• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Президент 19 Қыркүйек, 2023

Келешекке бағдарланған кездесулер

175 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамб­леясының 78-сессиясы аясында шетел прези­дент­терімен екіжақты кездесулері жалғасты. Сондай-ақ Президент бірқатар халықаралық ұйым және трансұлттық компанияның жетекшілерін қабылдап, екіжақты келіссөздер жүргізді.

БҰҰ – бейбітшілік қорғаны

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамб­леясының 78-сессиясы аясында БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришпен кездесу өткіз­ді. Тараптар Қазақ­стан­­ның БҰҰ-мен жан-жақты ын­ты­ма­қтастығының басым бағыт­тарын, сондай-ақ қазіргі заман­ның өзекті сын-қатерлерін талқылады.

БҰҰ Бас хатшысы Қазақ­стан Президентіне ілти­пат білдіре отырып, екіжақ­ты серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

– Қазақстан мен БҰҰ бейбіт­шілік пен қауіпсіздікті нығай­ту, Орнықты даму мақсат­тарына қол жеткізу және адам құқы­ғының сақталуын қамтамасыз ету мәселелері бойынша ынты­мақ­тас­тықты жалғастыра береді. Қазақстан – біз үшін мульти­латера­лизмнің тірегі, жаһандық деңгейдегі бейбітшілік қорғаны ретінде басымдыққа ие серіктес ел, – деді Антониу Гутерриш.

Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев Антониу Гутерриштің БҰҰ Бас хатшысы ретіндегі қызметіне жоғары баға беріп, оның бейбітшілікті, тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекеттерін одан әрі қолдауға дайын екенін растады.

Қазақстан Президенті қазіргі заманның ең өзекті проблемаларын шешуде БҰҰ айрықша рөл атқаратынын және оның ешқандай баламасы жоқ екенін айтты. Сондай-ақ Мемлекет басшысы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерришке Ұйым қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі ой-пікірін жеткізді.

 

Қазақстан – Иран: Каспий аймағындағы достық рәуіші

БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясы аясында Қасым-Жомарт Тоқаев сондай-ақ Иран Ислам Республикасының Президенті Ибрахим Раисимен келіссөз жүргізді.

Президент Қазақстанның Каспий теңізі аймағындағы стратегиялық серік­тесі ретінде Иранмен екіжақты қарым-қатынастарды нығайтуға баса мән беретінін айтты.

Келіссөз барысында екі ел басшылары қазақ-иран ынтымақтастығының қазіргі жай-күйін және өзара қатынас­тарды одан әрі дамыту перспективасын талқылады. Тараптар көлік, логистика және сауда-саттық салаларындағы ықпалдастықты арттыру үшін кешенді шаралар қабылдау маңызды екенін атап өтті.

– Біз виза рәсіміне, сондай-ақ адамдар мен бизнестің өзара қарым-қатынасына қатысты өте пайдалы уағдаластықтарға қол жеткіздік. Қазақстан тарапы Иранмен арадағы ынтымақтастықты нығайтуға ниетті екенін атап өткім келеді. Екі ел үкіметтері бұған дейін Тегеранда қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Мен Қазақстанда сізбен тағы да кездесуді асыға күтемін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы екі елдің Шанхай ынтымақтастық ұйымы және басқа да халықаралық құрылымдар аясындағы өзара ықпалдастығын оң бағалады.

Өз кезегінде Иран Президенті Ибрахим Раиси Қазақстан мен Иранды достық пен өзара қолдауға негізделген үлгілі қатынастар байланыстыратынын атап өтті.

– Иран мен Қазақстан арасында өте жақсы екіжақты қарым-қатынас қалып­тасқан. Мұндай жоғары деңгейдегі серік­тестік бізге өзара байланыстарды, әсіресе сауда саласындағы қарым-қаты­насымызды одан әрі дамыту үшін нақты қадамдар жасауға жетелейді. Біз бауырлас Қазақстанмен екіжақты ынты­мақтастықты кеңейтуге ниеттіміз. Елдері­міздің әлеуеттері зор және осы мүм­кіндіктерді пайдалану біздің ортақ игілігі­мізге қызмет етеді, – деді Ибрахим Раиси.

Мемлекеттер басшылары елдері­міздің көлік-транзит байланыстарын дамыту үшін зор әлеует бар екеніне назар аударды. Атап айтқанда, өзара сауда-саттықты күшейту және Каспий теңізі арқылы жүк тасымалдау үшін «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір­жолының мүмкіндігін кеңінен пай­да­лану жағдайы атап өтілді. Қасым-Жомарт Тоқаев Бендер-Аббас портында Қазақстанның сауда терминалын салу­дың маңызды екеніне назар аударды.

Президенттер белгіленген эконо­микалық жоспарды жүзеге асыру үшін үкіметаралық байланыстарды жандандыруға уағдаласты.

 

Ынтымақтастықты жалғастыруға ниетті

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясы 78-сессиясы аясында Финляндия Пре­зиденті Саули Ниинистёмен кездесті.

Келіссөз барысында Президент Финляндияны Қазақстанның Солтүстік Еуропа елдері арасындағы ең ірі сауда серіктесі және инвестиция көлемі бо­йынша оның алдыңғы орында екенін атап өтті. Сондай-ақ саяси, сауда-экономи­ка­лық және ғылыми-техникалық ынты­мақ­тастықты одан әрі нығайу үшін зор әлеует бар екені айтылды.

Өз кезегінде Саули Ниинистё Қазақ­стан Финляндияның аса маңызды серіктесі және екіжақты күн тәртібінің барлық бағыты бойынша өзара тиімді ықпалдастықты жалғастыруға дайын екенін мәлімдеді.

Тараптар халықаралық саясаттың өзекті мәселелері, соның ішінде БҰҰ-ны реформалау жөнінде де пікір алмасты.

Мемлекет басшысы Финляндия Прези­дентін келесі жылы өтетін Астана халық­аралық форумының негізгі спи­керлерінің бірі ретінде Қазақстанға шақырды.

 

Көпжақты қатынастарды қарастырды

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Эстония Президенті Алар Кариспен де келіссөз жүргізді. Кездесу барысында екі мемлекеттің түрлі саладағы ынтымақтастығын нығайту перспективалары талқыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев эстониялық әріптесіне Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды әлеуметтік-экономикалық өзге­ріс­тер, соның ішінде шетелден инвестиция тартуға және инвесторларды қорғауға ба­ғыт­талған шаралар жөнінде мәлімет берді.

Тараптар өзара ортақ мүддені көздей­тін салалардағы ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін растады және бір-бірін өз елдеріне арнайы сапармен келуге шақырды.

Сонымен қатар президенттер халық­аралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді және БҰҰ, Еуропалық одақ, ЕҚЫҰ аясындағы көпжақты қаты­нас­тарды қарастырды.

 

Шығыс Еуропадағы жетекші сауда серіктесі

Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясы аясында Румыния Президенті Клаус Йоханниспен кездесті.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Румыния арасындағы сауда-экономи­калық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Румыния – Қазақ­станның Шығыс Еуропадағы жетек­ші сауда серіктесі. Бүгінде екіжақ­ты сауда-саттық көлемі 20 пайызға артып, 1,3 миллиард долларға жетті.

– Біз Румынияны достас мемлекет ретінде қарастырамыз. Сіздің елдің тарихына, жүргізіп отырған саясатыңызға және халқыңыздың дәстүріне құрметпен қараймыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы сауда-эконо­микалық қарым-қатынастарға тың серпін беру үшін Үкіметаралық комиссияның, Қазақстан және Румыния Іскерлік кеңесінің жұмысын жандандыру керек екенін айтты.

Өз кезегінде Клаус Йоханнис Қазақ­стан мен Румыния арасындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екенін жеткізді.

– Мен және менің командам бүгін сіздермен осы жерде кездескеніміз үшін қуаныштымыз. Өйткені біз сенім­ді экономикалық және саяси серік­тес елдерміз. Осы кездесу алдында мемле­кеттері­міздің өзара қарым-қатынасының тарихымен таныстым. Сізбен саяси диалогті жоғары деңгейде нығайтуға зор мүмкіндік бар деп ойлаймын, – деді Румыния Президенті.

Тараптар халықаралық күн тәртібін­дегі мәселелер жөнінде, сондай-ақ БҰҰ және ЕҚЫҰ аясындағы өзара ықпалдастық жайында пікір алмасты.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев Клаус Йоханнисті Астана халық­аралық форумына негізгі қонақтардың бірі ретінде қатысуға шақырды.

 

Өзара ықпалдастықтың жай-күйі талқыланды

Мемлекет басшысы Черногория Президенті Яков Милатовичпен келіссөз жүргізді. Кездесу барысында Президент Қазақстан Черногорияны Оңтүстік-Шығыс Еуропадағы маңызды серіктес ретінде қарастыратынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев келесі жылы Подгорица қаласында Қазақстанның Консулдығын ашу жоспары туралы айтты. Бұл қадам екі ел арасындағы іскерлік және тұлғааралық байланыстарды дамытуға тың серпін береді.

– Біздің елдеріміздің арасы жақындай түсті. Себебі азаматтарымыз Астанадан Подгорицаға тікелей әуе рейсімен ұшады. Жыл сайын 40 мыңнан аса адам визасыз режімді пайдаланады. Қазақстан азаматтары Черногорияға еңбек демалысын өткізу үшін ұшып барады. Әрине, бұл елдеріміз арасындағы гуманитарлық байл­аныс пен экономикалық ынты­мақтастықты дамытуға тың серпін береді. Біз Подгорицада өз Консулдығымызды ашуды жоспарлап отырмыз. Аталған салалардағы оң нәтижелерге, әсіресе экономикалық ынтымақтастықтағы жетістіктерге қарай сіздің еліңізде елшілігімізді ашуымыз мүмкін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде Яков Милатович екіжақ­ты ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Черно­гория Президенті жан-жақты байланысты одан әрі нығайтуға ниет білдірді.

– Президент мырза, мен сізбен кез­дескеніме өте қуаныштымын. Өзіңіз білетіндей, біз Қазақстан мен Черногория арасындағы достықты өте жоғары баға­лаймыз. Осы кездесуге менімен бірге еліміздің Премьер-министрі де келді. Ол Черногорияны қазақстандық турис­тер үшін тартымды етуге ерекше қызығу­шылық танытады. Екі ел арасындағы тікелей әуе рейсінің қызмет көрсете бастағанына өте қуаныштымыз. Бізге Қазақстаннан туристердің көптеп келетіні қуантады, – деді Яков Милатович.

Сондай-ақ президенттер халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді және та­рап­тардың Біріккен Ұлттар Ұйымы аясын­дағы өзара ықпалдастығының жай-күйін талқылады.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Яков Милатович бір-бірін өз елдеріне ресми сапармен келуге шақырды.

 

Болашақ кілті – «бұлтты» технологияда

Қасым-Жомарт Тоқаев «Amazon» корпорациясының вице-президенті Сьюзан Пойнтермен кездесті.

Әлемдегі ірі технологиялық компа­нияның өкілімен әңгімелесу барысында «бұлтты» технологияларды дамытуға және дата-орталықтар құрылысына қатысты өзара тиімді ынтымақтастықтың мүмкіндіктері талқыланды.

Президент Қазақстанның электронды үкімет саласындағы жетістіктеріне назар аударып, цифрлық саланы одан әрі жетілдіру үшін елімізге өз санатындағы ең мықты инфрақұрылымдық шешімдер қажет екенін атап өтті.

Сьюзан Пойнтер компанияның Қазақ­станмен арадағы ықпалдастықты нығай­туға және келешекте бүкіл Орталық Азия аймағын қамтуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу аясында Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі («ҰАТ» АҚ) мен «Amazon Web Services» арасында «Outpost» «бұлт­ты» технология шешімін сатып алу және оны «QazTech» платформасымен ин­тегра­циялау жөніндегі қанатқақты жобаны іске қосу туралы келісімге қол қойылды.

Бұл қадам жаһандық алпауыт елдер­дің дата-орталықтарын Қазақстанда орна­лас­тыруға және еліміздің өңірлік IT-хаб ретіндегі әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді.

 

Негіздемелік келісімге қол қойылды

Мемлекет басшысы «GE Healthcare» компаниясының Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша президенті Роб Уолтонмен кездесті.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаевқа «GE Healthcare» компа­ниясының елімізде ультрадыбыс аппараттары өндірісінің жергілікті үлесін арттыру және алдағы уақытта компьютерлік томография, ангиография және маммография құрылғыларын шығару жоспары туралы мәлімет берілді.

Президент бұл бастама отандық дәрі-дәрмек пен медициналық техника өндірісінің үлесін 2025 жылға қарай 50 пайызға дейін арттыру міндетіне толықтай сай келетініне назар аударды.

Роб Уолтон Мемлекет басшысына «GE Healthcare» компаниясының Қазақ­станда клиникалық бейнелердің орта­лық­тандырылған ұлттық цифрлық мұрағатын құруға ниетті екенін жеткізді. Бұл шара нау­қас­тардың мәліметін басқару ісін оң­тай­лан­дырып, нәтижесінде көрсетілетін қыз­мет құнын төмендетуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ компания Астана меди­цина­лық университеті базасында «GE Healthcare» академиясын ашу арқылы ден­сау­лық сақтау жүйесі мамандарының білік­ті­лігін арттыруға арналған білім беру ба­ғд­ар­ламасын жүзеге асырады. Оқу орны биыл қазан айында қызметіне толық кіріседі.

Мемлекет басшысы Қазақстанның денсаулық сақтау саласына қатысты маңызды жобалар бойынша GE компаниясымен стратегиялық серіктестікке жоғары баға берді.

Кездесу аясында Қазақстан Рес­пуб­­ликасының Үкіметі мен «GE Healthcare» арасында «GE Healthcare» компа­ния­сының инвестициялық жобасын жүзеге асыру­ға қатысты негізгі шарттар туралы негіздемелік келісімге қол қойылды.

Айтпақшы, «GE Healthсare» компа­ниясының әлемнің 140-тан аса елінде өкілдігі бар. 2022 жылы компанияның таза табысы – 19 миллиард доллар. Ал нарықтағы құны 34,5 миллиард долларды құрады.