Қоғам дамуын тежейтін қолайсыздықтың бірі – жемқорлық. Президент жауапты орындарға жемқорлықпен күрес мәселесін жүйелі жолға қоюды тапсырды. Осыған орай өңірлерде жемқорлық фактілеріне итермелейтін проблемаларды талдау ісі қолға алынған. Алматылық мамандар арнайы карта әзірлеу барысында сыбайлас жемқорлыққа бейім 8 саланы анықтаған.
Құрылыс және тұрғын үй, экология, жер қатынастары, кәсіпкерлік, экономика және қаржы, әлеуметтік сала, инфрақұрылым мен жол – сынға іліккен салалар санатында. Мәселен, биыл кәсіпкерлік қызметке араласқаны үшін 3 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ рұқсат беру тәртібі мен мерзімін бұзған тағы 4 тұлғаның әрекеті әшкереленген. Жемқорлар қолды қылған 9,2 млрд теңге қайтарылып, тағы 5,4 млрд теңге көлеміндегі қаржы бұғатталған.
«Өңірлік проблемалардың ерекшелігін ескере отырып, агенттік облыс пен республикалық маңызы бар қалалар үшін сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің картасын әзірледі. Картада үдерістердің ашықтығына, әкімшілік кедергілердің болуына, заңнаманың жетілмегендігіне байланысты шешімін табу мүмкін емес өзекті мәселелердің тізбесі ұсынылған. Оны іске асыру шеңберінде биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы 8 мониторинг және сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне 3 сыртқы талдау жүргізілді. Нәтижесінде, 129 ұсыныс енгізіліп, 24 тұлға жауапкершілікке тартылды», дейді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы қаласы бойынша департамент басшысы Арман Рахимов.
Алматыда 350 мыңға жуық шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері тіркелген. А.Рахимовтің айтуынша, бизнес саласы мемлекеттік органның ерекше бақылауында. Кәсіпкерлерді қорғауға бағытталған «Бизнес жол» жобасы аясында бес бірдей кездесу өтіп, оған екі мыңнан астам кәсіпкер қатысқан. Кәсіп иелерін алаңдатқан 26 күрделі мәселе оңтайлы шешім тауып, барлығы алты жүз азаматтың құқы қорғалған.
Агенттік іске қосқан «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтерлік» жобасы бірнеше қылмыстың бетін ашуға сеп болған. Заңсыздыққа бейжай қарамайтын 100-ге жуық азамат сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке белсенді қатысуға ниет білдіріпті. «Сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік бойынша қоғамның санасын өзгертетін алдын алу жұмыстары оң нәтиже беріп отыр. Бұрын халық пара алу фактілері туралы жиі жүгінетін болса, енді мемлекеттік қызметшілердің өздері оларға ұсынылатын сыйақылар туралы белгі береді», дейді А.Рахимов.
Былтыр Алматыда сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқық бұзушылықтар туралы хабарлағаны үшін 2,6 млн теңге сомасында 13 азаматтың еңбегі қаржылай бағаланған. Ал осы жылы жемқорлықты анықтауға көмектескендерге 520 мың теңге сыйақы төленген.
АЛМАТЫ