Біз мінген «Mersedez sprinter» көлігі Қарқаралыны бетке алды. Алматыдан, Астанадан келген туризм саласының майталмандары, турблогер мен осы тақырыпқа қалам тербеп жүрген журналистердің басы қосылып, жолға шықты. Әлбетте, жол қысқарады. Әңгімеміз ортақ. Еліміздің туристік әлеуетін айтамыз. Ал енді облыстың кәсіпкерлік басқармасы ұйымдастырған баспасөз турының мақсаты мынандай: Қарқаралы туризмінің әлеуетін арттыру үшін қандай қадамдар қажет? Нендей жетіспеушіліктер бар? Онымен қоса қасымыздағы туроператорлар арқылы туристер тарту. Қысқасы, аймақтағы туризмнің тамырына қан жүгірту.
Сервистік қызметке серпіліс керек
Сонымен екі жүз жылдық тарихы бар қаладағы алғашқы аялдаған жер – Құнанбай қажының мешіті. Біз тоқтаған уақытта жамағат жұма намазына жиналып жатыр екен. Туристік топ кезінде Құнанбайдың пәрменімен бірде-бір шегесіз салынған көне мешіттің тарихымен танысты. Жұма күні баба рухына қол жайып, бет сипады. Бізді қарсы алған Қарқаралы ауданы әкімінің орынбасары Әділжан Арғынов, кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Серік Төлеубек меймандарды мешіттің оң жақ қапталынан соғылған Құнанбай қажы мен бала Абайдың ескерткішін көрсетті. Ескерткішті дәл осылай соғудың да өз сыры бар. Бала Абайдың Қарқаралыға алғаш келген кезеңін сипаттайды.
Әрмен қарай ел жанашыры Жанбота есімді азамат өлкетану мұражайына жол бастады. Мұнда біраз кідіруге тура келді. Туристер түпнұсқа экспонаттарды тамашалады. Әсіресе Қоянды жәрмеңкесінен қалған жәдігерлерге деген қызығушылық жоғары болды. Сол базарлы кезеңнен қалған сейфтердің сырына үңілді. Дауылпаз ақын Қасым Аманжоловтың қолданған заттары да музей төрінде. Қарқаралы қойнауынан табылған қару-жарақтар, жебе ұштары мен балбал тастарға таң-тамаша болыстық. Содан соң аудан әкімдігі туристерге естелік дорба табыстап, сый-құрмет жасады.
Түс ауа Қызыл кенішке жол тарттық. Бұл жолы көлігімізді «ПАЗикке» айырбастадық. Әйтпесе, «сықырлап» тұрған «Sprinter» біз межелеген жерге жете алмас еді. «ПАЗиктің» «гүжілін» керек қылар емеспіз. Құлағымыз туризм саласындағы сарапшылардың талқылап келе жатқан әңгімесінде. Ол кісілер біраз олқылықтың орнын толықтыру керектігін айтады.
«Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Туризм комитетінің төрағасы Жазира Жанкина Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі жолға санитарлық аялдама салынғаны жөн дейді. Ботақара кентінен кейін жолаушылар әжетін өтей алмайтынын ашық айтады. «Яғни туризм биодәретханадан басталады», дейді ол.
«Қарқаралы табиғатынан бөлек, тарихымен жоғары бағаланады. Өлкенің өз басы, яғни қаласына келер жылы 200 жыл толады. Біз барған қажының мешіті, өлкетану мұражайы бар. Одан бөлек, Абай тоқтаған үй, Григорий Потанин тұрған үй бар, тағы осы секілді көне ғимараттар көп. Қазір туристер орманға от жағып, ас ішіп, көлге түскеннен гөрі ел мен жердің мәдениетіне, тарихына қызығады. Біз соның қажетін өтеуіміз керек. Мысалы, бүгінгі мұражай қызметкерлері жасаған экскурсия көңілімізден шыға қойған жоқ. Арамыздағы турист аудиогид сұрап еді, оның қуаты таусылып қалғанын айтты. Меніңше, мұндағы әр тұрғынға, әр қызметкерге туризм мәдениетін үйретуіміз керек», дейді Ж.Жанкина.
Жазира ханымның тағы бір ұсынысы көңілге қонады. Қаладағы көлік көп өтеді деген жерге билборд іліп, Қарқаралының керемет жерлерін, тарихи мекендерді неге жарқыратып, жарнамалап қоймасқа?
Елге керегі – этнотуризм
Осындай әңгіменің «гөй-гөйімен» Кент ауылына да жеттік. Ауылға аз-кем аялдадық та, әрі қарай Кент тауларына тарттық. Паһ, шіркін, арша мен қарағай, қайыңның исі жансарайымызды аша бастады. Орманшы Бауыржан Ғабдуллин: «Сіздер таудан төмен түскенше жаңбыр жауып қалуы мүмкін. Жауыннан кейінгі ауа тіпті ғажайып болады», деді.
Сөйттік те, бір ізге түсіп, бірімізге біріміз ілесіп, жоғары беттедік. Кент тауларының кереметін сезінелік дедік. Дегенімізге де жеттік. Тау жоталарына, пішім-пошымдарына таңдай қақтық. Тағы бір баурағаны – тау биігіндегі Бассейн көлі. Шамамен теңіз деңгейінен 1 200 метр биіктікте. Көлдің ұзындығы – 60 метр, ені – 40 метр, тереңдігі 2 метр екенін айтады гидіміз. Турблогерлер телефондарына, фотоаппараттарына «шырт-шырт» еткізіп түсірді. Алматыдан келген Ұлан Әлімбек дронын ұшырып, таспалап алды. «Мұндай тау биігіндегі көлді алғаш көріп тұрғаным осы. Атын дәл қойыпты, жан-жағындағы тасы да төртбұрышты», дейді. Тағы да осыған ұқсас екі-үш көлді кезіктірдік. Таудың басқа жотасымен төмен қарай құлдиладық. Әлгінде ғана орманшы ағай айтқандай, жаңбыр сіркіреп, біз төменге түскенде төбеден кемпірқосақ көрінді. Табиғаттың бұл тартуынан да ерекше әсерлендік.
Сонымен Қызыл кеніш сарайына қарай бет түзедік. Кент ауылынан үш шақырымдай ғана ұзадық. Жан-жағымыздың бәрі жақпарлы тау. А-а-а, айтпақшы мына бір ғажап көрініске қайран қалыстық. Жолда доп-домалақ алып тастарды кезіктірдік. Жол бастаған Жанбота: «Аңыз бойынша бұл – Алпамыстың жаттығу алаңы», дейді.
Сарайды XVIІ-XVIІI ғасырдан, жоңғар шапқыншылығы кезеңінен қалған архитектуралық жәдігер деседі. Құрылыс материалына таудың қызыл тасы қашалып пайдаланыпты. Ғимарат екі қабат етіп салынған. Буддалардың ғибадат етер орны екен. Орманшылар мұнда жылда буддистер келіп, шатырларын тігіп, құлшылық жасайтынын айтады. Қызыл кеніштің құпиясы әлі толық ашыла қоймаған. Ғалымдардың пайымдауы – бұл. Сырттан келген туристерге де осы мекен сыр бүгіп қалды. Қайтар жолда баяу ағып жатқан «Домалақтас» бұлағынан су іштік те, Кент ауылына қарай ат басын бұрдық.
Он түтін ғана қалған аядай ауылдың ертеңіне алаңдаулы жастар бар мұнда. «Туризмді дамытамыз» деген жас отбасы қарсы алды бізді. Былтыр аудан әкімінің 1 млн теңге грантын алып, оған шағын қонақүй ашып, тіршілік етіп отыр. Алыстан келген меймандарға арнайы «Qymyz party» секілді жобалары бар. Арнайы ұлттық киіммен қарсы алады, қонақтарға бие сауғызады. Қымызды қалай баптау керектігін, құртты қалай дайындайтынын көрсетеді. Ат мінемін деген туристерге де тұлпары ерттеулі. Туристік топ осының бәрін тамашалады. Жас отбасының жанарынан туризм саласына деген жанашырлықты көріп, ризашылығын жеткізді.
Алматыдан келген туроператор, гидтерді оқыту бойынша халықаралық тренер Арина Жаманқараева жобаны әлі де әрмен қарай жетілдірсе, нағыз этноауыл жасаса, жарнамасын үдетсе деген пікірін қоса кетті.
«Сіздердің ауылдан кетпей, осындай шаруаны қолға алғандарыңыз айтып жүретіндей-ақ шаруа екен. Барлық мүмкіндік бар. Енді осы аумаққа киіз үй тіксеңіздер, қалалықтарға ауылдың қоңырқай тіршілігін көрсетсеңіздер, керемет болар еді. Қазір ауылды аңсап жүрген қаладағы ел көп. Ауылы жоқ ел сіздерге ағылады. Instagram желісінен парақша ашып, жарнаманы күшейтулеріңіз керек. Таргетпен жұмысты ширату керек. Келген туристі ғана күтіп, шығарып салмау керек. Қарқаралыға келген туристердің 70-80 пайызы сөзсіз сіздерге келеді. Дәп Кент тауының баурайы, тарихи орындардың бәрі сіздер жақта. Бастысы, сіздердің ниеттеріңіз зор», деп бағыт-бағдар нұсқады А.Жаманқараева.
Саты ауылынан үлгі алсақ...
Келесі күнгі бағытымыз – Шайтанкөл. «Берлога» демалыс үйінен есептесек, төрт шақырым жүруіміз керек. Негізі үш шақырымға дейінгі жолды көлікпен жүріп өтуге болатын еді. Бірақ өзара келістік те, серуен құрып, тауға қарай тартып кеттік. Үш шақырымға дейінгі жол аса қиындық тудырмады. Ал одан кейін қырға қарай күш салдық. Осы аралықта жиі аялдадық. Бойымыздан әл кете бастады, бірақ ойымызда – орта жолда қалмау, шыңына шығу, көлдің сырына үңілу.
Әйтеуір әңгіменің қызуы бар, әупірімдеп шықтық-ау. Талай аңызды, әңгімені бойына жасырған бұл мекеннің атауын «Әулиекөл» деп өзгерту жөнінде біраз әңгіме қозғалды.
Зәу биікке шықтық та, көк туымызды желбіретіп, естелік суретке түстік. Өзімізбен қара домбыраны ала шыққанбыз, ән шырқап қалармыз деп. Алайда түс ауып кететін түрі бар, жерге түсуге асық болдық. Оның үстіне Қоянды жәрмеңкесіне 175 жыл толуына орай көрме ұйымдастырылған. Соны көруге асықтық. Қайтар жолымыз қысқарды. Алматыдан келген А.Жаманқараеваны әңгімеге тарттық. Айтпақшы, Арина осы елге жиен екен. Арқаға алғаш келуі. Нағашы әжесі аманаттапты: «Еліме бар, жерімді көр, тарихымен таныс». Міне, мейманымыз соның сәті түскеніне қуанышты.
Алматы – туризмнің қара қазаны. Әсіресе аз уақыттың ішінде миллионер ауыл атанған Сатының қалай өркендегенін айтып бергенде ауыз ашып қалыппыз. Туроператордың айтуынша, Қарқаралының да туризммен шекесі шылқып кетуге толық мүмкіндігі бар. Соның қарапайым жолын сұрадық.
«Қарқаралыға Саты ауылының мәдениетін әкелу керек. «Қонақжай үй» деген. Мысалы, туристі өзіңіз күтіп алып, тамақтандырасыз, үйіңізден жататын бөлме бересіз. Сәйкесінше ақыңызды аласыз. Қазір Саты ауылының кішкентай балалары да туризммен айналысады. Баланың өзі айына 1 миллиондай табады. Атын жалға берсе де. Мысалы, Шайтанкөлге шығу үшін ат жалға берсе болады. Аяғы ауыратын кісілер, үлкендер бұл қызмет түріне жүгінеді. Осылай ат туризмінің өзін қолға алуға болады. Мысалы, жол бойы келе жатып, саңырауқұлақ теріп жүрген жұртты көрдік. Осының өзін арнайы ұйымдастырып, кәсіп етуге болады. Одан бөлек, «УАЗик» алып, сонымен де туристерді тау-тасқа тасу пайдалы. Мұнан ақша табасыз және турист тартуға да жол ашасыз. Осындай қарапайым жолы арқылы туризмді түлетуге болады. Қарқаралыда туризм қайнайды деп сенім білдіргім келеді. Мұндағы халық өте қонақжай екен. Еті, қымызы сондай дәмді. Мұның өзі турист тартуға сеп. Тек мәдениетті қалыптастыру керек. Осыдан он шақты жыл бұрын Саты ауылында да туризм әлеуеті әлсіз, мүлдем нөл еді. Сондықтан мен келешегіне сенемін», деген пікірі бізге үміт сыйлағандай.
Жосалыға жол керек
Сонымен аудан орталығындағы думанға топ ете алдық. Қоянды жәрмеңкесіне арналған көрмеге де, арнайы ұйымдастырылған «Алтын аймақ» атты өнер кешіне де көзайым болдық. Ауыл-ауылды аралап, дәм таттық.
Аудан әкімі Ерлан Құсайынды осы маңайдан жолықтырған туризм саласының сарапшылары өздерінің алып-қосарларын жеткізді. Әкім мырза алдағы уақытта бұл ұсыныстармен жұмыс істейтінін айтты.
Біздің келесі бетке алған нүктеміз – емдік суымен есімі әйгілі Жосалы шипажайы. Мұндағы ем-дом жасайтын процедуралық ғимаратпен таныстық. Суының дәмін таттық. Шипажайға келетіндердің саны жыл сайын артып келе жатқанын айтады басшылығы. «Жиырма бес шақырым жолымыз жөнге келсе» деген өтінішін де жеткізді.
Сапарымызды осы жерден түйіндедік те, «Sprinter-ге» отырып Қарағандыны бетке алдық. Қайтар жолда да алматылық турблогер Ұлан Әлімбектің қасына жайғастық. Ұланның Youtube желісінде 40 мың оқырманы бар. Былайша айтқанда, белгілі жиһанкез. Шет елдерге де шыққан, еліміздің көрікті жерлерінің бәрін жүріп өткен. Мінезі біртоға мырза мынаны айтады: Қарқаралының туризмін дамыту үшін туристердің легі көп болуы керек. «Семейден Қарқаралыға өтетін жолды жаңғыртса, күрежолмен жүрген жұрт мұндай керемет жерден аттап өтпейді». Ойға қонатындай-ақ пікір.
«Қарқаралыда гид мүлдем жоқ десек те болады. Жастар мұндайға жанталасып тұру керек. Қазір түрлі мемлекеттік бағдарламалар бар. Үкімет қаражат береді, соны алыңыз да қарекет қылыңыз. Өңіріңіздің туризміне үлес қосыңыз», дейді Ұлан.
Топ мүшелері болып екі күндік әсерімізбен бөлісеміз деп, Қарағандыға қалай жеткенімізді білмей қалыппыз. Айтпақшы, Алматыдан, Астанадан келген туроператорлар уәде беріп кетті: Қарқаралыға туристер тартамыз, арнайы турбағдарлама әзірлейміз деп. Туризм комитетінің басшысы Ж.Жанкина туризммен айналысамыз деген жандарға қолдау білдіреміз, оқытамыз деп отыр. Оның үстіне туризмнің жеке министрлік болып жасақталуы да біраз жағдай жасамақ деген үмітте.
Қарағанды облысы