Тоғызқұмалақ күніне орай 9 қыркүйекте Алматы қаласында тоғызқұмалақтан сайыс өтеді, деп жазады Egemen.kz.
Аталған шара Тұңғыш Президент атындағы саябақта сағат 10:00-де өтеді.
Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше аталған жарысқа 2000-нан астам жоғары сынып оқушысы қатысады. Олар Қазақстанның Гиннес рекордтар кітабына енуді мақсат етіп отыр.
Тоғызқұмалақ – қазақтың ұлттық дәстүрлі ойындарының бірі. Сондай-ақ 2020 жылы тоғызқұмалақ ЮНЕСКО шешімімен адамзаттың мәдени мұралары тізіміне енгізілгенін атап өткен жөн.
Сонымен қатар қыркүйектің 21-24 күндері аралығында Алматы қаласындағы ADD үстел теннисі орталығында тоғызқұмалақ спортынан рапид және блиц бойынша оқушылар арасында (U-15, U-17) әлем чемпионаты ұйымдастырылады. Турнирге әлемнің 20 елінен 150-ден астам ойыншы қатысады.