Маусымаралық кезеңде азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу – өзекті мәселелердің бірі. Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) әрдайым қолжетімді болуын қамтамасыз ету үшін құрылған тұрақтандыру қоры бар. Оның басты мақсаты – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.
«Астана» халықаралық қаржы орталығында өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру аясында сауда саясатын дамыту, тұрақтандыру қорының қызметі, баға бағамын бақылауда ұстау, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі.
2023 жылдың бірінші жартыжылдығында елдің тауар айналымы 67,2 млрд долларды құрады, бұл 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға жоғары (64,5 млрд доллар). Еуропалық одақ елдерімен тауар айналымы 20,2 млрд доллар, Қытаймен тауар айналымы 13,6 млрд долларды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 20,5%-ға өсті. Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен өзара саудада оң серпін байқалады.
Елдің оңтүстігіндегі сауда-экономикалық бағыттарын әртараптандыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. 2027 жылға қарай шикізаттық емес экспорт көлемін 4 46,5 млрд долларға дейін жеткізу көзделіп отыр. Сауда-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға бағытталған 5 шекара хабын құру жоспарланған. Бұл бірыңғай сауда-көлік кеңістігін қалыптастыруға және халықаралық деңгейде орнықты кооперациялық байланыстар орнатуға, сондай-ақ әріптес елдермен стратегиялық қатынастарды нығайтуға мүмкіндік береді және олармен тауар айналымының орта есеппен 30%-ға өсуін қамтамасыз етеді.
Еуразиялық интеграция желісі бойынша Қазақстанның ұлттық экономикалық мүдделерін ілгерілету тұрғысында тұрақты негізде жұмыс жүргізіліп жатыр. Отандық өндірушілерді қолдау және қуаттарды жүктеу мақсатында кедендік әкелу баждары төмендетілді және бірқатар тауарды әкелуге қатысты тарифтік жеңілдіктер ұсынылды, күнбағыс тұқымдарына экспорттық кедендік баждар, қара және түсті металдардың, ағаш материалдарының сынықтары мен қалдықтарын әкетуге шектеу шаралары белгіленді.
2023 жылдың 8 айында ішкі тауар айналымы 35,7 млрд теңгені құрады. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 21%-ға өсті. 8 айдың қорытындысы бойынша инфляция – 6,6% (2022 жылдың осындай кезеңі – 13,3%). 8 айдың қорытындысы бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағалық индексі 3,4% (2022 жылы – 19,1%) құрады. ӘМАТ бағасын тұрақтандыру үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы мақсатта қалыптасқан қорлардың жалпы көлемі – 139,4 мың тонна, оның ішінде маусымдық бағаның өсуін тежеу үшін 118,6 мың тонна көлемінде көкөністер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат) нарыққа шығарылды.
«Біз сондай-ақ заңнамалық деңгейде Министрліктің ӘМАТ бағасына бақылауын күшейттік. Жергілікті жерлерде өнімсіз делдалдарды қысқарту бойынша жұмысты белсенді жүргізуді жалғастырамыз. Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп алушыларға қарсы міндеттемелердің тетіктерін пысықтап жатырмыз», деді А.Шаққалиев.
Ішкі нарықты қорғау техникалық реттеу және метрология құралдарын қолдану арқылы да қамтамасыз етіледі. Қауіпсіз өнімді әкелу және айналысқа шығару бойынша шектеу шараларын енгізуді көздейтін штабтың қызметі заңнамалық және институционалдық күшейтіледі. Заңнамалық бастамалар шеңберінде тұтынушылардың құқықтарын қоғамдық қорғауды институционалдық күшейту қарастырылып, құқықтық өріске ТҚҚ мәселелері жөніндегі омбудсмен институты енгізіледі. Оның қызметі аталған саланың жүйелік проблемаларын анықтауға бағытталады, ал функциясы тұтынушылардың белгісіз шеңберін қорғауды қамтиды. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы тиісті заң жобасы дамыған елдердің тәжірибесі мен БҰҰ-ның басшылық қағидаттарын ескере отырып әзірленді.
Базарлар қызметінің айналасында жинақталған проблемаларды шешу мақсатында Сауда базарларын жаңғырту жөніндегі жол картасы іске асырылады. Жүргізіліп жатқан жаңғырту базарларды халық үшін ыңғайлылық пен жайлылықты қамтамасыз етудің заманауи талаптарына сәйкестендіруге, стихиялық сауданы жоюға, сондай-ақ саудадағы «көлеңкелі» экономика деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Конференция барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сауалдар негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының тұрақсыздығы, атап айтқанда, ұн-нан өнімдері, сондай-ақ қанттың қымбаттауы төңірегінде болды. Министр жекелеген аймақтарда аталған азық-түлік өнімдері бағасының болмашы болсын өсімі байқалатынын жоққа шығармай, дегенмен бұл мәселенің барлығы тиісті орындардың, жергілікті әкімдіктердің бақылауында, қадағалауында екеніне сендірді. Ең бастысы, бірінші кезектегі азық-түлік өнімдері – ұн-нан, қант өнімдері бойынша елімізде тапшылық болмайтынын қадап айтты.