Әдетте халыққа Жолдау ұзақмерзімді тақырыпқа арналады да, онда қойылған мақсаттар абстракт терминдермен, әдемі сөздермен, асқақ мұраттармен көмкеріледі. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың таяудағы Жолдауында мұндай болған жоқ. Меніңше, осы ел басшысының бұл жолғы үндеуінде прагматизм, шынайылық және өршіл мақсат айқын аңғарылады. Жетістіктер атап көрсетілді. Кемшіліктер де назардан тыс қалмады. Ұзақмерзімді мақсаттардың орнына қысқа және орта мерзімдегі өлшенетін міндеттерге басымдық берілді.
«Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі», деген Президент Қасым-Жомарт Тоқаев экономикалық және әлеуметтік реформаларды жүргізудің қажеттілігін атап өтті. Онда кейінгі кездегі жаһандық оқиғалар, энергетика, байланыс және сауда саласындағы мәселелер жан-жақты көтерілді. Барған сайын күрделеніп, бөлшектеніп бара жатқан геосаяси кезеңде, технологиялық инновацияларды жеделдетуде, ресурстарға талас күшейген, жаһандық сауда жүйесіндегі түбегейлі өзгерістер сәтінде Қазақстанның мүмкіндіктерді барынша пайдалануын және қиыншылықтан құтылу жолдары көрсетілген.
Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында айтылған негізгі тақырыптың бірі жаңалық емес. Соған қарамастан, өзектілігін жоғалтқан жоқ. Ол – жаңа экономикалық модельге көшу. Қазақстан ежелден өзінің орасан зор энергетикалық ресурстарына, ең алдымен, мұнай мен газға тәуелді. Дегенмен өзгермелі жаһандық энергетикалық дәуірде Қазақстан анағұрлым озық инновацияларды пайдаланып, экономиканы әртараптандыру, халықтың әлеуетін және жоғары білікті жұмыс күшін жақсырақ пайдалану қажет екенін мойындайды. Бұл саясаттың өзегі жеке секторды, атап айтқанда, шағын және орта кәсіпкерлікті (ШОБ) экономикалық өсудің, жұмыс орындарын құрудың және инновацияның қозғалтқыш күшіне айналдыру болмақ.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев орта бизнестің даму қарқыны артта қалғанын мойындады. Осы орайда, орта бизнестің өсуіне кедергі келтіретін кедергілерді жою қажет. Жаһандық «жасыл» энергетикаға көшу жоғары технологиялық чиптерді (атап айтқанда, электромобильдер, жел турбиналары, аккумуляторлар, магниттер және электроникаға қолданылатын) шығаруға керекті сирек кездесетін металдарға сұранысты арттырды. Ал Қазақстанда ондай металдар жетіп артылады. Осылайша, көміртегі бейтараптығына қол жеткізуге жол ашады. Сонымен қатар Қазақстанның стратегиялық географиялық орналасуы Еуропа мен Азияның негізгі нарықтарына оңай қол жеткізуге мүмкіндік береді. Осылайша, Қазақстан өзін сенімді, тұрақты жеткізуші ретінде көрсетеді.
Бұл тұрғыда әлемнің шалғай жерлеріндегі оқиғалардың да Қазақстан үшін оң нәтиже әкелуі мүмкін. Африканың кей бөлігіндегі тұрақсыздықтың салдарынан Еуропалық одақ сенімді және тұрақты жеткізуші іздейтіні белгілі. Мәселен, Еуропалық одақ импорттайтын уранның 20-25 пайызын негізінен Нигер секілді мемлекеттерден тасымалдайды. Міне, осындай сәтте Қазақстан көмекке келеді. Нигердегі төңкерістен кейін Қазақстандағы уранға жауапты компанияның басшысы қажет етсе, Еуропаға көбірек өнім жеткізуге дайын екенін айтып үлгерді.
Жолдауда мемлекеттік аппарат пен мемлекеттік басқару жүйесінде біраз өзгеріс болатыны айтылды. Осы жерде айта кеткен жөн, енді су мәселесімен Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты комитет емес, жеке сала – Су ресурстары және ирригация министрлігі айналысады. Бір министрлікте көптеген мәселенің шамадан тыс шоғырланса, кейде стратегиялық міндеттер үнемі екінші жоспарға ысырылады. Орталық Азия азық-түлік қауіпсіздігі мен халықтың тұрмыс-тіршілігіне ұзақмерзімді қатер төндіретін жер бетіндегі ең сусыз аймақтардың бірі екені белгілі. Арал апаты мен мұздықтардың тез еруі мәселенің ауқымын көрсетеді. Су ресурстарын ұтымды пайдалану және трансшекаралық су ынтымақтастығы Орталық Азия елдері үшін негізгі саясат бағытына айналады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде атап өткендей, жеке министрлік құру – заман талабы.
Тоқталғым келген тағы бір мәселе – атом энергетикасын дамыту. Дүние жүзіндегі ең ірі уран қоры бар Қазақстанның атом энергиясын пайдалануға талпынуы таңғаларлық емес. Ядролық энергетика көмірқышқыл газын шығармайтын таза энергия технологиясы саналады.
Қазақстан Президенті 2021 жылғы Жолдауында 2030 жылға қарай Қазақстан электр энергиясының тапшылығына ұшырайтынын ескертіп, Үкімет пен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына елдегі атом энергетикасын дамыту мүмкіндігін жан-жақты зерделеуді тапсырған болатын. Сонымен қатар Қазақстан секілді мемлекетте өткен тарих, әсіресе, Семей ядролық полигонының қайғылы естелігі қоғамның ұжымдық санасына салмақ түсіреді. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселені жалпыхалықтық референдумға шығаруды ұйғарды. Президент Тоқаевтың сөйлеген сөзінде өзін-өзі қамтамасыз етуге, өндіріске және елдің ұлттық әлеуетін толық пайдалануға баса назар аудара отырып, Қазақстанның қай бағытқа жылжитыны туралы көптеген мағлұмат берді. Жолдау реформаларды жалғастыруға қажеттілікті түсіндіреді. Бірақ онда айтылған міндеттердің орындалуы ірі қалалардан бастап, Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі кішкентай ауылдардағы билік өкілдерінің табысты жұмыс істеуіне байланысты.
Альберто ТЮРКСТРА,
«Diplomatic World» басылымы жобасының басшысы,
Бельгия