София Дасаева мен Лейла Нұрлыбаева есімді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары кезекті рет олжалы болды. Solve for tomorrow 2023 республикалық әлеуметтік жобалар байқауында екінші орынға ие болып, 2,5 млн теңге көлемінде грант алды.
Samsung компаниясының әлеуметтік жобалар байқауына еліміздің түпкір-түпкірінен келген оқушылардың 400-ден аса жұмысы ұсынылды. Екінші турға 33 жоба өтті. Байқау финалында 10 жоба жүлделі орындар үшін бақ таластырды. Байқауда екінші орын алған он бес жастағы қарағандылық жас өрендер зияткерлік мектептің 10-сыныбында оқиды. Олар байқауға екі жыл бұрын бастаған Full Speed Wheelchair жобасын ұсынды.
– Қыздар жоба бойынша жұмысты екі жыл бұрын бастады. Алдымен олар Қарағанды инфрақұрылымының мобильділігі төмен топтарға қолжетімділігін зерттеді. Біздің инфрақұрылымды ескере отырып, оңай қозғалатын арба қажет деп тапты. Бұл мәселені шешу үшін қыздар мүгедектер арбасын гироскутермен біріктірді. Арнайы негіздердің көмегімен олар артқы дөңгелектердің орнына гироскутерді бекітті. Мұндай прототиптің құны электр арбасына қарағанда арзан, – дейді жоба жетекшісі Жанар Бәйметова.
– Бұл арбаны жасау көп уақытты қажет етпеді. Біз бірінші прототипті жасағанда, еш кемшілігі байқалмады. Бірақ тестілеу кезінде кемшіліктер анықталды. Креслода отырғанда арбаны өшіруге болмайды. Сондықтан біз түймелерді рычагтарға қосу керек деп шештік, – дейді Лейла Нұрлыбаева.
Байқауға жұмыстарын ұсынып, ол бірнеше іріктеуден өткенше алты ай уақыт кеткен. Дегенмен, жоба авторлары байқаудың жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, қатысу арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол ашылғанын жеткізді.
– Байқау барысында жобаның экономикалық құрамдас бөлігін есептеуге көмектескен Samsung компаниясының тәлімгерімен өзара байланыс орнаттық. Байқауда пайдалы ақпараттарға қанықтық, финалда өз жобаларымызды басқа қатысушылардың идеяларымен салыстырып, тәжірибе жинадық. Берілген 2,5 млн теңгеге жобамызды одан әрі ілгерілетуді, оны жақсартуды жоспарлап отырмыз. Біз патент алғымыз келеді. Болашақта жобамызды монетизациялауымыз мүмкін, – дейді София Дасаева.
Бұған дейін де бұл жоба зияткерлік мектептер оқушылары арасындағы байқауда және әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұйымдастырған республикалық жобалар байқауында жүлделі орындарға ие болғанын еске сала кетейік.
ҚАРАҒАНДЫ