Тамылжыған күздің тамаша күнінде белгілі жазушы, көрнекті журналист, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаушы, қазіргі Қазақстан спорт журналистері федерациясының тұңғыш төрағасы, 1966 жылы Лондонға, 1970 жылы Мексикаға барып, футболдан әлем чемпионаты туралы алғаш қалам тартқан Сейдахмет Бердіқұловтың 90 жылдық торқалы тойына орай Қонаев қаласында «Ар-намыстан жаралған қайраткер тұлға» атты ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Көрнекті қаламгер, «Жұмыр жерде теңбіл доп», «Мұңайып оянған қала», «Нартәуекел», «Аспаннан шұға жауған күн» секілді белгілі шығармалары ел есінде қалған, «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетін басқарып жүргенде бүгінде еліміздің баспасөзіне еңбегі сіңген көптеген редакторды баулыған Сейдахмет Бердіқұловтың мерейтойына арналған салтанатты іс-шараның шымылдығы қаламгердің өмір өткелдерін суреттеген театрландырылған қойылыммен ашылды. Онда азан шақырып ат қойғанынан бастап, әкесінің «халық жауы» ретінде қуғындалғаны, соғыс жылдарындағы алапат ауыртпалықтар көрініс береді. Соңында жұрт көңілін жадыратқан Мәскеу олимпиадасындағы шат-шадыман кездер, төрткүл дүниені шарлаған қазақ баласының жаһандық кейіпкерлері мен жазушы өмірінің кейбір кезеңдері көркем композицияға арқау болған.
Жиынға арнайы келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізді.
«Сейдахмет Бердіқұлов көрнекті қаламгер, оның артында шоқтығы биік шығармалары қалды. Журналистика саласына зор еңбек сіңірді. Үлкен мектеп қалыптастырған қабырғалы қайраткер. Ұлт мақтанышы. Біздің республикалық басылымдардың, ұлттық баспасөздің жаңа деңгейге көтерілуіне септігін тигізді. Бүгінде ұлттық руханиятымыздың туын көтеріп отырған ізбасарлары барда Бердіқұловтың есімі ешуақытта ұмытылмайды», деді М.Отарбаев.
Ақындар мен батырлар елі – Жамбыл ауданында кіндік қаны тамған қаламгердің мерейтой салтанатына жиылған қауымды Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахым құттықтады.
Бұдан кейін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нағашыбек Қапалбекұлының құрастыруымен жарыққа шыққан Сейдахмет Бердіқұлов туралы «Тұйғын талант» атты жинақтың тұсауы кесілді.
Конференция жұмысына қатысқан қаламгердің замандастары мен шәкірттері атынан сөз алған Нұрлан Оразалин, Жанболат Аупбаев, Өтеген Оралбайұлы, Қыдырбек Рысбек, Қансейіт Әбдезұлы, Жұмабай Шаштайұлы, басқа да танымал тұлғалар сөз сөйлеп, аяулы аға туралы естеліктерін ортаға салды.
«Сейдахмет Бердіқұловтың бүкіл өмірі қазақтың тұтастығына, ұлтымыздың өнегелі, өрісті болуына арналды. Қолына қалам ұстап жүрген жазушы дейтін қауымның ішінен суырылып шығып, ел басына қиын-қыстау күн туғанда ойын жасқанбай айтқан және ешкімнің алдында бүгежектеуді білмеген, бабалардан біткен ұлы қасиетімен ғұмыр кешкен Сейдағаңның әруағы бір аунап түскен болар. Мен – Сейдағаңның шәкірттерінің бірімін. Менің алғашқы еңбек кітапшама редактор ретінде қол қойып, қызметке алған алғашқы ұстазым», деген көрнекті ақын, мемлекет қайраткері Нұрлан Оразалин ой түбінде жатқан естеліктің тиегін ағытты.
«Менің есімде қалғаны, Суықтөбеде Сейдағаның 50 жылдық жиыны өтті. Мінбеге шықты. Қазақ спорты жөнінде репортаждары газеттен түспейтін кез. «Лениншіл жастың» дәуірлеп тұрған заманы. Сол жиында Сейдағаңның бір сәті жанымда жаңғырып отыр. Ол кезде қызыл империяның қылышы жарқылдап, әруақтарды айтқызбайтын. Соған қарамастан мінберге шыққан Сейдағаң ешкімнен қаймықпай: «Біз әруақтарды өкпелетпеуіміз керек. Тірінің тіршілігін түзейтін – ұлы әруаққа айналған тұлғаларымыз. Қазақты сақтап келген солар. Қаракерей Қабанбай, Райымбек, Қарасай сынды бабаларымыз болмаса, басына қилы-қилы күн туған кезде қазақтың жағдайы қалай болар еді? Шығыстан келген, бізбен ғасырлар бойы алысып келе жатқан ұлы империяның табанында қалар ма едік, әлде солтүстіктен келіп бізді таптап отырған елдің қанатының астында қалып, жоқ боп кетер ме едік? Рухымызды сақтаған сол ұлы бабаларымыз», деген сөзі бүкіл залды рухтандырған болатын. Міне, бар-жоғы 50 жасында жалындай сөйлеген Сейдахмет Бердіқұловтың осы ірілігі ұлттың санасын сілкінтті. Халық ұзақ қол соқты. Бұл Сейдағаңның батырлығына қол соғуы еді», деп еске алған Нұрлан Оразалин қаламгердің өмірі күреспен өткенін сөз етті. Қайсарлығымен өз биігінде қалғанын атап айтты.
Қазақ журналистикасының қаламы қарымды, ойы ұшқыр буынын қалыптастырған ұстаздың мерейтойына алыс-жақыннан ат арытып жеткен шәкірттері бірінен соң бірі сөз алып, тебіреністерін білдірді.
«Тұйғын таланттың» атын мен қойған едім. Сейдағаңның асыл қасиеті – қазақ баласын алаламады. Жақсылыққа жаны құмар, шын таланттарды өзінің жанына жинады. Мен Маңғыстау деген елден келдім, газетке елдің төрт бұрышынан тілшілер түгел жиылды. Соның арқасында «Лениншіл жас» газеті еліміз бойынша республикалық басылымдар ішінде 300 мың данаға жетті. 50-жылғы толқын басы-қасында болдық. Желтоқсан көтерілісі қалай болды? Ол өздігінен бола салмады. Сейдағаң басшылық жасаған «Лениншіл жас» газеті жылдар бойы қазақтың рухын, намысын, жігерін оятты. Сөйтіп, халық өзін-өзі танып, алаңға шықты. Міне, Сейдағаның ұстаздық дастаны, ерлігі осында жатыр.
Желтоқсан дүрбелеңінде Мәскеуден, саяси бюродан келген М.Соломенцев пен жандайшап В.Разумовский, Г.Колбин қатысып отырған, Алматы қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы Г.Шулико жүргізген жиналыста Сейдағаң ортаға шығып, жастарға ара түседі. Сонда Шулико: «Бердіқұлов, сөзіңді қысқарт, не деп тұрсың?» деп сұқ саусағын безегенде, ештеңеден сескенбеген Сейдағаң: «Ей Шулико, тарт ана сұқ саусағыңды. Осы саусақтар бізді осы күйге жеткізген» деген еді. Бұл 1986 жылдың 20 желтоқсаны болатын. Мұндай ерлікті ешкім күтпеген. Желтоқсан көтерілісінде бірінші сөйлеген де Бердіқұлов болатын. Біз Желтоқсан көтерілісін қалай ұмытпасақ, Бердіқұловты да солай ұмытпауымыз керек», деді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Өтеген Оралбайұлы.
Бұдан кейін сөз алған жампоз журналист Жанболат Аупбаев одақтас 15 елдің ішінде аты кеңінен танылған Сейдахмет Бердіқұловты қазақ спорт журналистикасының үздігі деу аз, көрнекті өкілі екенін атап айтты. Екіншіден, әлемде алты құрлық бар болса, Әнуар Әлімжановтан кейінгі төрт құрлыққа табаны тиген Сейдахмет Бердіқұлов екеніне айрықша тоқталды.
«Сейдахмет Бердіқұлов – қазақ спорт журналистикасының үздігі. Ол – журналистиканың көрнекті өкілі. Әріптесім Сауытбек Абдрахмановтың «ол кісіні бүкіл совет елі білуші еді ғой» деген сөзі рас. КСРО-ның спорт тақырыбына жазатын журналистерінің тізіміне санаулы ғана адамдар кірген. Соның бірі – Сейдахмет Бердіқұлов. Негізі, аталған тізімге Грузия, Армения, Беларусьтің белгілі спорт журналистері де енбеген. Кеңес одағындағы 15 республиканың ішінен қазақ Сейдахмет Бердіқұлов деген фамилияны айқын көруге болады. Географиядағы алты құрлықтың төртеуіне табаны тиген журналистің бірі – Әнуар Әлімжанов, екіншісі – Сейдахмет Бердіқұлов. Ол Америка, Азия, Африка, Еуропа құрлығын түгел көрген. Мұның – өзі үлкен бақыт.
«Ол «Лениншіл жасты» кадрлар тәрбиелейтін журналистика мектебіне айналдырды. Сейдахмет ағамен 14 жыл бірге жұмыс істедім. Мені де екі-үш жерге жұмысқа шақырды. Сейдахмет «жоқ, осында істей бер, әлі талай шақыртулар болады. Республика үлкен, сен еркін шарламайсың ба, қызық нәрсені тауып жазбайсың ба?» деп тоқтататын. Мен оның қамқорлығын көп көрдім», деді Жанболат Аупбаев.
Ал Қыдырбек Рысбек Сейдағаңа бала кезден рухани тұрғыда жақын болғанын еске алып, тебірене сөйледі.
«Сейдахмет Бердіқұловтың шәкірті болу біздің маңдайымызға бұйырды. Мен Сейдахмет ағамен алғаш рет 1973 жылдың қаңтар айында «Лениншіл жас» газетінің беттері арқылы таныстым. Ол кезде мен 10-11 жастағы бала едім. Ауылда сабақтан келе жатып «Лениншіл жас» деген газетін алдым. Үйге әкеліп, ең соңғы спорт бетін ашып «С.Бердіқұлов» деген фамилияны оқыдым. Ауылда жүрген бала Сейдахметтің шәкірті болады деп ойлап па еді? Газет бір күн кешіксе, тыным таппай іздейтін жағдайда болдым. 1973 жылдан бастап Сейдахмет Бердіқұловтың жазғандарын оқып, алыстағы ағаны жақын тарттым. Газеттен сол кісінің атын оқып қалсам, ерекше қуанар едім. Алыста жүріп Сейдағаң ағамен балаң көңілмен сырласатын болдым. Бұл мен секілді Сейдағаң шығармашылығымен сусындаған мыңдаған жастың да арман-мақсаты, шынайы көңілі шығар. Ол кезде елге танымал ағаның шәкірті болу қаперімде де болған емес. Осылайша, ол талай журналистің шамын жақты, бағын ашты», деді спорт журналисі Қыдырбек Рысбек.
Сейдахмет Бердіқұловтың тұла бойы намыстан жаралған қазақтың нағыз қайраткер азаматы екені сөзсіз. Ол – қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған, сырлы сөздің тарланы. Елі барда ол ешқашан ұмытылмайды.
Қазақ спорт журналистикасының жарық жұлдызына айналған арда қаламгер Сейдахмет Бердіқұловтың шығармашылығына арналған конференция соңында «Сүйінбай сазы» мен «Құлан саз» ансамбльдерінің өнерпаздары концерттік бағдарламаларын ұсынды.
Алматы облысы