• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 09 Қазан, 2023

Жаңа мамандыққа сұраныс жоғары

186 рет
көрсетілді

Сынаптай сырғыған уақыт адамзаттың тұрмыс-тіршілігіне жаңаша сипат беріп қана қоймай, соған сай жаңа мамандық иелерін оқытуды, даярлауды талап етіп отыр. Бұл жөнінде «Ең үздік кәсіптік білім беру ұйымы» байқауында айтылды.

Осы күні Алматы облысында 40 кәсіптік-техникалық білім беру мекемесі жұмыс істейді. Олардың үздігін анықтау мақсатында ұйымдастырылатын дәс­түр­лі байқау биыл да жалғасын тапты. Байқау шарттарына сәйкес әр оқу орны материалдық-тех­ни­калық базасын таныстырып, жетіс­тік­­терімен бөлісті. Мұндай іс-шара кол­ледждердегі бас­қа­ру жүйесінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттырумен қатар, тех­ни­калық базасы мен цифрлық инфра­құ­ры­лымын дамытуға ықпал етері сөзсіз.

– Президент тапсырмасы бойынша мемлекеттік бағдарламалардан ұлттық жобалар форматына көшу жүзеге асырылып жатқаны баршаға аян. «Білімді ұлт» сапалы білім беру ұлттық жобасының төртінші міндеті – қолжетімді және сапалы тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту, мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту. Биылғы оқу жылында мелекеттік тапсырыс 100 пайыз орындалды. Алайда NEET сана­тын­да­ғы жастардың оқумен қамтылуын, жұмыс­­­сыз­дық мәселесін жою, еңбек нарығы мен білім беру жүйесі арасындағы бай­ланыс түлектерді бітіргеннен кейін алты ай ішінде жұмысқа орналастыру арқылы бақыланатынын ескерсек, аталған мәселелер әлі де өзекті болып отырғанын көреміз. Өткен оқу жылында өңірлік кәсіпорындардың сұрныстарына сәйкес мақсатты оқыту бойынша 100 студентті қабылдасақ, биылғы оқу жылында бұл көрсеткішті 200-ге арттырдық. Кәсіпорындармен бірлесе атқарған жұмысымыз үш жаққа да тиімді, – деді Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова.

2024-2025 оқу жылының білім беру бағдарламалары жаңа жалпыға міндетті білім беру стандарты негізінде әзірленіп, бірыңғай ақпараттық ортаның тізіліміне төрт кезең бойынша енгізілетін болады. Осы өзгерістерді еңсеруде отандық өзектендірілген кәсіби стандарттарды, дуалды оқыту жүйесін, формальді, формальді емес оқыту түрлерін, арттыруды, жаңа кәсіптер атласының талаптарына сәйкес жаңа мамандықтар ашу, цифрлық біліктілікті жетілдіру мәселесін іске асыруды жан-жақты ойластыра отырып, орындау қажеттігін атап өтті.

– Қазіргі нарықтың сұранысы техни­ка­лық, құрылыс мамандықтарына ба­сым­дық  беріп  отыр. Алайда IT саласына мамандар қажет деген оқу орындары әлі күнге «Есептеу техникасының операторы» деген мамандықты жүргізіп отыр. Ескіден арылып, заманның ағысынан қалмай өндіріске енген жаңалықтарды дер кезінде бағындыруымыз қажет. Алдағы оқу жылында өңіріміздің нары­ғына, Қонаев қаласының дамуына қажетті «Ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйе­лері», «Ғимараттарды басқарудың зияткерлік жүйесіне қызмет көрсету тех­нигі», «Ақпараттық қауіпсіздік», «Ақ­­параттық желіні бағдарламалық қамта­масыз ету» сынды жаңа маман­дық­тарды ашып, білік­ті­ліктерді көбейту арқылы білім алушыларды мақсатты оқыту бойынша қабылдауымыз керек. Сонда ғана біз оқу орнының ор­нықты дамуын, сапалы білімнің қол­жетімділігін қамтамасыз ететін боламыз, – деді Г.Исағұлова.

Байқау ережесіне сәйкес әуелі «Жас ма­ман» жобасына енген колледж қыз­мет­кер­лері өз тәжірибесімен бө­­­лісті. Бұдан кейін мекемелердің әр­қай­­сысы кәсіби қызмет жетістіктерін ай­қындайтын са­йысқа түсті. Ал одан кейінгі кезек­те табысты білім беру ұйымының заманауи моделі ұсынылды. Байқауға қатысушылар жарыстың әр турына тия­нақ­ты дайындалғандығын аңғартты. Сон­дықтан әрқайсының же­ңіс­ке деген құлшынысы зор болды.

– Облыстық үздік колледж байқауына үлкен дайындықпен келдік. Колледжде 390 студент 6 мамандық бойынша білім алады. «Жас маман» жобасы бойынша 270 млн 770 мың теңгеге заманауи оқу құралдарын алған болатынбыз, сол арқылы студенттердің білім көкжиегі кеңіп, өндірістік тәжірибелері сапалы жүргізіліп жатыр, – дейді Шелек политехникалық колледжінің директоры Қуат Дүйсебаев.

«Ең үздік кәсіптік білім беру ұйымы – 2023» облыстық байқауының қоры­тындысы бойынша Талғар агробизнес және менедж­мент колледжі 1-орын иегері атанса, 2-орынды Кәсіптік оқу­­­да­ғы көпсалалы колледж жеңіп алды. Ал 3-орынға Талғар политех­ни­­калық колледжі тұрақтады. Байқау жеңім­паз­да­рына 100-300 мың теңге аралы­ғындағы сертификаттар табыс етілді. Сондай-ақ Талғар жоғары ме­­­­­ди­циналық колледжі «Инновация шеберханасы», Шелек политехникалық колледжі «Жаңа­­­шыл кол­ледж» және Қаскелең кә­­сіп­­тік-техни­ка­лық колледжі «Же­тіс­тік жолында» номинациялары бойынша лауреат атанды.

 

Алматы облысы