• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ғылым 06 Қазан, 2023

Гербарий қоры цифрландырылады

405 рет
көрсетілді

Жаз бойы бір топ ботаник дала кезді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің ғалымдары «Флора мен фауна бойынша деректерді ­цифрландыру әдістері және биологиялық әртүрліліктің халықаралық платформаларында орналастыру» жобасын қолға алған еді. Сол соны жоба осы маусымнан-ақ жемісін бере бастады.

Ғылым және жоғары білім ми­нис­тр­лігіне қарасты Ғылым коми­теті қаржыландырғанын айта кетуіміз керек. Арқа даласында өсе­тін өсімдіктің барлық түрін зерттеп, электронды бағ­дарлама түзеді. Биыл­ғы маусым­ның өзінде өңіріміздің жар­тысына жуық даласын игеріп­ті. Уни­верситет­тің биоғалымдары тү­тікті өсімдіктер­дің 400-ден аса түрі жи­налғанын, Ұлт­тық биотехнология орталығына генотиптеу үшін 60 үлгісін жібергенін айтады.

Бұл ғылыми жобаға бірнеше облыс – Қарағанды, Ақмола, Қостанай, Шығыс Қазақстан, Атырау және Маң­ғыстаудағы ғалымдар тобы қаты­са­ды. Ғалымдар флора мен фаунаны ке­ңінен зерттеп, флораның тамыр­лы өсімдіктерінің тізімін құруға ниет­ті. Жобаның тағы бір жемісті тұсы – гербарий қоры толығымен цифр­ландырылып, халықаралық платформада орналасады. Осылайша, Арқа топы­рағындағы өсімдіктермен таны­суға әлем зерттеушілері мүмкіндік алады.

Биыл жаз бойы университеттің бота­никтері факультет профессоры Мар­гарита Ишмуратованың жетек­шілігімен Осакаров, Қарқаралы, Бұқар жырау, Шет және Ақтоғай аудандарында экспедициялық зерттеу жүргізді. Қарқаралы және Бұйратау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі, Бек­тауата тауы мен Спасск шоқылары, бас­қа да орманды алқаптар қамтылды.

Жобаны жүзеге асыруға биоло­гия-география факультетінің ғалым­­да­ры ғана емес, сонымен қатар уни­вер­ситеттің докторанттары, магистранттары мен студенттері де қатысып жатыр.

– Біз осы маусымда өңірдің жартысын зерттеп үлгердік. Келесі жылы зерттеуімізді жалғастырамыз. Осыдан кейін Қарағанды облысы өсімдікте­рінің түпкілікті тізімі жасалады. Ол монография түрінде жарияланады, барлық дерек университет сайтында, сондай-ақ халықаралық ғылыми платформаларда орналасады. Осыдан 25-30 жыл бұрын қолымызда компас, күрек, гербарий папкасы, анықтамалық кітап, карта секілді керек-жарақ болатын еді. Қазір спутниктік құрал қосылды. Мысалы, шөптің табылған жерін бұрынғыдай өлшеп жүрмейміз. Әлгі құрал арқылы географиялық орнын дәлме-дәл табамыз, – дейді профессор М. Ишмұратова.

Жобаны қолға алмас бұрын ботаниктер жан-жақты зерттеу жүргіз­­ген. Ботаниктер Мәскеудегі М.Ломоно­сов атындағы Мәскеу мемлекеттік уни­вер­ситеті биология факультетінің, Санкт-Петербургтегі В.Комаров атын­дағы ботаникалық институттың, Бар­наул­дағы Алтай мемлекеттік уни­вер­ситетінің, Оңтүстік Сібір ботаника­лық бағының гербарийлерінде бо­лып, тә­жірибе жинақтаған.

– Гербарийлерді цифрландыру қа­рапайым көрінгенімен, оңай жұ­мыс емес. Гербарийлік парақты ска­нер­­леп немесе суретке түсіріп, бағ­дар­­лама­ға құр енгізе салмайсыз. Эле­к­тронды жү­йеге мәліметтерді енгіз­­сеңіз, ға­лам­дық зерттеушілер Арқа дала­­сы­ның бай өсімдіктері мен жан-жануар­ла­­рымен таныса алады. Цифрланған топ­­тамаларымыз халықаралық жүйеге (GlobalBiodiversityInformationFacility, GBIF) жүктеледі. Өкінішке қарай, 2,5 млрд нүкте кездесетін GBIF әлемдік картасында Қазақстан аумағындағы бос орын көп. Елге тиесілі 400 мың­нан аса нүктеде тек 130 мыңға жуық түтік­ті өсімдік бар, – дейді жоба жетек­­шілері.

GBIF картасы осы маусымдағы жи­нақ­тармен толығады. Ал қыста бұ­рын жи­налған қор материалдарын цифр­лан­дыру бойынша жұмыстар жал­ғасады. Биология-география фа­куль­тетінің гер­барий­лерінде өткен ғасыр­дың 40-жылдарынан бастап жи­налған үлгілер сақ­талған.

– «iNaturalist» мобильдік қосым­ша­сы арқылы сіз де үлес қоса аласыз. Өзіңіз қызыққан өсімдіктің, жануар­дың да фотосуретін сол қосымшаға жүктеп, бөлісуге болады. Сапалы суреттер сарапшылардың анықтауы­мен GBIF ақпараттық жүйесіне енгізіле­ді. Бүгінде мыңнан аса әуесқой жан 3 мыңға жуық өсімдік түрін суретке түсіріп, жүктеген. Фотосуретпен қоса, орны мен күнін көрсетіңіздер, университет ботаниктері өсімдік түрін зерттеп, анықтауға көмектеседі. Бәлкім, сіз жолдаған өсімдік түрі ғылым үшін жаңалық болуы да әбден мүмкін, – дейді университеттің ғалымдары.

 

Қарағанды облысы