• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 25 Қыркүйек, 2023

Кенептегі мейірім шуағы

307 рет
көрсетілді

Әлемді үйлестіретін қуатты күш – өнер құдіреті. Себебі өнер мен шығар­машылықтың адамзатқа ортақ жалғыз тілі бар. Алматыдағы Мемлекеттік орталық музейде корей және қазақ суретшілерін бір алаңға жинаған «Жер планетасына тағзым» атты сурет көрмесінің куәсі болып қайттық.

Жер бетіндегі мамыражай тірлікке өмірдің түрлі бағытына жауапты – адам. Атыспай-шабыспай, таласпай-тартыспай жер бесікті жұмақ баққа айналдыруға жұмыр басты пенделерге не кедергі? Көрмедегі қаздай тізілген картиналар осы бір сауалдың жауабын іздеуге шақыратындай... Адам қолымен жасалатын апаттар, қиянаттар мен қастандықтар қылқалам ұстаған шеберлердің кенебінде өткір сынға ұшырайды. Сезім ырғақтарын тап басатын туындылар көңіл тазалығын, мейірім мен ізгілікті ешбір амал алмас­тыра алмайтынын алға тартады.

Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлт­тық өнер академиясы мен Тэджон­дағы халықаралық өнер алмасу қа­уым­дас­тығы бірлесе ұйымдастырған көрмеге кескіндеме, мүсін, графика және аралас техникада орындалған туындылар қойылған. Суретшілер­дің бағыттары мен стильдері жалпы заманауи өнер тілі арқылы әлем халықтарының мәдени дәстүрлері мен ұлттық құндылықтарын дәріптеуге шақырады.

Мемлекеттік орталық музей директоры Рашида Харипова мәдениет­тер достығы әлем елдерін бір арнада тоғыс­тыратын айрықша құндылық екенін, тек еліміздің ғана емес қаншама ұлт пен ұлыстың өмір өрнегінен хабар беретін құнды жәдігерлер сақталған музейде мұндай шаралар үзбей өтіп тұраты­нын айтады. Бұл өз кезегінде еліміздің халықаралық қауымдастық алдындағы беделін биіктететін жобалар санатында.

«Көрменің негізгі мақсаты – халық­тар арасындағы өзара мәдени бай­ланыс пен ынтымақтастықты қол­дау және нығайту. Бейбітшілік пен тұрақ­тылықты, табиғат пен қоршаған ортаның сұлулығын насихаттау және әлемдегі табиғи апаттар мен адамның тіке­лей іс-әрекетінен болған экологиялық апаттарға назар аудару. Бұл көрмеге отандық және шетелдік танымал сурет­шілер қатысуда. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Амандос Ақа­наев, Жұмақын Қайрамбаев, Әлібай Бапанов, Болат Тұрғынбай, Бауыржан Бай­ділда, Нелли Бубэ, Өмірбек Жұба­ниязовтардың қолтаңбаларына шетелден келген өнертанушылар таңғалысын білдіруде», дейді Рашида Ерімқызы.

Суретшілер өз идеяларын қара­пайым адамдардың өмір тынысы арқы­лы жеткізеді. Сол арқылы адам мен табиғат үндестігін, ақ пен қараның қай­шы­лығын пішіндік бедерлер мен көпқабатты бояу түстерін пайдалану арқылы сөйлетеді. Көрмеге қатысқан корей суретшілерінің ішінде еліміздің өнер саласының дамуына айшықты үлес қосып, мазмұнды келбет берген таланттар аз емес.

– Бүгінде екі ел арасындағы мә­дени, шығармашылық байланыс қар­қын­ды дамуда. Академия ұстаздары мен магис­транттары бірнеше рет Тэджон қала­сында өткен халықаралық көр­мелерге қатысып, кореялық сурет­шілер өнер академиясында көрме өт­кізіп, өзара тәжірибе алмасып келеді. «Жер планетасына тағзым» атты көрме бейнелеу өнері саласындағы жаңа заманауи бағыттағы өнер туындыларыларымен өз көрермендерін табады деп сенеміз, – дейді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ұстазы, суретші Жұмақын Қайрамбаев.

Атап өтер болсақ, дәстүрлі көрме биыл 15-рет шымылдығын түріп отыр.

 

АЛМАТЫ