• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жастар 17 Қыркүйек, 2023

Тазалық пен ізгілік акциясы

328 рет
көрсетілді

Еліміздің барлық өңірінде «Kieli tabigat» экологиялық акциясы ұйым­дастырылды. Сенбілік республиканың сакралды нысандары мен ұлттық табиғи парктерінің аумағын қоқыстан тазалауға бағытталған. Мәдениет және ақпарат министрлігінің бұл бастамасын астаналық белсенділер де қолдады.

Бүкіләлемдік тазалық күніне орай­ластырылған іс-шара елордада ежелгі түркі ғибадатханасы, қыпшақ мұра­сы ортағасырлық «Бозоқ» қала­шығы ма­ңында өтті. Кезінде археолог Кемел Ақышев ғылыми-зерттеу жұ­мыс­тарын жүр­­гізген көне мекен Астанадан шамамен он шақырымнан асатын жерде орналасқан.

– Акцияның мақсаты – халық ара­сында тарихи-мәдени орын­дар­дағы экология­лық мәдениетті қа­л­ып­тастыру. Осылайша мәдени мұра­лары­мызды сақ­тай оты­рып, жастар арқылы мәдениет дең­гейін арт­тыруды көздеп отырмыз. Алдың­ғы қатар­лы елдердің қа­тарына қосылғы­мыз келсе, бірінші кезекте мәдениеті­міз­дің дең­гейін көтеруіміз қажет, – деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов.

«Бозоқ» қалашығында адамдардың тіршілік етуі осыдан ХІІ ғасыр бұрын бас­талған. Қазір мұнда «Ұлттық саябақ құру» жобасы жүзеге асып жатыр.

– 15 жыл бойы археологиялық қаз­­­ба жұмыстары жүргізілді. Осы архео­ло­гия­лық және лабораториялық жұмыс­тар­дың негізінде «Бозоқ» қалашығы­ның материалдары ғылыми айналым­ға енді деп айтуға болады. «Бозоқта­ғы» саябақтың ашылуы ел тарихының маңына ие. Өйткені осы көне мекен­нің тарихы арқылы солтүстік Сарыарқа территориясының рухани-мәдени, саяси-экономикалық тұрғыдан орта­ға­сырдың кезінде тұрақты болға­нын зерделеу барысында қанықтық. Ұлттың ұпайы осы ата-бабадан мұра болып қалған дүниелер арқылы көрінеді, – деді «Бозоқ» мемлекеттік тарихи-мәдени му­зей-қорығының ғылыми хатшысы Айнагүл Ғаниева.

Осы көненің көзін тазалығын сақ­тау үшін акцияға қолдарына дорба, тыр­маларын арқалаған 200-ден аса бел­­сенді қатысты. Арасында эколо­гия­­лық мәдениетті насихаттап жүрген «Астана жастары», «Ассамблея жастары», «Қазақстан студенттер альянсы», «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жас­өспірімдер ұйымы, жастар ресурстық орта­лықтары қатысты.

– Бұл біздің алғашқы сенбілігіміз емес. Осындай киелі жерлерге, көне мекендерге барып, табиғатымызды таза ұстауға үле­сімізді қосамыз. Тұрақты түрде әр сен­бі-жексенбі күндері қала ішін, маңын қоқыстан тазартуға, қыс мезгілінде қардан тазалауға жиі шығып тұрамыз. «Taza álem» жобасы аясында да қала ішіндегі 20-ға жуық жеке секторда тазалық акцияларын өткіземіз. Онда көбінесе ардагерлеріміз, жалғызбасты ата-әжелеріміз тұрады. Сол үлкен кісілерімізге қолғабыс жа­саймыз. Акцияға қажетті қолғап, күрек, дорба, тасымалдайтын автобус және тағы басқаларын «Астана жастары» КММ қаржыландырады, – деді «Астана жастары» КМК маманы Олжас Амангелді.

Сондай-ақ іс-шарада мәдениет сала­сының қайраткерлері мен эстрада жұл­дыздары да болды. Көпке жол бастаған­дардың қатарында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ләйла Бекназар бар.

– Тарихи-мәдени дүниелер – кез келген елдің баға жетпес құнды жәдігері. Ал оны көздің қарашығындай сақтап, кейінгі ұрпаққа аманаттау – парыз. Ол үшін көзі ашық, көкірегі ояу, жүрегі қазақ деп соққан әр азамат өзінен бастауы керек. Әрі «Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтылмайды. Себебі елдің қазір­гі бағыт-бағдары мына балақайлардың ер­теңі. Сондықтан ұрпаққа асыл мұра­ларымыздың қаз-қалпы сақталуы үшін ел болып жұмыстануымыз керек. Бұл экоакция сол ізгіліктің басы, – деді ол.

Экоакция аясында тазалау жұмыс­тары Түркістан облысыдағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Жамбыл об­лысын­дағы Айша Бибі кесенесі, Қызылорда об­лысындағы «Сығанақ» қалашығы, «Бозоқ» қалашығы Астана қаласы және Шарын, Қарқаралы, Баянауыл, Бурабай, Ұлытау ұлттық табиғи парктері және мемориалды кешендерінде өтті.