бүгінгі ұлт баласы – ертеңгі жұрт кісісі. Соған жеткізу жолында бізге жүктелер жүк – «...көз-құлақ болу, жақсылықты көркейту, жауыздықты жоғалту, үлгілі зат қайда бар, соған қарай сілтеу, надандықтан құтқару, өнер-білімге телу, күштілердің зорлығынан қорғап, елдің қолын теңдікке жеткізу, қазақ халқының бақытты, баянды болуына баянды қызмет ету» (Міржақып Дулатұлы, 1917 жыл).
Ұлт зиялылары бұл міндетті өздеріне төнген қатерге бас тіге жүріп, жолда қалдырмай, қара басы үшін бұлтаққа салмай адал атқарды. Алаш рухты азаматтар қазір де бар. Тек түсінсек, түйсінсек болғаны. Несін бүгейік, олардың кейбірі қалтарыста қала береді. Бүгін бар, ертең жоқ пысықайлар, олардың алдын кесіп, мақсатына жетіп, артынан қонжиса Майлиннің Ыбырайы бола қалатынын көріп жүрміз.
Мансап пен атаққа құл болмай, қарапайым жүріс-тұрысымен нағыз ғылымға «құл» болған, сонысымен әлемге танылған санаулылардың бірегейі – ғұлама математик Мұхтарбай Өтелбаев. Ол кісінің ой-санасында ғылымнан бұрын ұлты мен тіліне тек адалдық танытатынын: «Маған бірінші кезекте, қазақтың қазақ болғаны керек. Менің ғалымдығым да, профессорлығым да қазақтығымнан садаға. Алдымен қазақпын, мұсылманмын, содан кейін ғана ғалыммын. Мен үшін ғалымдығымнан бұрын ата-дәстүрім маңызды. Ата-бабам аруағын сыйламасам, мыңдаған жыл өмір сүрген ана тілімде сөйлемесем, ата салтымды сақтамасам, мен ешкім емеспін!» деген байламынан аңғарып, санаңа бір нәзік сәуле түседі. Шын академиктің бұл сөзі Алаштың идеясымен ұштасып жатқанына кім күмән келтіре алады.
Қолда барды бағалап, қадіріне жету де бір ғанибетті іс қой. Әсіресе дара дарынды талабы зор, таланты мол ұрпақпен табыстыру да жақсылықтың нышаны деп білеміз. Соның бір әдемі үлгісін «қазақ Артегі» аталып кеткен республикалық «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығының Қонаев қаласы жанындағы бөлімшесі көрсетті. Алғаш рет еліміздің барлық өңірінен келіп демалып жатқан жүздеген оқушыны әлемдік деңгейдегі математик Мұхтарбай Өтелбаевпен дидарластырып, пікір алмасу өткізді. Математикаға жүйрік ұл мен қыз академиктің еңбектері туралы айтқанда, әсіресе «мыңжылдық проблема» аталатын күрделі жеті есептің бірін шешу жайынан, Эйнштейн теориясына қатысты сұрақтар қойғанда ғалым қатты риза болып, «Мен ылғи айтып жүретін қанатты сөзім бар. Ол «қазақ – тума талант, туа – математик» деп келеді, Бұл – қоспасыз ақиқат. Бастауыш сыныпта оқитын балалардың арасында төрт-бес математикаға жетіктер болады. Тек соларды танып білсек, тәрбиелесек мені он орайтын ғалым шығатынына иманым кәміл. Осылай ізденіп оқыңдар, қарақтарым! «Дүние де өзі, мал да өзі, Ғылымға көңіл бөлсеңіз» демей ме Абай дана, ал есептерді шешуге ұсынылғалы жүз жылға таяды. Мен оған қырық жыл өмірімді арнап келемін. Иә, есепті шешу бар да, оны жетер жеріне жеткізу бар. Қазір жеткізуге жұмыс істеп жатырмын. Бағалануы жақсы. Мен Эйнштейн теориясы модель ретінде қате емес, бірақ нағыз физиканы түсіндіре алмайды деймін. Бүгінде ол зерттеуімді философиялық тұрғыдан қарастырудамын. Мақсатым – әлем ғалымдарын толғандырған мәселелерге атсалысып, ұлтымның ақыл-парасаты ешкімнен кем емес екенін дәлелдеу. Ендігі үмітім сендерде!» деп еді ұмтылған ұрпаққа ақ батасын беріп.
Айтулы ғалыммен осы дидарласу біраз азаматқа ой салып, мұндай жүздесуді жүйелі өткізіп тұру жолы қарастырыла бастаған еді. Уақыт өте келе «Балдәурен» кешені бөлімшесінің бастамасымен «Академик Мұхтарбай Өтелбаевтың математикалық танымдық орталығы» бой көтеріп, таяуда ашылу рәсімі болды. Оған Алматы қаласының, Жетісу облысының мұғалімдері мен академик шәкірттері, белгілі ғалымдар қатысты. Жақсы бастаманы қолдап, жанашыр болуға әзір екендіктерін жеткізді. Салтанатты ашылу «Оқушыларды математикалық танымдық сауаттылыққа дайындау жолдары» тақырыбындағы семинар-кеңеске жалғасты.
Алғашқы сөзді алған кешен басшысы Жарқынай Қажымұханова жыл бойы жұмыс істейтін, еліміздің барлық аймағын қамтитын оқу-сауықтыру орталығы оқушыларды демалдырып, білім берумен қатар, ғылымға баулуды қатар жүргізіп келе жатқанын тілге тиек етті.
– Оқымысты атындағы орталық талапкерлерге тек математикадан ғана емес, өзге ғылым салаларын да қамти отырып, олардың танымдық сауаттылығын арттыруға жол ашады. Академикпен алғашқы кездесуіміз оқушылардың ерекше есінде қалды. Бір оқушының «Неге Мұхтарбай ата атында олимпиада жоқ?» деген төте сұрағы көп жайды аңғартқандай болды. Біз кейде балаға бала ғой деп қараймыз. Шынына келсек, сол балалардың арасында ертең Мұхтарбай ағадай жарқырап шығар даналардың жатқаны айдай анық қой. Әсіресе қаламен қатар, ауылдан келген ұл мен қыз ол кісінің әр әңгімесіне зейін қойып, түр тұлғасы қарапайым қазақтың ой-өрісіндегі ұшан-теңіз біліміне қызыққанына, болмасамда ұқсап бағайын деген ынта-ықыластарына куә болдық. Соны ескеріп толқын-толқын балғын буынға септігі тисін деп орталықты ашып отырмыз. Әр ауысымда ғылыми тақырыптар белгіленіп, сол бойынша жұмыс істеледі. Мұхтарбай аға шәкірттері, басқа да ғалымдар мектептің бағдарламасы аясында дәріс оқиды. Қорытынды жасаларда академик өзі қатысып, түйіндейтін болады. Мұндай үрдіске Отанымыздағы мектеп мұғалімдері де тартылып, семинарлар ұйымдастыратын боламыз. Ұстаздар арасында ғылымға ден қойғандардың пікір алмасуына да мүмкіндік жасалады, – деді Жарқынай Қажымұханова.
Профессор Б.Қошанов ұстазы туралы жан-жақты ой толғап, академиктің ғылыми еңбектерінің қай-қайсысы да әлем оқымыстыларының назарынан тыс қалмайтынына нақты дәйектер келтіріп, қатерлі ісікті емдеудің математикалық моделін жасағандарын, ол бойынша басқа ағзаларға зиянын тигізбей инемен, электрмагнитпен, лазер сәулесімен емдеу тәсілдерін ұсынып отырғандарын жеткізді. Ұрпақ үшін мұндай орталықтың ауадай қажеттігін алға тартты. Белгілі ғалымдар Д.Қайыңбаев, Қ.Шияпов ұлт мақтанышына айналған айтулының атындағы орталықтан алар тағылым аз болмайтынын еске салып, математикалық білім берудің жолдарына үңіліп, осындай орталық арқылы мектеппен байланысты күшейтуге болатынын алға тартты. Ал А.Әлімова, Ғ.Мырзабаев, Б.Нұрғали, Б.Керімбаева, Қ.Балашев, Б.Аманов және басқа да ұстаздар игі іске шын ниеттерін білдіріп, математика, геометрия оқулықтары бойынша жетістікпен қоса, бұл қалай деген тұстардың да кездесетініне нақты мысалдар келтіріп, алдымен қатаң сынақтан өткізіп барып қолымызға оқулықты ұстатса ұтылмас едік деген тілектерін ортаға салды. «Түрлі уәждерді көлденең тартпай, ортамызды толтырып отырған академик атында олимпиада ұйымдастырып, қолынан жастар жүлде алып жатса, олар үшін бұл естен кетпес сәт санасында сақталары ақиқат емес пе? Алыс-жақын шетелдік ғалымдар бұған тәнті болып, біз сыйлайтын «математика данышпанына» (В.Садовничий, Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры) жұрты керемет құрмет жасапты дері хақ. Бүкіл әлем мойындаған ғұламаның еңбектерін жинақтап шығарса, ертең әттең-ай деп қалмас үшін өмір жолын қамтыған деректі фильм түсіруді қолға алса, қане!», деді семинарға қатысушы ұстаздар мен ғалымдар.
Өнегесі үлгі болған Мұхтарбай Өтелбаев алғысын білдіріп, жас ұрпаққа күш-жігері жеткенше шарапат жасайтынын алға тартты. «Мен ұлт қадіріне жетуді Абайдан үйрендім, Алаш арыстары да қолға ұстаған туым болып келеді. Ұлт баласына оқулық жазудың үлгісін Алаш арыстары көрсетті емес пе? Бұл мәселе мені де ойландырады. Барды бағалап барып, секіріп кетпей, баспалдақпен өрлесек қой, шіркін. Иә, өркениетке ұмтылу керек. Тек ұлттық менталитетті алға оздыруды естен шығармасақ екен. Математика керек, соны біле тұрып, кейде мән бере бермейтініміз шындық. Керек десеңіз, дүниенің өзі математикалық заңдылыққа бағынышты. Маған көп азамат «еңбектеріңізді біреулер пайдаланып кетпес үшін қам жасауыңыз керек қой», дейді. Ол да жөн шығар. Бірақ адамзатқа, ұлтыма пайдалы іске жаратса, тарылып қайтем. Ақылдылар ардан аттамайды. Плагиат дей ме, қазақшасы ұры болар, олар түсінбей ала салады. Бір күндері масқарасы шығады. Ондай псевдоғалымдар бізде сирек. Шамасы шамалылар басқа салаға жылжып кетеді. Мына ниетке рахмет, бұл мен үшін емес, ұлт баласына жасалып жатқан іс деп білемін. Менің бар ойым, сол ұлт баласының азат елде бақытты болып, білім мен ғылымды терең меңгеріп, өркениет көшінде көш басында басқалармен иық тірестіріп тұрса екен деймін. Басқа айтарым жоқ», деді сөз соңында өнегесі өміршең Мұхтарбай Өтелбаев.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Egemen Qazaqstan»
газетінің ардагері