• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Қыркүйек, 2023

Жазатайым апаттан сақтасын

208 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары елімізде жұмыс барысындағы жазатайым оқиғалар жиілеген. Тосын жайлардың басым бөлігі құрылыс саласына тиесілі. Өткен жылы Алматыда өндіріске байланысты 59 оқиға тіркеліп, салдарынан 4 адам қайтыс болған. Ал 26 азамат ауыр жарақат алып, еңбек қабілеті төмендеген.

Көп жағдайда еңбек қауіпсіздігіне селқос қараған мекемелер зиян шеккен жұмысшының жақындарына материалдық көмек көрсетумен шект­еледі. Әр оқиғаның өзегінде адам тағдыры тұрғанын ескерсек, азаматтардың еңбек құқына енжар қарауға итермелейтін фактілердің алдын алу қаншалықты маңызды екенін аңғарамыз. Биылдың өзінде Алматының еңбек инспекторлары 321 заңды тұлғаны жауапкершілікке тартқан. Еңбек дауына іліккендер 45,3 млн теңге көлемінде айыппұл арқалапты. Қауіпсіздік мәселесінен бөлек жалақы беруден жалтарған кәсіпорындардың да ісі мамандар назарына іліккен. Айталық алма­ты­лық жұмыс берушілердің өз қыз­меткерлері алдында 34 милион теңге берешегі бары анықталған.

– Жыл басынан бері азаматтар­дың еңбек құқықтарын қорғау мақ­са­тында жоспардан тыс 522 тек­серу жүр­гізілді. Осы тексерулер барысында еңбек заңнамасы нормаларының 783 бұзылғаны анықталып, заң бұзу­­шылықтарды жою туралы 387 ұй­­ға­рым берілді. Жеке және заңды тұлға­лардың 3 903 өтініші қаралды, бұл азаматтар мен ұйымдардың ең­бек құқықтарын қорғау мәселелері бо­йынша белсенділігінің жоғары екендігін көрсетеді. 285 кәсіпорында 708,7 млн теңгеге жалақы бойынша берешек өтелді, бұл 1 231 қызмет­кер­дің еңбек құқығын қорғауға мүм­кіндік берді. Алайда екі бірдей ірі кәсіпорын өзінің 182 қызметкеріне 97,5 миллион теңге сомасында қарыз. Қала кәсіпорындарында жасалған 27 698 ұжымдық шарттың мониторингі мен тіркелуі жүзеге асырылды. Жыл басынан бері 155 ұжымдық шарт жасалды, – дейді Алматы қаласы Еңбек инспекциясының басшысы Еркінбек Әмірғалиев.

Мемлекеттік органның мәліме­тін­ше, Алматыда қазір 110 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді, онда 900 мыңға жуық жалдамалы жұмысшы еңбек етіп келеді. Еңбек инспекторлары кәсіпорын жұмыс­шыларымен 132 кездесу өткі­зіп, оған 2 мыңнан астам адам қа­­тысқан. Іс-шара барысында 673 азаматқа еңбек құқықтарына қатыс­ты мәселелер бойынша түсінік­теме беріліпті. Мамандар кәсіпорындар мен қызметкерлер саны көп болған­дық­­тан еңбек құқына қатысты даулы мәселелер жиі тіркелетінін, дегенмен, құқықтық түсіндіру жұмыстары есебінен мұндай келеңсіздіктерді болдырмауға күш салатындықтарын айтады.

Жалпы, ел аумағында құрылыста қаза табатындардың саны азаймай тұр. Мәселен, 2021 жылдың төрт айында жазатайым оқиғалардың салда­рынан 59 жұмысшы өмірмен қоштасқан. Қайғылы жағдай­лар­дың негізгі себептері – құрылыс ала­ңын­дағы ауыр жүктер мен құрыл­ғы­лар­дың құлауы, ауыр жүк көлік­тері доңғалақтарының астына түсу, сондай-ақ жабдықтың сынуы салдарынан пайда болған жарақаттар.

Төтенше жағдайлар министр­лігінің өкілдері келеңсіз оқиғалардың негізгі себебі ретінде өнеркәсіптік қауіп­сіздік талаптарының бұзылуын, жаб­дықтардың тозуын, өндірістік және еңбек тәртібінің сақталмауын атап отыр.

«Құрылыс саласында қаза тап­қан­дар санының артуы барлық құры­лыстарда қатаң бақылау жүр­гізіл­мейтінін білдіреді. Біліктілігі төмен менеджерлерді жалдайтын компаниялар көп. Қауіпсіздік техникасына мән берілмейді. Көбіне мұндай нысандар орталықта емес, шеткері жерлерде, қалалардан алыс аумақтарда орналасқан. Бүгінде отандық нарықта негізінен ірі құры­лыс компаниялары қалып отыр. Шағын компаниялар бәсекелестікке төтеп бере алмағандықтан біртіндеп аза­йып келеді. Оларды тендерлерге қатыстыру төмендеп барады, олар «жақсы үлес» ала алмайды, оларды біздің «ірілер» алып ке­те­ді. Нәтижесінде, құрылыс сала­сында бірнеше монополистердің қалатындығы айқын болып келеді. Олардың артықшылықтары көп. Жақында пәтерімнің терезесінен екі нысанның құрылысын бақыла­дым. Біреуі ірі құрылыс компаниясына, екіншісі кішігірім және қарапайым компанияға тиесілі. Шағын ұжымның құрылыс алаңын­­да бірнеше ескі трактор, жұ­мыс­шы­лардың түрлі-түсті тозған киімі, тіпті құрылысшылар қорғаныш бас киімінсіз жүргенін байқадым. Онда еңбек ұйымдастырылуы адам шошырлық. Ал ірі компанияның құрылыс алаңында бәрі мұқият жос­парланған, ненің қайда тұратыны, жүретін жолдары, доңғалақтарды тазалау орындары, бәрі айқын көрініп тұр. Техника мен жұмысшы киімдері жаңа. Жұмыс осылай ұйым­дас­ты­рыл­са жазатайым оқиғалардың қаупі де азаяды. Құрылыс нарығында ебе­дейсіз жұмыс істейтіндерге тоқ­там жасау қажет», дейді экономист Рүстем Жансейітов.

Қазіргі таңда еңбек ұжымдарында еңбек заңнамасының талаптарын сақтау өзекті мәселе болып отыр. Қоғам­дағы еңбек қатынастарына қатысты ойлар да азаматтарды тол­­ғандырар тақырып. Елімізде өн­ді­ріс­тік жарақат салдарынан болған өлім үшін жұмыс беруші жауапқа тартылады. Арнайы комиссия құрылып, іс жан-жақты тергелуі шарт. Ол кемінде 3 адамнан тұруы керек. Яғни комиссия құ­ра­мында кәсіпорын басшылығы, еңбек жөніндегі мемлекеттік инс­пек­ция, еңбекті қорғау, дәрігер, құ­қық қорғау органдары прокуратура қызметкері болуы міндетті. Комиссия куәгерлердің айғақтары бойынша қорытынды шығаруға тиіс. Егер қауіпсіздік техникасы бұзылса, онда марқұмның туған-туыстары үшін өтемақы алу мүмкіндігі азаяды.

 

АЛМАТЫ