Ғылымды танып-білуде ережеден мысал пайдалырақ. Бұл – Ньютонның сөзі. Демек, сөзден іс озу керек. Ұлттық ғылым академиясы дәл осындай мақсатпен жас ғалымдардың басын қосты. Ондағы мақсат – жас ғалымдарды іске бастау. Әрі ғылымдағы мәселелерді билікке жеткізіп, екі араға көпір болу.
Жиынға ғылымды қарыштап дамытамын, серпіліс әкелемін деген жас ғалымдар жиналды. Ерекше бастамалар көтеріп, ғылым жұмысын жүргізудегі маңызды мәселелер туралы айшықты ойларын айтты. Жиында Академияның вице-президенті Асқар Жұмаділдаев: «Академияның 100 күндік есебін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсындым. Есепті тапсырарда «Құланның қасуына – мылтықтың басуы. Құланның қасуын мен де көрдім, сіз де көрдіңіз. Енді мылтықтың басылуы қалды», дедім. Ондағы ойым ғылым ісіндегі бастамаларды жүзеге асырып, іске көшетін сәт келді деу еді. Ал іске көшу үшін ғалымдардың басы қосылып, үні жарқын шығуы қажет. Осы жиын – қазақтың бірауыз сөзінің іс жүзіндегі көрінісі», деді.
Ғылыми ортаның халықаралық деңгейде танылуына ғалымдардың сүйекті жарияланымдарының саны, дәйексөзділігі, ғылыми ықпал индексі әсер ететіні анық. Кейінгі 5 жыл ішінде біздің ғалымдардың әрбір бесінші жарияланымы әлемдегі үздік журналдардың 25 пайызына енді. Бұл көрсеткіш – әлі де болса ғылыми ортаны алмас қылыштай қайрай түсуіміз керек екенінің дәлелі. Мемлекет басшысы бұл жөнінде «Мен бұл салаға ерекше мән беремін. Себебі білім, білім мәдениеті болмаса, Қазақстан әрі қарай дами алмайды. Таяу арада сіздер де ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың қатарын толықтырып, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосасыздар деп санаймын. Мен жастарға сенемін», деген болатын.
Astana IT University алаңында өткен алғашқы отырыста энергетика және машина жасау, ақпараттық, коммуникациялық және ғарыштық технологиялар, геология, минералды және көмірсутек шикізатын өндіру және қайта өңдеу, жаңа материалдар, технология, қауіпсіз бұйымдар мен конструкциялар, ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы зерттеулер тақырыбы зерделенді. Ал жиынның С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде өткен бөлігінде агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін, су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер дүниесін ұтымды пайдалану және экология, жаратылыстану ғылымы саласындағы ғылыми зерттеулердің әл-ауқаты талқыланды.
Ғылым академиясы құрылған уақыттан бастап жас ғалымдарға ерекше көңіл бөлініп келеді. Алдағы уақытта олардың ғылымды дамытуға қатысты ойлары тыңдалып, ғалымдардың тастай берік ордасы қаланбақ. Академияның басты міндетіне ғылымға жанашыр азаматтардың ортасын қалыптастыру қосылып отыр.
Асқар Жұмаділдаев «Әл-Хорезми «минусты плюске айналдыр» дейді. Мен оны былай жалғастырамын: жеңілісті жеңіске айналдыр. Қандай қараңғылық болса да, сәуленің ұшқынын көру керек», деп жас ғалымдарды ғылым сәулесін жағуға шақырды.
Елігімай ТӨҢКЕР,
журналист