• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Инфографика 07 Қыркүйек, 2023

Жұмыссыздық пен құлықсыздық

249 рет
көрсетілді

Қарағандыда еңбекке қабілетті 400 мыңға жуық жастың 6 мыңнан астамы – жұмыссыз. Бұл жұмыстың емес, еңбекке деген құлықтың жоқтығынан. Әйтпесе, кенді өлке – үлкен индустриялық аймақ. Зауытыңыз да, өнеркә­сібіңіз де өркен жайып тұр. Сәйкесінше, бос жұмыс орны да көп. Өкінішке қарай, жастар қолын майға былғап, маңдай терін төккісі келмейді.

Былтырғыны есепке алмағанның өзінде, биыл 147 млрд теңгеге 11 жаңа өндіріс іске қосылды. Яғни 2 мың­­нан аса жұмыс орны ашылды. Кә­сіп­­орынның көпшілігі жұмыскерге зәру. Ал жұмыссыз жастардың жағасы – жай­лауда. Сөз етер сылтаулары  «жұ­мыс жоқ», «таныс-тамыр керек», «та­за жұмыс керек» секілді тағысын тағы. Кейінгі уақытта шетел асып, жақ­сы жалақыға жұмыс істеп жатқан жан­дардың жарнамасы әлеуметтік желіде толып жүр. Интернеттегі алаяқ­тарға бұл да «мал табудың» тиімді те­тігі болып тұр. Жастардың көбі «құ­жат жасатамыз, билет аламыз» де­ген­дердің құрығына оңай түседі. Осы­дан келіп іш удай ашиды: отандық кәсіпорындардың жоғары жалақы ұсынған жұмысын қажет қылмайды, қара жұмыстан қашады.

Жастардың жалақысы жоғары жұмысқа сұранып, жанын қинамай, болып-толғысы келетінін жасырып қайтеміз. Бұған цифрлық көрсеткіштің де қажеті жоқ. Заңгер, экономист және осы секілді «таза» жұмысқа қызы­ғатындар көп.

«Әрине, аталған мамандықтар да керек. Оны мүлдем жоққа шыға­ра алмаймыз. Әйтсе де, бүгінде об­лы­сымызға жұмысшы мамандары ауа­­дай қажет екенін де ескерген жөн. Жұмысшы мамандықтардың жала­­қысы өзгелерден бірнеше есе артық. Кәсіпорындар өз қаражатына шетелде оқытып, маман даярлауға мүд­­делі. Оқыған-тоқығаны қажет деп қол қусырып отырған жоқ. Бұл маман­дығы жоқ жастар үшін де өте оңтай­лы», дейді облыстың Өнеркәсіп және ин­дустрия-инновациялық даму басқар­масының басшысы Дарын Бұлқайыр.

Тағы да айтып өтелік, аймағымызда 1,5 трлн теңгеге 55 ірі инвестициялық жоба пулы қалыптастырылған. Бұл – 13 мың жұмыс орны. Жалақы да тәп-тәуір. Жастарды өндірістегі жұмысқа тарту жөнінде небір іс-шараларды қолға алса да, қозғалыстың жоқтығын айтады Дарын Бейбітұлы.

«Қазір жастардың басым бөлігі, атап айтқанда, 50-60 пайызы өз ма­мандықтары бойынша жұмыс істе­мейді. Осылайша, жұмыссыз жас­тар саны артады. Біз өз тарапымыз­дан өңірдегі жұмыс орындары туралы ақпарат беріп отыруға тырыса­мыз. Оқу орындарымен және кәсіпорындармен меморандумға отырып, кездесулер өткіземіз. Одан бөлек, жастардың болашақта тұрақты жұмыс орындарында қалулары үшін нақты маман­дық­тарға мемлекеттік тапсырыс арқы­лы тегін оқуды ұйымдастырамыз. Ал оқу орнын бітіргендер шетелде тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін шыңдайды. Білікті маман қашанда сұранысқа ие», дейді Д.Бұлқайыр.

Қарағандыда автобустан бас­тап, тұр­мыстық техника, күнделікті қол­да­ныс­тағы ұсақ-түйектің түр-түрі шығады. Өңірімізден шыққан өнімге ір­гелес шетелдің сұранысы да жоғары. Саран қаласындағы «Kama TyresKZ» жауап­кершілігі шек­теу­лі серіктестігінде жеңіл көлік­тің дөң­гелегінен бастап, ауыл шаруа­шы­лы­ғының ауыр техникаларына арнал­ған шиналар да шығады. Мыңнан аса жұмыс орны бар кәсіпорынның жұмысы әлі толық қуатына ене қойған жоқ. Неге десеңіз, бұған да басты себеп – жұмыс күшінің кемдігі. Кәсіпорын басшылығы жұмыс­керлерін шетелде оқытып, тағылым­дамадан да өздері-ақ өткізіп отыр.

«Біз зауытта жұмыс істегісі келетін­дерді, әлбетте, өзге өңірлерден, болмаса, шетелден іздемейміз. Онымыз екі жаққа да тиімсіз. Бұл жағдайда зауытқа қосымша жатақхана салу керек болады. Сондықтан жұмысқа жергілікті тұрғындарды алуға тырысады. Бірақ әлі де зауытта жұмыс күші жеткіліксіз. Кәсіпорын жұмысының толық қуатына еніп, жоспарлы өнімді шығаруына да кедергі – жұмыс күшінің жетіспеушілігі», дейді Д.Бұлқайыр.

Бір ауысымда 4 авто­бус дайындап үлгеретін Saran индус­триялық аймағындағы «QazTehna» зауыты тағы бар. Бұл жерде кәдімгі автобустармен қатар, әлем мегаполистері ұстанған бағыт – электрмобильдер де шығады. Мұнда да еңбек етемін деген жасқа есік ашық.

Бұйырса биыл іске қосылатын тағы 11 жоба бар. Олар – тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics» ЖШС, жел қондырғыларына арналған конустық мұнара жасайтын «United Energy Qazaqstan» ЖШС, құрылыс материалдарын әзірлейтін «Saryopan Operating» ЖШС сияқты кәсіпорындар. Бұл жаңа кәсіпорындардан да жұмыс орны ашылады.

Осыдан келе еріксіз аймақтағы 6 мыңнан аса жас жұмыс таппай, «ай қарап жүр ме?» дейсіз...

Түркістан төрінде өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қа­сым-Жомарт Тоқаев: «Қазақтың ренес­санс дәуірі, яғни түбегейлі өзгеріс­тер заманы келеді. Біз, аға буын өкіл­дері, еңбекқорлық, іскерлік сия­қты құн­дылықтарды өзіміз үлгі етіп көрсе­ту ар­қылы дәріптеуіміз керек. Жас­тарымыз көп сөзге құмар, жағымпаз, жалқау, енжар, масыл болмауға тиіс. Оларды осын­дай теріс әдеттерден қа­шық бо­луға үйретуіміз керек», деген еді.

Жастардың жалқау, енжарлығы, шынымен, елдің ертеңіне сөзсіз әсері бар. Дегенмен Үкімет жұмыс­сыз­дардың «екі қолына бір күрек» тауып беріп отыр. Ал қара жұмыстан қашқан жастармен қашанғы күресе бермек?

 

Қарағанды облысы