• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 22 Қыркүйек, 2023

Даудың дауасы – бітім

413 рет
көрсетілді

Қазақ – сөзге тоқтаған халық. О бастан аталы сөздің парқын біліп, нарқын айырған. Қара қылды қақ жарып, турасын айтар билердің бір ғана сөзімен талай дау келісіммен шешілген. Кешегі араағайындық бүгін медиация деген атаумен заңды жалғасын тауып отыр.

«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші дау әр ортадан табылады. Болмашы ғана кикілжің үшін тіпті жақын деген адамдардың өштесуі қалыпты жағдайға айналып барады. Әркім өзінікін алға тартып, бірін-бірі сотқа апарудан тайынбайды.  Мұндайда мәселені сотқа жеткізбей, мәмілеге келу тараптар үшін де, заң мамандары үшін де тиімді. Тараптар татуласса моральдық, материалдық шығынның алдын алады, қағазбасты заңгерлердің жұмысы сәл де болса азаяды.

Қазір біреудің қысастығын кешіру, өз қателігіңді мойындау ерлікпен тең. Әйтпесе, сөзге тоқтау, ымыраға келу қазақтың дәстүр-дағдысында бұрыннан бар емес пе еді? Медиация 1947 жылы Америкада енді ғана пайда болып жатқанда, турасын айтар билер соты бізде орта ғасырларда-ақ болған. Ол туралы орыс ғалымдарының еңбектерінен оқуға болады. Л. Словохотов «Билер соты – асқан әділет соты» десе, А. Леонтьев «Бидің билігі – жұрттың бірлігі», «Билік айтқан би емес, бітім тапқан би болар» деп тамсана жазған екен. Осыдан-ақ ұлтымыз сөз құдіреті мен заң құдіретін сақтап қалғанын аңғаруға болады. Сол сияқты атадан қалған «ұлық болсаң, кішік бол», «алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «даудың мұраты – бітім», «кешіру – айыпты өшіру» деген сынды мысалдарды көптеп келтіруге болады. Қазір біз «медиация» деп атап жүрген мәміле жолы билер соты, ақсақалдар алқасы, қазылардың жалғасы іспетті. Билер мен ақсақалдар мәселенің ақ-қарасын ажыратып, шешімді өздері шығарған болса, бүгінде медиаторлар тек мәмілеге келуге жағдай жасайтын үшінші тарап болып отыр.

Қазір өз құқығын білетін, дауды оңтайлы шешуге тырысатын медиацияға жүгінетіндердің қарасы көбейген. Мұны Астана қаласындағы Татуласу орталығының бас маман-статисті Диана Тұрсынқызы растап отыр. Ол келтірген дерек бойынша 2023 жылғы 4 қаңтардан бастап мемлекеттік мекемеге 5 мыңнан астам іс түскен. Соның 2574-і медиациялық жолмен, яғни келісімге келумен аяқталған. Мұнда көбіне отбасылық мәселелер, қарыз беруші мен қарыз алушының арасындағы қарым-қатынастар, банктер мен микроқаржы ұйымдар арасындағы даулар шешімін табады.

Ажырасу мен татуласудың арасы бір-ақ қадам

Медиаторлармен әңгімелесе келе талап-арыздың басым көпшілігі ажырасу, татуласу мәселесіне қатысты екенін аңғардық. Ұлттық статистика бюросының 2022 жылғы мәліметіне сүйенсек, 2021 жылмен салыстырғанда ажырасу 7,7%-ға азайып, 44,5 мың ажырасу тіркелген. Ажырасудың көпшілігі қалалық жерде болады екен. Былтыр қалаларда 33,2 ажырасу (74.6%) тіркелген болса, ауылдық жерлерде 11,3 ажырасу (25.4%) болған. Еліміз бойынша Астанада ажырасу көп болған, онда ажырасудың жалпы коэффициенті 1000 тұрғынға 3,24-тен келеді. Ал Түркістан облысында 1000 тұрғынға шаққанда 0,98 ажырасу фактісі тіркелген. 1000 ерлі-зайыптының 347-і ажырасады екен. Ажырасудың жалпы коэффициенті 1000 адамға шаққанда 2,27 пайызды құрайды. Мұндай келеңсіздіктің жиілеп кеткенін байқаған сәттен Жоғарғы сот «Отбасылық сот» атты қанатқақты жобаны қолға алған еді. Аталған жоба аясында ажырасуға бел буған отбасыларға құқықтық және психологиялық қолдау көрсетіледі.

«Өкпе-реніш, ашу-ыза бар жерде екі тарап бірін-бірі түсінгісі келмейді. Әркім өз пікірін дұрыс көреді. Сонда махаббат, сенім, сезім жүрек түкпірінде бір ғана қадамнан үміт күтеді. Біз сондай жағдайда олардың жан дүниесін түсінуге тырысамыз. Өзара сөйлесе алмаған жұптардың әңгімесін тыңдап, жан дүниесіне үңілеміз. Отбасын сақтап қалуға бар ынта-шынтамызбен көмек беруге ұмтыламыз, бағдар береміз, кеңес айтамыз. Содан олар ойлана келе қайта табысып жатады», деді медиатор-метафизик Анар Кенжеханқызы.

Маманның айтуынша, ажыраспас бұрын отбасыға татуласу үшін бір ай уақыт беріледі. Алайда жағдайға байланысты қатені түсіну, қабылдау, кешіру үшін әркімге әртүрлі уақыт қажет. Ал кәсіби медиатор Берік Көпбайұлы былтырдан бері 6 мыңнан аса адаммен ажырасу мәселесі бойынша әңгімелескенін айтты. Соның ішінде ол 300-ден астам отбасыны татуластырған. «Елімізде әлеуметтік мәселелер дұрыс шешілмеген. Ажырасудың басым бөлігі осы себепке байланысты. Жастардың тұрғын үй мәселесі дұрыс жолға қойылмаған. Еңбекақы көп жерде төмен. Ұрыс-керістің көпшілігі осыдан басталады. Мұндайда жастарға түрлі жүрекке жететін сөздер айтып, иландырып, татуластыруға тырысамын», дейді ол.

Қарап отырсақ, сот жүйесінің жұмысын оңтайландыруға арналған жоба біршама отбасыны табыстырыпты. Тіпті болмағанда екі жаққа да тиімді келісімдер жасалған. Дауға дауа болған бітім тек игілікке дәнекер болсын деп тілейміз.