• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Үкімет 02 Қазан, 2023

Креатив индустрияның бүгіні мен болашағы

259 рет
көрсетілді

Жастардың білімін шың­дап, түрлі жобаларын жү­зеге асыруға қолдау көр­сетіледі. Бұл бастама Мем­лекет басшысының креатив индустрияны да­мыту тапсырмасы негі­зін­де жүзеге аспақ. Же­тісу облысының тұрғын­дарымен кездес­кен Мәдениет және ақ­парат министрі Аида Ба­лаева осыған қатысты заң әзірленіп жатқанын жеткізді. Жүз мыңға жуық адам еңбек ететін салаға барынша қолайлы жағдай жасалып, дамуына жол ашылмақ.

Қазір креативті индустрия саласы өркендеп келеді. Әсіресе Еуропа мемлекеттері бұл ба­ғытта өзіндік сүрлеуін салып үл­герді. Мемлекет басшысы өз сөзінде мегаполистерден бөлек, өңірлер де бұл тұрғыда назардан тыс қалмауын тапсырған еді. «Креатив иелерін» қолдау шараларының жеке пакетін әзірлеуді Президент соңғы Жол­дауында да нақтылап жеткізді. Қазір Мәдениет және ақпарат министрлігі осы бағытта жұмыс істеп жатыр.

Саяси реформаның та­ғы бір оңтайлы жетістігі – сай­лау институтындағы жаңа­шылдық. Екі жыл бұрын бас­талған ауыл әкімдерін сайлау өз нәти­жесін бере бас­та­ды. Осы уақыт­қа дейін елі­міз­дің түкпір-түк­пірінде 1 700-ге жуық ауыл әкімі сайланған. «Ауыл әкімдерін сайлау біз үшін үйреншікті жағдайға айналып үлгерді. Ха­лық сайлаған әкімдер тәуел­сіздікпен қатар азаматтар ал­дын­дағы жауапкершілік пен есеп беру мүмкіндігін де арт­тыр­ды. Өз кезегінде ауыл тұр­ғындарының өзде­рі тікелей өкілі арқылы ше­шім қабылдауға ықпал ету құқығын кеңейтті. Біз микро­деңгейде атқарушы би­лік­тің тұрғындармен қалай ты­ғыз жұмыс істей бастағанын көріп отырмыз», деді Аида Ғалым­қызы.

Еліміздегі демократиялық үдерістің нәтижесі бірден бола қоймайды. Сатылап жүзеге асатын саяси реформаның игілігін халық уақыт өте көреді. Аида Балаеваның айтуынша, саяси реформалардың орындалуы мен тиімділігіне әсер ететін екі фактор бар. Ең алдымен қажетті тұ­рақтылық пен берік татулық. Қаңтар оқиғасы аласапыран әре­кеттерден өркениетті ел болмасымызды айқын көрсетті. Екін­ші шарт – азаматтық қоғам­ның белсенділігі. Қоғамда әрбір белсенді азамат еліміздегі саяси үдеріске үн қосқанда ғана реформа нәтижелі болмақ.

«Президенттік реформа­лар ұзақмерзімді нәтиже беріп, мем­лекетіміздің да­муы­ның берік іргетасын қалап қана қоймайды, олар әу бастан қа­ра­пайым отан­дас­тары­мыздың өміріне әсер ететін нақты нәтижелер беретінін атап өткен жөн», деді министр.

Аида Балаеваның айтуынша, еліміз сөз бостандығы мен әділдік тұрғысында Орталық Азияда көш басында. Ше­телдік зерттеулерге зер салсақ, осы аймақта өтетін барлық митингінің 59 пайы­зы елімізге «тиесілі» екен. Сара­лап қарағанда көрсеткіш Өзбек­станнан – 7, Қырғыз Рес­пуб­ли­касынан 2 есе көп. Бұған себеп, 2020 жылдан бастап ми­тин­гілерді өткізудің хабарландыру сипаты ен­гізілді. Министр нәтиженің жақсы екенін, бірақ ұлттық қауіпсіз­дікке, тұтастыққа қауіп төндірмеу керегін алға тартты.

Отандық БАҚ-тың ел да­муындағы өз биігі қалып­тас­қан. Дейтұрғанмен, журна­листердің де мәселесі жетіп артылады. Арнайы мәртебенің жоқтығы, тілшілер қосынына кей құрылымдардың бейжай қарауы, өңірлер мен аудан­дардағы мерзімді басылымдарда кадр тапшылығы сынды мәселе­лер министрмен кездесуде сараланды. Қаламды қару еткен өңір журналистері Аида Балаеваға ресми органдардың БАҚ туралы заңда көрсетілгендей жол­данған сауалға уақытында жауап берілмейтінін алға тартты. Әсіресе бұл олқылық құ­қық қор­ғау саласында жиі байқа­лады екен. Министр заң­ның үс­­тем­дігі орнаған мемлекетте мұн­­дай олқылыққа орын жоғын, жер­гілікті әкімдік тарапынан тиісті ақпараттық түсіндірме жүр­гізілу керегін алға тартты.

Қазір ІТ технологиялар дәуі­рінде қағаз баспаның, мерзімді басылымның қажет емес екенін алға тартатындар бар. Әлеуметтік желі мен оны қолданып, ақпарат тарататындар газетті қоғам қа­жет етпейтінін алға тартып жүр. Министрге осы жайдың ақ-қара­сын ажыратып беруде сұрағандар да табылды.

«Газет – тарих, журналист – тарихшы. Бүгін жазылып, газет бетіне түскен дүние уақыты келгенде тарихи дәйекке айналады. Қанша қоғам дамығанмен мерзімді басылым оқырманмен бірге жасай береді. Әлеуметтік же­ліде тараған ақпардың бәрі ақиқат емес. Жалған ақ­па­рат, фейк дегеніңіз қазір өріп жүр. Министрлік жанынан күн сайын мониторинг жүргізіледі. Жалған ақпарат таратқандарға тоқтам бар. Біз заң үстемдік құратын елде өмір сүреміз. Ал газетте жал­ған ақпар, фейк мәлімет шық­пайды. Шыны керек, қазір республикалық және өңірлік БАҚ болып бөліну байқалады. Бұл көзқарасты түбегейлі жою керек. Бір кеңістік, бір мүдде жолында еңбек ету керек. Кез келген мерзімді басылым мемлекеттік бағдарламаларды ақпараттандыруға ден қойған абзал. Өйткені осындай бастамалар турасында көп тұр­ғындар бейхабар», деді А.Балаева.

Шыны керек, өңір жур­налис­терін көп дүние толған­дырады. Әсіресе құқық қорғау органдарында, жергілікті әкім­діктерде телефон «үрейі» та­лайдың шым­байына батса керек. Ресми ор­гандардың кіреберісіндегі күзет­тің жиі телефон қалдырып ішке енуін өтініп тұратынын көз кө­ріп жүр. Ашықтық пен бәріне бір­дей мүмкіндік бар қоғам тү­зуге ұмтылған мемлекеттік саясаттың кей құрылымдарға әсер етпейтіні журналистер қосынын қынжылтса керек. Бұл мәселеден хабардар екенін айтқан министр тиісті құрылымдармен семинар өткізіп, адам құқығын шектейтін әрекеттерді доға­руға шақыратын ақпарат­тандыру жұмысын жүргізу қажеттігін алға тартты.

Жолдауда көтерілген тағы бір мәселе – елімізде құмар ойынға тәуелділіктің белең алуы. Еліміздің қай қаласында да құмар ойынға үгіттейтін көше жарнамаларының көп екені де жасырын емес. Ми­­нистр бұл жайында да ми­нистрлік тиісті шаралар қа­былдайтынын жеткізді.

Министр балалар қауіпсіз­дігін қамтамасыз ету жайына да тоқталды. Оның ай­туын­ша, YouTube платфор­масы қазақ баласының тілін ағылшынша не кәрісше шы­ға­рып жүр. Мұнда балалар көретін қазақша контент аз. Тек «Вalapan» телеарнасы шетелдік балалар контентіне қарсы тұруға қауқарсыз. Оның өзінде бұл арнада 1-2 жас ара­лығындағы балаларға арналған бағдарламалар даяр­ланады. Аида Балаева «Nickelodeon» балалар мен жасөс­пі­рімдер телеарнасы, «TiJi» балалар телеарнасы және «Дисней» арнасы қа­зақ тіліне аударылғанын айтты. Дегенмен YouTube платфор­масындағы қазақша балалар контентін қалып­тастыру ауқымды жұмыста талап ете­тінін алға тартты.

 

Жетісу облысы