• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 06 Қыркүйек, 2023

Татулық тұғыры

199 рет
көрсетілді

Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері бас қосып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділет­ті Қазақстанның экономикалық бағда­ры» атты Жолдауын жан-жақты талқы­лады. Басқосуда Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орын­ба­сары, хатшылық меңгерушісі Марат Әзілханов Президент Жолдауы қоғам­ды қайта құрудың жаңа кезеңі болға­нын, әр азаматтың әл-ауқатын жақсартуға шешуші қадам жасалғанын атап өтті.

«Жолдауда алға қойылған терең және жан-жақты әлеуметтік-экономикалық қайта құрулар берік саяси негізге және толық саяси қолдауға ие. Мұндағы басты ой – абстрактілі жетістіктерге емес, азаматтардың өмірін нақты жақсартуға негізделген жаңа экономикалық модельге кезең-кезеңмен көшу екенін атап көрсетті. Яғни Мемлекет басшысы Жолдауда еліміздегі эко­номикалық саясаттың жаңа моделін қа­лып­тастыруға басымдық берді. Сонымен бір­ге әр азамат пен оның жеке экономикалық мүд­делеріне қандай да бір дәрежеде әсер ететін­дей ауқым­дағы экономикалық даму мін­деттері қам­тылды. Экономиканың өзі қуат­ты этно­әлеуметтік интеграторға айналуда. Осыған байланысты Жолдау Қазақстан халқы Ассамблеясының алдына бірқатар терең семан­ти­калық идеологиялық міндеттер қояды, оның шеңберінде Мемлекет басшысының Жол­дауы, Қазақстан халқы Ассамблеясының, Ұл­т­тық құрылтайдың XXXII сессиясының мін­дет­тері үштігі «Әділетті Қазақстан – Адал Азамат» қағидатын іске асыру жөніндегі іс-қи­мыл­дардың бірыңғай алгоритміне біріктірілуге тиіс. Ассамблеяның идеологиялық жұмысында қоғам­ның өзін, қоғамдық құндылықтар жү­йесін және тұтастай алғанда қоғамдық сананы реформалау міндеттері алға қойылады», деді ол.

Кеңейтілген республикалық отырысқа Қазақстан халқы Ассамблеясының және оның кеңесінің мүшелері, республикалық және өңірлік этномәдени бірлестіктердің басшылары, Парламент Сенатының депутаттары және Парламенттің Палатааралық депутаттық тобының мүшелері, Мәдениет және ақпарат министрлігі, «Қоғамдық келісім» РММ, ҚХА қоғамдық құрылымдары,  «Ассамблея жастары», Аналар кеңесі, Ақсақалдар кеңесі, ҚХА Кәсіпкерлер қауымдастығы, ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесі мен кафедралары, ҚХА Журналистер клубы, БАҚ өкілдері қатысты. Сондай-ақ конференцияға zoom-мен республиканың түкпір-түкпіріндегі өңірлік Қазақстан халқы Ассамблеялары және олардың құрылымдары қосылды.

Жолдау – елдегі саяси маусымның бас­тауы ғана емес, мемлекет дамуының жаңа бағыт-бағдарын айқындайтын елеулі оқиға. Сондықтан жиында Ассамблея мүшелерінің алдына ақпараттық-түсіндіру жұмыстары және этномәдени бірлестіктердің «араздық тіліне», фейктер мен арандатушылықтарға қарсы ақпараттық және қоғамдық ұстаным­дарын белгілеу сынды міндеттер қойылды. Сондай-ақ Ассамблеяның XXXII сессиясында берілген тапсырмаларды орындау тәсілдерін қайта қарау және түзету, «Бір ел – бір мүдде» депутаттық бірлестігімен жұмыстың жаңа институционалдық бағыттарын құру, бейбітшілік пен бірлік мәселелері бойынша саяси партиялармен өзара іс-қимыл және диалог құру қажет екені тілге тиек етілді.

Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі, «Вайнах» чешен және ингуш халықтары мәдениетін дамыту қауымдастығының» төрағасы  Ахмед Мурадов жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, азаматтық жауапкершілік пен патриотизм құндылықтары мәселелеріне айрықша тоқ­талды. Ал Парламент Сенатының депутаты Нұрия Ниязова «креативті экономи­ка еліміздің, өңірдің жарқын жарнамасына, «визит карточкасына» айналатын ауқым­ды іс-шараларды құра отырып, талантты, шы­ғармашыл адамдарды тартатын ірі қалалар­ды дамытудың қозғаушы күшіне айналады. Осылайша, Қазақстан экономикасының инкл­юзивті өсуі халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және елдегі қаржы нарығының дамуына ықпал етуге мүмкіндік береді», деген пікірін ортаға салды.

Демек, жарияланған бастамалар ауқымды, кешенді әрі сан салалы. Себебі олардың қатарында орта және шағын кәсіпкерлікті қолдау әрі қорғау, елге инвестиция тарту, агроөнеркәсіпті дамыту, бәріне бірдей түсінікті, ашық, әділетті салық саясатын жүргізу және т.б. маңызды бастамалар көп. Депутат сөзін жалғаған «Қазақстан халқы Ассамблеясы кәсіпкерлер қауымдастығының» президенті  Қайрат Айтбай Жолдаудағы тезис­тер саяси жүйені жаңғырту және қоғамдық сананы өзгертумен қатар, ел азаматтарын және әрбір кәсіпкерді осы іс-шараларды орындауда белсене кірісуге шақырғанын еске салды.

Кеңес соңында жиынға қатысушылар Жолдаудың міндеттерін түсіндіру бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу туралы шешімдер қабылдады. Бұған қоса Ассамблея қызметінің және оның құрылымдарының негізгі бағыт­тарын белгіледі. Жалпы, республикалық жобаларды іске асыру мәселелері де қаралды.