• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 27 Қыркүйек, 2023

Жылыту маусымы: Дайындық жүйелі емес

286 рет
көрсетілді

Алдағы қыс жаңа өңір үшін екінші жылыту маусымы болмақ. Екібастұздағы жағдайды ескере отырып, облыстық бюджет есебінен жылумен жабдықтау көз­деріне 1,4 млрд теңге бөлінген. Әйткенмен мердігер салғырттығы салдарынан һәм бөлінген қаржы тиісті жерге жетпегендіктен, ағымдағы жұмыстар әлі бас­талмаған. Ал далада қара күздің салқыны сезіліп тұр. Халықтың көңілі алаң.

Жылу уақтылы берілмеуі мүмкін

Жалпы, жылыту маусымының жайы­на тоқталмас бұрын, жоғарыдағы мә­селенің мән-жайына үңілсек. Алдағы жылыту маусымына дайындық жұмысын ойдағыдай жүзеге асыру үшін бүгінде энергиямен жабдықтау кәсіпорындары 2 турбина, 30 қазандық, 12 шақырым жылу және 886 шақырым электр желісіне, 113 трансформаторлық қосалқы стансасына жөндеу жұмысын жүргізіп жатыр. Алай­да жұмыстар жүйелі ұйым­дас­ты­рыл­мағандықтан, дайындық ойда­ғы­дай емес. Осыған орай об­лыс әкімінің орынбасары Серік Қана­ғатов­тың төрағалығымен жылыту мау­сы­мына дайындық жағдайы қаралған еді. Сол жиында көп түйткілдің шеті шықты.

Облыстық энергетика, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылығы бас­қар­­масы басшысының орынбасары Данияр Сқақовтың айтуынша, Сарқан қаласының орталық қазандығының тозған 2 қазан­дығын ауыстыруға мер­дігер анық­тал­ға­ны­мен, қажетті не­гізгі жаб­дық­тар­дың жоқ болуына бай­ланысты әлі күнге дейін жұмыс бас­­талмаған. Ол аздай, Үштөбе қала­сында блокті-модульді қазандық сатып алуға және орнатуға қаражат биыл шілдеде бө­лін­ген. Алайда конкурстық рәсімдер әлі күнге дейін жарияланбаған. Талдықорған қаласындағы Дарабоз ана, Абай, Гаухар ана, Балпық би көше­ле­рін­дегі жылу желісінің учаскесін қайта жаңарту жобасының іске асырылуына байланысты биыл 4-28 қыркүйек аралығында абоненттерді ыстық судан ажырату жоспарланғанымен, жұмыс уа­қытында аяқталмауы мүмкін. Бұл тұр­ғындардың наразылығын тудырады. Сонымен қатар Ескелді ауданының Ақтұма, Ақ­еш­кі және Сырымбет ауыл­да­рының тұрғындарын орталық сумен қамтамасыз етілмеу қаупі бар.

«Қысқы жылыту маусымынан қы­сыл­май шығу үшін энергия кәсіпорын­да­рына 365 мың тонна көмір, 10,1 мың тонна мазут қажет. Сонымен қатар бюджеттік ұйымдар үшін 11,4 млн литр дизель, 16 мың тонна көмір және 4,2 мың тонна пеллет дайындалуы керек. Алайда энергия кәсіпорындарында бүгінде 81,6 мың тонна көмір, 1,7 мың тонна мазут қоры бар. Кәсіпорындарға көмір толығымен сатылып алынғанымен, жос­пардағы 365 мың тонна көмірдің 167,9 мың тоннасы ғана жеткізілген. Мазут отынын жеткізу қазан айында басталады», дейді Д.Сқақов.

Бүгінде бюджеттік ұйымдарға 11,2 млн литр (қажеттілік 11,4 млн литр) сұйық отыны сатып алынса, оның 8,8 млн литрін ғана діттеген жеріне жет­кі­зілген. Бюджеттік ұйымдарға қа­жет­ті 16 мың тонна қатты отынның 13,5 мың тоннасы жеткізілген. Өкінішке қарай, Панфилов ауданының мәдениет нысандарына көмір мүлдем жоқ. Облыс тұрғындары үшін көмірдің жалпы қажеттілігі 453,8 мың тоннаны құрайды, бүгінде 250,4 мың тонна алынған. Дегенмен тұрғындардың қатты отын дайындау жұмысы Қаратал, Көксу, Ақсу аудандарында баяу.

Жылыту маусымы жақындап қалса да, облыстағы 10 білім беру ныса­ны­ның жөндеу жұмысы толық аяқтал­маған. Сондықтан жылыту маусымына дайындық жұмысы басталмаған. Соны­мен қатар жылу және электрмен жабдықтаушы ұйымдар алдында деби­тор­­лық берешектердің уақтылы өтел­меу мәселелері туындады. Сал­дарынан кәсіпорындар уақытша қаржылық қиын­дық­қа тап болып отыр.

Жылыту маусымында «Талды­қор­­ған­жылусервис», «Алакөл­жылу», «Сар­қанжылу» «АсуТВК» «Панфи­лов­су­құбыры» мекемелері мен «Жылыту орталығы» ЖШС-лардың көмір және мазут сатып алуына бюджеттен 1,8 млрд теңге қарастырылған. Бюджеттік ұйым­дарға көмір және дизель отынын жеткізу, жеке секторды көмірмен толық қамтамасыз ету мақсатындағы жұмыстар да ретімен жалғасып жатыр. Сондай-ақ 1 648 көпқабатты тұрғын үй және бюджет саласының 936 объектісін қысқы жылыту маусымына дайындау жұмысы қадағалануда.

Орталық қазандықтарды жаңғырту, жылу және электр желілерін жөндеу жүргізіліп жатыр. Осы жылы Талды­қор­ған, Текелі қалалары мен Алакөл, Панфилов, Сарқан аудандарындағы жылумен жабдықтау нысанын жаңғыртуға, салуға және ағымдағы жөндеу жұмысына бюджеттен 3,7 млрд теңге бөлінген. Сол қатарда Талдықорған қаласындағы №4 қазандықты газбен жылытуға ауыстыру және Текелі қаласындағы «Алатау» шағын ауданындағы жылу желілерін қайта құру және салу, Алакөл ауданы, Үшарал қаласындағы қазандықты қайта жаңарту, Панфилов ауданы, Нұркент ауылының жылу желісін кеңейту, Сар­қан ауданы Сарқан қаласының қазан­­дығы жөнделіп жатыр.

Жылу желісі мен көздерін қайта жаңарту аясындағы жоспар Қаратал мен Панфилов аудандары және Талдықорған қаласында қарқынды жүріп жатыр. Бүгінде облыстық бюджеттен «Басқуат» қазандығын қайта құру және кеңейту» жобасына түзету жүргізуге 500 млн теңге бөлініп, жұмыс жүргізілуде. Бұл келесі жылы наурыз айында аяқталып, алдын ала мөлшерленген құны 25 млрд теңгені құрайтын жоба 2024-2025 жылы жүзеге асырылмақ. Электрмен жабдықтау жобасына да облыстық бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, 205 шақырымнан аса электр желісі қайта жаңғырады. Демек аймақта қысқы жылыту маусымына дайын­дық жұмысы қарқынды жүруде және оған керекті қаржы мөлшері де жет­кілікті.

Күздің ызғары бірте-бірте күшейіп барады. Санаулы күндерден кейін еліміздің барлық аймағында жылыту маусымы басталады. Осы ретте шал­ғайдағы аудан­дардың дайындығын сұрап білдік.

«Алакөл ауданы бойынша жылыту маусымы бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Ауданда 2 орталықтан­ды­рылған жылыту қазандығы жұмыс істейді. Орталық қазандықты қатты отынмен қамтамасыз етуге «СнабСервисГруп» ЖШС-мен 378 млн теңгеге 24 156 тонна қатты отын жеткізуге келісімшарт жасалып, тәулігіне 132 тоннадан тасымалдау жұмысы жүргізілуде. Қазіргі таңда 16 048 тонна қатты отын жеткізілді. Жылу желілерін ағымдағы жөндеуге бай­ланысты 117 млн теңге қаражат бө­лі­ніп, бұл жұмысты «Велунд сталь» ЖШС сапалы атқаруда», дейді аудан әкі­мі­нің баспасөз хатшысы Айжан Мұрат.

Жалпы алғанда, ауданда барлығы 13 745 жеке тұрғын үйге жылыту мау­сымы барысында 71 696 тонна қатты отын қа­жет. Бүгінгі таңда 41 787 тонна көмір са­тылып, тұрғындардың 59,1 пайы­зы қысқы дайындығын қамдап алды. Аудан­ды қатты отынмен қамтамасыз ететін 5 теміржол тұйығы бар. Бүгінгі таңда 14 вагон немесе 1 041 тонна кө­мір қоры жеткізіліп, сатылып жатыр. Со­нымен қа­тар «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ ақпараты бойынша барлығы 11 вагон немесе 759 тонна көмір жолда келе жатыр. Көмірдің орташа сатылу бағасы 17 500-23 000 теңге аралығында.

Жыл сайын жылыту маусымы бас­талғаннан бастап тұрғын үйлер мен пәтерлердегі тұрмыстық өрттің саны артатыны да белгілі. Бұл көбінесе жылыту жүйелері мен қондырғылардың тозуы, пештің ақауы, жылыту, электр желісін шамадан тыс жүктеу ке­зіндегі өрт қауіпсіздігі ережесін өрес­кел бұзу, сондай-ақ тұрғындардың нем­құ­райдылығынан туындап жатады. Сон­дық­тан да өрттің алдын алу, жалпы қарапайым талаптарды орындау туралы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері де түсіндіру жұмысын бастап кеткен.

 

Көмірдің бағасы қымбаттаған

Жауапты мамандардың сөзіне сүйен­сек, қазір көмір сатып алу жұмыс­та­ры қызу жүргізіліп жатыр. Талды­қор­ғанға жақын аудандар көгілдір отынмен қам­тамасыз етілгенімен, қатты отынға сұ­ра­ныс жоғары. Былтырғы олқы­лық­тардың алдын алу үшін қоймалардан тонналап тасуда.

«Облыс бойынша 34 көмір тұйығы­мен 4 қойма жұмыс істеп тұр. Дәл қазір ол жерлерде 27,8 мың тонна көмір бар. Орта есеппен тәулігіне 24 вагонмен 1 656 тонна көмір жеткізуде. Алдымыздағы жылыту маусымына жалпы 453,8 мың тонна көмір қажет. Қыркүйек айында 65,4 мың тонна көмірді алып келу жоспарланған. Аудан және қала әкім­діктерінің ақпараты бойынша көмірдің бір тоннасы орташа есеппен 17 200-18 300 теңге, ал теміржол қаты­насы жоқ Ақсу және Сарқан ауданда­рын­дағы баға 24 000-26 500 теңге», дейді Д.Искаков.

Жалпы, жұмыстың жүйелі орындалу барысы – тікелей бақылауда. Оған арнайы мониторинг жүргізіледі. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агент­тігінің облыс бойынша департа­менті көмір бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу үшін жұмыс істеп жатыр. Теміржол қатынасы жоқ алыс Ақсу мен Сарқан аудандары Талдықорған мен Алакөл ауданы арқылы көмірді тасымалдайды. Ақсу ауданындағы жал­­ғыз тұйық І.Жансүгіров ауылында ор­наласқан. Ол жердегі қоймаға жауапты Сейдахмет Жаңабатыров: «Менің дәл осы жұмыспен айналысқаныма 30 жылдан асып кетті. Халыққа тиімді баға ұсынып, көмірдің сапасына мән береміз. Біз арнайы «КамАЗ» жалдап, сол арқылы жұмыс істейміз. Ал жолдан алып, бағасын негізсіз өсіріп жүргендер де жоқ емес. Мәселен, олар ауданымызда әр тоннасын 30 мыңнан сатады. Біздегі баға белгіленген. Ол межеден асып та, бұзып та кетпейміз. Дәл қазір қоймада көмір жеткілікті. Қажеттілік болып жатса, қосымша алып келеміз», дейді. Көршілес Сарқан ауданында да көмір бағасы облыстағы басқа елді мекендермен салыстырғанда жоғары. Себеп белгілі. Облыс әкімінің баспасөз қызметіндегілердің бізге берген ақпа­раты бойынша Сарқан қаласында екі қойма жұмыс істейді. Соның бір қой­ма­сына Ерлан Бейсембеков жауапты.

«Қоймамыздағы көмір қоры жет­кілікті. Тұрғындар жақсы алып жатыр. Бір тонна көмірдің бағасы – 26 500 теңге. Араға үш күн салып Талды­қор­ғаннан алып келіп отырамыз. Арнайы «КамАЗ» жалдаймыз. Жағдайға қарай біз де әрекетті ширата түсеміз. Көмір сұранысқа ие, қоймаларға әлі де тасып жатыр. Бұл – теміржол қатынасы жоқ өңірлердегі жағдай», дейді Ерлан Нұрсайынұлы.

Ал газбен қамтылған, теміржол қаты­насы бар Ескелді, Кербұлақ, Қара­тал аудандарымен Талдықорған қала­сын­­дағы қоймаларға жауапты Талғат Дихан­баевтың өз айтары бар.

«Былтыр дәл осы уақытта кезек бас­талып, тұрғындар жапа-тармағай кө­мір алуға асықты. Биыл жағдай басқа. Қоймада көмір өз мөлшерінен аса толып тұр. Халық қажеттілігіне қарай көмір сатып алып жатыр. Бұрынғыдай талас жоқ. Қоймаларды атап өтсек, Талды­қор­ған­дағы қоймада – 5 мың тонна, Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауы­лын­дағы қоймада – 1,5 мың тонна, Үштөбеде 600 тонна көмір бар. Ертең қара суық келгенде кезек көбейіп, шу шығып кетпес үшін кез келген адам қа­зірден қимылдағаны абзал. Ал біз өз кезегімізде жоспарды толық орындап, қыстан жақсы шығуға ниеттіміз», дейді Талғат Жұмабайұлы.

Жалпы, жылыту маусымына облысымыз «Қаражырадан» 216,8 мың тонна, «Шұбаркөлден» 237 мың тонна көмірді алып келуді жоспарға қойған. Теміржол қызметкерлерінің айтуынша, мамырдан бері 120,8 мың тоннасы келген. Бұл – пайыздық көрсеткішпен есептегенде 26 пайыз. Межелеген өлшемнің жартысына да жетпейді. Демек алдағы уақытта вагондар көбейіп, көмір мөлшері де артпақ. Қыркүйектің өзінде 948 вагон көмір алып келу күнтізбеге енген. Қазір 5,7 мың тонна көмір тиеліп дайын тұр. Қатты отынды пайдаланушыларға бар­лық жағдай ойластырылған. Тек уа­қытымен әрекет етіп, тиімді баға ұсы­нылып тұрғанда сатып алу қажет.

 

Жетісу облысы