Туризм саласы – елдің экономикалық-әлеуметтік жағдайына ерекше әсер ететін фактордың бірі.
Көркі көз тартатын Көкшетау, Бурабай, Баянауыл, Ерейментау, Зайсан, Марқакөл, Алтай, Солтүстік Тянь-Шань, Алтынемел таулары, Жетісу алабы, Батыс Қазақстандағы Үстірт, Мұғалжар, Каспий ойысы, Жайық өңірі, Қарқаралы, Қызыларай, Бектау Ата, Ұлытау табиғи нысандарға жатады. Сонымен бірге Іле Алатауы ұлттық саябағы, Түрген-Шамалған өзендері аралығындағы шатқалдар, Түрген, Есік, Талғар, Алматы, Қаскелең, Шамалған, Шарын шатқалы, Қайыңды мен Көлсай елді мекендері бар.
Тарихи-археологиялық ескерткіштердің туристік-экскурсиялық сапарлардағы орны ерекше. Тарихи ескерткіштердің кез-келген нысандары туристік-экскурсия жұмыстарында маңызды орын алады. Соның ішінде Жетісудағы Сақ қорғандары, Талхиз қалашығы, Отырар, Сайрам, Сарайшық, т.б. көне қалалардың орнына туристердің қызығушылығы зор. Ал сауықтыру туристік нысандарына Алакөл, Балқаш көлдері жатады.
Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2023 жылдың І тоқсанында ел ішінде саяхаттаған туристер саны 1,3 млн адамды құраған. Бұл 2022 жылғы деңгейден 19,1%-ға (200 мың адам) жоғары. Есесіне сыртқы туризмнің көрсеткіші төмендеп кеткен. 2023 жылдың басынан бері 1,4 миллион адам шетелде демалуды жөн көрген. Бұл – соңғы он жылдың бірінші тоқсанындағы ең төменгі көрсеткіштің бірі. Шетелдік туристердің отандық туристік нысандарды таңдауы жыл сайын өсіп келеді. Биылғы жылы ол 1,1 миллион адамды құрады.
2022 жылы ел ішінде саяхаттаушылар саны 8,6 млн адамға жетті. Сондықтан да ішкі туризмнің қолданылу көрсеткіші бойынша рекорд жаңартылған. Аймақтар арасында Алматы, Астана және Шымкент қалалары қызмет көрсетілген туристер саны жөнінен көш бастап тұр. Жалпы жоғарыда айтылған көрсеткіштердің барлығы еліміздегі экономикалық жағдайдың көтерілуіне оңтайлы әсер етуде. Сұраныстың көптігі ішкі туризмнің мықты дербес индустрияға айналуына себепкер бола алады. Туризм негізі экономиканың 32 саласын қамтиды. Соған орай еліміздегі экономика мен халықтың әл-ауқатының жақсарғандығын байқауға болады. Мамандардың пайымдауынша, алдағы бес жылда еліміздегі ішкі туризм 20 пайызға дейін өседі.
Аружан МӘУЛЕНБАЙ,
Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 4-курс студенті