• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кино 20 Қыркүйек, 2023

Бүгінгі киноның Азаматы: Ресейге танымал, атажұртқа бейтаныс па?

269 рет
көрсетілді

Сахнада актерлердің үлкен қарбалас сәтіне дәл түсіппін. Театрда ке­зекті халықаралық фестивальға қызу дайындық. Ортада театрдың шы­ғар­машылық ұжымымен бірге сахнадан көзін алмай, әрбір актердің қимыл-қозғалысын, сөйлеу мәнерін қалтқысыз бақылап, қараторы ажарлы азамат отыр.

Бұл атақты майдангер жазушы Әди Шәріповтің соғыстағы сом бей­не­­сінің экрандағы көрінісі еді. Қиян-кескі шайқастардың ортасында жүріп, адамгершілік қасиеттерін соғыс қағи­даларынан жоғары қойған, халқымыз­ға тән мейірбандық пен қамқорлықтың үлгісі болған қазақ командирінің образын былтыр «1941 жылдың жазы» фильмінде рахаттана тамашалап едік. Енді сол қаһарман бейне шынайы өмірде алдымда отыр.

Теріскейдегі алып көршіміз – Ресей жұртына Азамат Нығмановты алабө­тен таныстырудың қажеттілігі шамалы болғанымен, Қазақстан үшін ол – болашағы зор талантты актер. Ресей­лік шоу-бизнес саласында, нақтырақ айт­қан­да, театр мен кино өнерінде майтал­ман актер ретінде әбден танылған. Бүгінде Ста­ниславский атындағы Мәскеу электр театрының актері ретінде еңбекте­ніп жүр. Түскен фильмдері мен сериал­да­ры­ның ұзын саны 70-тен асады, бас­ты рөлде ойнаған кейіпкерлері мен кинофестивальдерден алған жүлделері де аз емес. Ресейдің киноиндустрия­сын мойындатқан қазақ баласы қазір өз отанындағы театр мен кино саласын да қолдап отыр.

«Ассалаумағалейкүм!». Әуелі қос қолын кеудесіне апарып жылы жымиды да, күлімсіреген күйінде қол алыс­тық. Омбыда туып, орыс арасында өсті демесеңіз Азаматтың тілі алғаш қазақша шыққаны байқалады. Ақ жар­қын, дарқан мінезді, жатырқаушылық жоқ. Бойында адамды ерекше тартып тұратын қасиет бар. Бірден ше­шіліп сөйлеп кетті.

– Омбыда қазақ отбасында дүниеге келдім. Шаңырағымыз ұлттық дәстүр­лері­мізге берік, ана тіліміз үй ішіндегілер үшін қасиетті саналатын. Актерлік өнерге келуге бала шағымнан-ақ алғышарттар мол болған екен. Үй үлкендерінің айтуынша, үш-төрт жасымда теледидардан концерт беріліп жатқанда сыпыртқыны гитара етіп, музыканттарды бейнелейді екенмін, – дейді ол күліп. – Үйдегілердің қошеметіне одан әрі масайрап, айда­рымнан жел есетін.

Бұл ауылда, әжем­нің 90 жылдық мерейтойында болған. Әкемнің айтуынша, сәби шағымда әжем көйлегінің етегіне салып, тербетіп, бе­сік жырын айтып отыратын көрінеді. Ал анам әнді сызылтып салады, өлең шығарады. Әкем жас шағында киномеханик болған, оның да бір шарапаты тиген болар. Шығармашылыққа деген ынтам 6-сыныпта байқалып, бірде мектептегі шағын қойылымда Марк Твеннің «Том Сойеріндегі» Томның на­ғашы апасының рөлін сәтті ойнадым. Әдебиет мұғалімі бұл ойынымды жоғары бағалап, күнделігіме бірден үш бестікті қойып берді. Ұстазымның ақылымен одан әрі театр үйірмесіне жазылып, арада көп уақыт өтпей әлгі қамқоршым лицейдегі драма театрына бар деді. Әлгі лицейде демалыс күндері кәдімгідей спектакльдер қойылып, билет сатылатын. Бірге оқыған қыз-жігіттердің көбі бүгінде Ресейге танымал өнер иелеріне айналды. Бірі әйгілі Вахтангов театрында режиссер, енді бірі «Сатирикон» мемлекеттік театрында еңбек етіп жатыр. Өзім ойнаған «28 панфиловшы» фильмінің режиссері де кезінде сонда білім алды. Актерлік жолым аса ауыр болды деп айта алмаймын. Дегенмен Мәскеуді «бағындыру» қиынға түсті.

Омбыда мектеп бітірген қазақ баласы Мәскеуге оқуға аттанды. Арма­ны – жоғары оқу орындарының біріне түсіп, өнер білгірлерінен дәріс алу еді. Ресей театр өнері институты мен Бүкіл­ресейлік мемлекеттік кинематогра­фия институтындағы сынақтың алғашқы үш кезеңінен сүрінбей өтті. Алайда жал­пы конкурстан өте алмады. Келесі жылы Мәскеуге қайта барып, Б.Щукин атындағы театр институтына құжат тап­сыр­ғанымен тағы да жолы болмады. Жа­рат­қанның назары түскен болар, сол сәтте әлдебір педагог оған күзде ұлттық курсқа қабылдау жүргізіледі, сол уақытта кел деп ақылын айтады. Сөй­тіп ол Щукин инс­титутындағы Нико­лай Сличенконың шеберханасына оқуға түсіп, 2009 жылы сәтті аяқ­тап шықты. Институтта жүргенде Ресей­дің халық әртісі, белгілі театр режис­сері Константин Райкинның назары қа­ра­торы бозбалаға ауып, Чехов атында­ғы Мәскеу көркем театрында «Прокляты и убиты» спектаклінде ойнау үшін режиссер А.Рыжаковқа ұсынады. Ондағы Талғат Харисовтың ролі үшін Азамат кейін Олег Табаков сыйлығын иеленді.

Жас актердің түр-келбетіне қара­ды ма екен, 2010 жылдан бастап кино түсірушілер оны соғыс тақыры­бындағы картиналарға жиірек тарта бас­тағанын байқаймыз. Оның ішінде «28 панфиловшы» мен «1941 жылдың жазы» фильмдерінде ол қазақтың жауынгерлік рухын жоғары деңгейде таныта алғанына бәріміз куә болдық.

«Кино саласында «типажность» деген ұғым бар. Сіздің сыртқы кескін-келбетіңіз белгілі бір ақпаратты жеткі­зеді. Кино түсірушілер негізі жалқау халық. Олар өздерінің көзіне түскенді ғана алғанды ұнатады. Сенің бойында әбден пісіп жетіліп, қалыптасып тұр­ған, табиғат берген кескініңді пайдаланады. Яғни кино театрдағыдай емес, актерлік минимальді өнер жеткілікті. Ол – өмірге жақын образ. Мені көп режиссерлер соғыс тақырыбындағы фильм­дерге жиі шақыруы, онда үнемі жағым­ды кейіпкерлерді ойнайтыным менің типажымды көрермен сол ауаннан көріп үйреніп қалғанында болып тұр. Әйтпегенде, жағымсыз кейіпкер­лер­ді де сомдауға әлеуетім жетеді деп ойлаймын. Театрдағы образ сомдау мүлде басқа әлем. Ол жерде сен образ тудырушысың. Білмейтін соқпаққа түссең, кібіртіктеп, тайсақтайтының бел­гілі. Кинорежиссерлер де сол сияқты, тәуекелге барғысы жоқ. «1941 жылдың жазы» фильмі мен үшін актерлік шебер­лігімдегі үлкен мектеп болды. Әди Шәріповтің рөліне бекітуге ықпал еткен майдангер жазушының жесірі Клара Жағыпарқызы еді. Әди Шәріпов тірісінде аты аңызға айналған атақты тұлға ғой. Алғаш фильмге кастинг жарияланып, іріктеу өткенде режиссерлік топ мені екінші басты рөлді ойнайды деп шешім қа­былдаған екен. Бірақ Клара апай менің ойынымды көрді де: «Мына жігіт­тің келбеті Әдиіме келіңкіремесе де, ішкі жан дүниесі жолдасыма ұқсас. Осы азамат ойнасыншы» деген тілегін жеткізді. Осылайша, қазақтың батыр командирін сомдадым. Кейіпкерімді жаман ойнамаған тәріздімін. Әрі фильмнің негізгі тақырыбына соғыс емес, аласапыран уақытта адамдардың мейірбан­ды­ғы, халықтар арасындағы достық арқау болғаны да қуантты. Себебі менің бала­лық шақтан бергі арман-ойым – жер бетіндегі зұлымдықтың жойылып, адамдар арасында мәңгілік достықтың орнауы» деп әңгімесін жалғастыра түсті актер.

Актердің өзі ойнаған кинемато­гра­фиялық коллекциясы өте бай. Олардың негізгілерін атап өтсек:

«Однажды в провинции» (2008 жыл); «Тихая застава» (2011); «Служу Советскому Союзу» (2011); «Конвой» (2012); «Мотылки» (2013), «Истребители» (2013), «Обнимая небо» (2014), «28 панфиловшы» (2016), «Остров» (2016), «Пятница» (2016), «Живой» (2017), «Гражданский брак» (2017), «Золотая Орда» (2018), «Топор» (2018), «Чёрные бушлаты» (2018), «Адаптация-2» (2019), «Большой артист» (2019), «Чёрная лестница» (2019), «Сары мысық» (2020), «Перевал Дятлова» (2020), «Подольские курсанты» (2020), «Руммейт» (2020), «Стажеры» (2021), «1941 жылдың жазы» (2022).

«Тихая застава» картинасындағы шекарашы Азаматтың рөлін сомдаған актер өзі үшін бұл шығармашылық өсу­дің басы болғанын жеткізді. Кинодағы алғашқы нағыз актерлік рөлім де сол еді дейді. Кейін «Конвой» фильміндегі Артем Тугаевты бейнелегені үшін айтулы кинофестивальдердің, атап айтқан­да Алматыдағы «Евразияда» және Сочи­дегі Кинотаврда «Ең үздік ер адам рөлі» номинацияларында жеңімпаз атанды.

Қазақстан киноиндустриясында ол алғаш рет Нари­ман Төребаевтың «Шы­тырман оқи­ға» туындысына түсті. Одан соң Әділхан Ержановтың «Сары мысық», «Штурм», «Мүйізтұмсық» және Бекбо­лат Шекеровтің жоғарыда аталған «1941 жылдың жазында» ойнады. Ал жаңа маусымда отандық НТК арнасынан көрсетілуі жоспарланып отырған «Мошенники» сериалында аға тергеушінің рөлінде көре аламыз. Бұдан бөлек, Азамат биыл ресейлік «Саша против» сериалына түсіп те үлгерді. Сериалда ұлттар арасын­дағы қарым-қатынас көрініс табады. Ол өзін дубляждау өнерінде де сынап көріп, «Галактика сақшылары. 3-бөлім» фильмінде жауыз әрі бітіспес қарсыласты дыбыстады. Америкалық «Марвелдің» кинотуындысындағы бас кейіпкерді дубляж­даудың бұйыруы актердің өз орта­сындағы жоғары беделін аңғартса керек.

Азамат Нығмановтың соңғы екі жыл­да қазақ театрларымен байланыс орнатып, режиссерлік салада өз бағын сы­най бастағаны да байқалады. 2021 жылы Серке Қожамқұлов атындағы Жез­­қазған қазақ музыкалық драма ­театры оның тырнақалды режиссер­лік туын­дысы – «Жұт» драмасын сахналап, бұл қойылым қазақ театрлары арасында жаңа­шылдығымен көзге түскені мәлім. Бұл жайында Азамат былай деп әңгімелейді:

«Театр басшысы Досхан Сәкенұлы актерлерге шеберлік сағатын өткізуді ұсынып, ойда жоқта «Жұттың» эпизодтарымен таныстым. Оның бір эпизодын жергілікті театрды құрған ардагер актерлерге көрсетіп едік, бірден толық спектакль керек деді. Мен үшін бұл әрі жағымды, әрі күтпеген ұсыныс болды. Мәскеуде 2011 жылдан жасөспірім­дер театрына сабақ беріп жүрсем де кәсі­би театрда режиссерлік етуге басында жүрексіндім. Тәуекел деп кірісіп, барлық актерлер құрамымен жұмыс істей бастадым. Сөйтіп премьераны сахнаға алып шықтық. Қойылым көрермендер үшін әсерлі шыққаны қуантты. Ақтөбеде, Астанада және Жезқазғанда өткен театр­лар фестивальдерінде жүлде алды. Бұл мен үшін өмірімдегі тың соқпақ болды», дейді жас режиссер.

Ал биыл Азаматтың режиссерлік етуімен Қазақстанда екінші театр туындысы жарқ етті. Ол – Павлодардың Жүсіпбек Аймауытов атындағы өнер ордасын­да тұсауы кесілген Шәкәрім Құдай­бердіұлының «Ұждан» әфсанасы. Шағын ғана әңгімеден туған бұл қойылымның түпкі идеясына Азамат бастапқыдан-ақ қызықтым дейді. Өнер ордасының басшылығынан ұсыныс түскенде ең әуелі материалды тыңғылықты қарап шығып, әңгіменің сахналық нұсқасын жасаған Нұркен Тұрлыбекпен, актерлермен ұзақ әңгімелесіпті. Негізі «Ұжданның» мағынасы өте терең, анау-мынау адам толық түсіне қоймайтын, жанры күрделі қойылым. «Әу бастан-ақ мұны шығармашылық ұжым арасында талқылап, әңгіме өрбіту керектігін түсіндім. Театр басшылығы қойылымды сахнаға алып шығу үшін барлық карт-бланшты қолыма бергеніне ризамын. Театрдағы актерлер арасында «этюд» деген ұғым қалыптасқан, ол театрлық шағын суреттеу дегенді білдіреді. Әң­гіме желісімен түрлі тақырыпта пікір алмастық. «Ұждан деген не?», «Егер адамнан ұжданды айырып тастаса не болады?», «Қоғамның азғындану белгілері қандай?», «Қоғамға реттеуші күш міндетті түрде қажет пе?», «Адамды ішкі тәртібі ұстап тұра ма, әлде міндетті түрде сыртқы күш (мемлекет заңдары мен құқықтары) керек пе?». Біз осы философиялық сұрақтар аумағында этюдтерімізді әзірледік. Мысалы заң немесе тәртіп қағидалары осалдық жа­саса, кейбір пенде үшін ол алға жыл­жуға мүмкіндік екен. Қойылым барысын­да үш жас жігіттің ортаға шығып, дегра­дацияға ұшыраған қоғам мүшелерін сұрақ­пен арандататын сәті бар ғой. Бірде дайындық барысында қызық оқиға болды. Үзіліс уақытында үш жас актер маған жақындап: «Сізбен әңгіме бар, бұл жақта не істеп жүрсіз?», деп сұрақтың астына алды. Түрлеріне қарасам, бірдеңені бүлдіруге бекініп тұрғандай. Басында кәдімгідей тіксініп қалдым. Сөйтсем, ол жігіттердің актерлік ойыны екен. Артынан әлгі арандатушылық ойынды кәдімгідей этюдтің бір элементіне айналдырып, көрерменге бағыттап жіберудің орайы келді. Тағы бірде көрермен-қоғамның ашу-ызасын жеткі­зетін этюд іздедік. Актер арқылы қоғам­ның жанай­қайын, яғни месседжін білдіру керек болды. Қоғам арасындағы іріткі салу, арандатушылықтың факторы көп. Былтыр Қазақстандағы «Қаңтар оқи­ғасында» көппен бірге дүкендердегі ұялы телефондарды тонап жүрген ерлі-зайыптылардың бейнежазбасын көр­генмін. Олар үшін ұждан мәселесі шет қалып қойғаны өкінішті. Мұндай мәселе Ресейде де бар. Ұждан бұл адамдарға қалыпты өмірде «кедергі келтіріп» келсе, қаңтар оқиғасы бойда жатқан жағымсыз энергияны шығаруға жол ашты. Негізі ұждан – өте күрделі адами қасиет. Қазақ халқында ежелде өз алдына дала заңы болды. Бала кезімде Қазақстанмен шекарада туыстарым тұратын қазақ ауылына жиі баратынмын. Небәрі үш-ақ көшеден тұрады. Ауыл­ға апаратын дені дұрыс жол жоқ, тұрғындары суды құдықтан ішетін. Сонда біреу басбұзарлық жасаса, оның мәселесін үлкендер өзара жиналып шешетін. Бұл – жергілікті халықтың ішкі қалыптасқан моралі-тұғын. Яғни адамдар қоғамдық ұжданға бағынып, одан аттап кетпеді. Осындай өмірлік оқиғалар «Ұжданды» сахнаға өзгеше бейнеде алып шығуға себепкер болды», деп өз ойы­мен бөлісті.

«Ұждан» діттеген мақ­сатына жетіп, биыл отандық режис­сер­лердің аузында жылдың үздік премьерасы аталып отыр. Күзде екі бірдей халықаралық театр фестиваліне ша­қырту алды. Соның бірі – Ресей астанасында өтетін «Подмосков­ные вечера» VII халықаралық театр­лар фестивалі. Мұндай мәртебеге ие болу қойылымды дайындау барысын­дағы төгілген тердің текке кетпегенін дәлелдесе керек.

Азаматпен ұзақ әңгімелесудің ора­йы келмеді. Сөз соңында актер соғыс тақы­рыбындағы киноларға жиі түскенімен, көрермендерге соғысты дәріптеу ойында жоқ екенін тағы бір мәрте нықтап қойды. «Біз бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Кинодан көретін соғыс өмірі ол тек кинода ғана. Граната лақтырып, жауды демде қырып салып, экранның бергі жағында отырғандарға керемет қаһарман болып көрінуің мүмкін. Алайда ол көрініс шынайы өмір үшін жалған. Адамдар­дың бойында соғыс жақсы деген сезім қалыптаспауы керек. Мен Астафьевтің «Прокляты и убиты» пьесасында ой­надым. Сонда жазушы соғыстың адам­затқа әкелген сұмдығын қалай көріп, қабылдағанын жан-дүниеммен сезіндім. Соғыс – қорқыныш, айналаға үрей себеді. Бізді бала кезімізде «Ура, біз немістерді жеңдік, немістер жаман, біз жақсымыз», деген ұғыммен тәрбиеледі. Өсе келе мән-жайды түсіне бастадық. Сондықтан өз басым жер бетінде бейбітшіліктің мәңгі тамыр жайғанын қалаймын», деп әңгіме­сін түйіндеді ол.

 

Біздің дерек:

Азамат Нығманов 1987 жылы 15 қазанда Ресейдің Омбы қаласында дүниеге келген. Б.Щукин атындағы театр институтын тәмамдады. Жалпы саны 70-тен астам фильм мен сериалдарға түсті. «Конвой» фильміндегі рөлі үшін 2012 жылы Алма­тыда өткен Халықаралық«Евразия» кино­фестивалінде және ресейлік «Кинотаврда» «Ең үздік ер адам рөлі» номинацияларына ие болды Қазақстандық режиссерлердің 5 кинотуындысында және бірнеше сериалдарында басты рөлдерде ойнады. Оның режиссерлік етуімен еліміздегі қазақ театр­ла­рында «Жұт» және «Ұждан» қойылымдары сахна­лан­ды. 

 

ПАВЛОДАР