Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында ет, сүт, астықты терең өңдеу және жылыжай шаруашылығын дамытуға басымдық бере отырып, сапалы өнімді тұрақты ұсына алатын кәсіпорындарды қолдауды тапсырғаны белгілі. Сондай әлеуетті шаруашылықтар шоғыры Қарағанды облысының Нұра ауданында орналасқан. Елорданың азық-түлік белдеуіндегі астықты ауданда қазір қызу науқан. Күзгі жиын-терім жұмыстары қауырт жүріп жатыр. Алқаптағы егін орағы, жемшөпті жинау аяқталуға таяу. Ауылдағы ағайынның алаң көңілі де орнына түсе бастаған.
Өрісінде отар-отар қой өріп...
Ертеректе егінімен аты танылған Нұра – берекелі өңір. Дәл іргесінде елдің ордасы Астана, келесі беткейінде кеншілердің астанасы Қарағанды бар. Сол себепті жемшөбі де, астығы да, мал еті де өтімді. Нұрадағы шаруаның ісі алға басуына бұл үлкен ықпалын тигізіп келеді.
Сонымен, Нұра кентінен тоқсан шақырымдай ұзап, Изендіге келдік. Мұнда ақтылы қой өргізген, Арқада Қарғалы қой тұқымын сақтап қалған ірі «Отқанжар» атты шаруашылық бар. Шаруашылықты алғаш аяғынан тік тұрғызған Қанат Отарбаев өзінің ұлы Аслан Отарбаевқа жақында шаруа қожалығының мөрін табыстапты. Бізді сол Аслан Қанатұлы қарсы алды.
«Отқанжар» қотанында 11 мың қой жусап, 120 ауыл тұрғыны еңбек етіп, нәпақа тауып отыр. Бір отар тоқтыны шопан Жақия Шопабаев күндіз өрістен аранға қамап жатыр екен. Дөп түсіппіз. Қойдың жайын шопаннан артық кім жақсы білсін? Жақия – шаруашылықтағы үздік шопан. Көктемде бір отар жас тоқтыны қабылдап алады. Санын кемітпей, салмағын өсіріп, қысқа аман-есен жеткізу – осы еңбеккердің мойнында. Шаруа басшылығы шопанға әбден сенім артқан.
– Жақия ағамыз ертеден осы малдың соңында. Малдың бар бабын беске біледі. Кеңес кезінде де шопан болған. Бұл кісіге өткізген тоқтыларымыз қара күзде томпаңдап шыға келеді. Басқа шопандарға да ақыл-кеңес айтып, білгенімен бөлісіп отырады, – дейді Аслан.
– «Мал өсірсең, қой өсір, өнімі оның – көл-көсір» деп тегін айтпаған болар бабаларымыз. Ғұмырымыз осы аттың үстінде өтті. Көз ашқалы бері қой өсіріп, өрісімізді толтырып келеміз. Әлі де атпен бағамын. Қазір көбіне мотоциклмен бағады ғой. Қойды олай бағу қате. Қой асықпай баппен жайылса ғана еті майлы, семіз болады. Осы шаруашылықта еңбек етіп келе жатқанымызға көп уақыт болды. Еңбектің арқасында жаман болған жоқпыз, тәубе. Балаларды қанаттандырдық, – дейді шопан.
Рас, қой шаруашылығының тағдыры дәл қазір таразыға тартылып тұр. Көп шаруашылық қой жүні керексіз қалғандықтан осы мәселеге тап болып отыр. Қарғалы қойының жүні кеңес одағы кезінде жеңіл өнеркәсіптің кәдесіне кәдімгідей жараған-ды. Ал қазір Алматыдан, Тараздан келіп, арзан бағаға (килосы 140 теңге) алады. Амалы жоқ шаруашылық өткізеді. Қырықтыққа кеткен ақшаны да ақтамайтын көрінеді.
Отарбаевтар ұсынып отырған Қарғалы қойының тиімділігі сонда, бұл тұқым – етті әрі жүнді. Бірақ екі жыл болды, сауда жоғын айтады шаруа басшылығы.
– Пандемия кезінде өте жақсы өтіп еді. Біздің тұтынушыларымыз – көбіне Астанадан. Оңтүстіктен де әкетіп жатады. Шымкенттен. Түркістаннан. Екі жыл болды, қой бұрынғыдай өтпей тұр. Бағасын да түсірдік. Айт кездерінде ғана тоқтаусыз саудаланады, – дейді Аслан Қанатұлы.
Аз-кем арадағы әңгімені көк трактордың гүрілі бөлді. Мойнымызды созсақ, ферманың шөп қоршауында бір топ жігіт шөп маялап жатыр.
Биыл шөп түсімі аз. Жаңбыр жаумады. Құрғақшылық көп шаруаның қолын байлады. Мұндай тапшылықты да «Отқанжар» шаруашылығы сезініп отыр. Жеті-сегіз жыл бұрынғы шөп қорын бұзып, қайта маялап жатыр.
– Жылда 4 мың тонна шөп жинайтын едік. Биыл 2 мың тонна ғана шөп түсірдік. Абырой болғанда ескі шөп қорымыз бар. Соны бұзып, қайта үйіп жатырмыз. Шөбімізді жартылай баулаймыз, – дейді шаруашылық механизаторы Тұтқабай Смағұлов.
Шөп науқаны кезінде үш бригада жұмысқа кіріседі. Әр бригадада үш трактордан бар. Техника саны жеткілікті.
Онымен қоса шаруашылықта жылқы бар. Ауыл шетінен арнайы «Отқанжар» мал кешенін ашып қойған. Онда мал бордақылайды. Оны соятын арнайы пункт бар.
25 жастағы Сағыныш Есенбеков жазда механизатор болып еңбек етеді, күзде бордақыға тікелей өзі жауап береді. Қасында Ардақ есімді көмекшісі бар.
– Негізі, бордақыда тұрған малға жем көп беру керек. Және белгілі бір уақытта. Сосын суы салқын, таза болу керек. Мал суға семіреді. Қазір 21 тай-жабағы тұр. Қоңдары жаман емес. Осы жерден өтеді. Ас-тойға алады, – дейді Сағыныш Есенбеков.
Ірі шаруашылық ауыл тұрғындарын жұмыспен ғана қамтып отырған жоқ. Ауылдағы қандай да болсын жақсы бір істің демеушісі – «Отқанжар». Артық айтты демеңіз, тұтас ауылды ұстап отыр.
Изенді аулындағы жұмыс та қызу. Ауыз суды әр үйге тартып жатыр. Бұл да ауылдағы ағайын үшін үлкен қуаныш. Бұған қоса жақында Бейбіт Масабаев атындағы бокс залы ашылыпты. «Batyr bolamyn» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылған залда ауылдың 50-ден аса баласы жаттығып жүр.
Жараспайдың жанашыры
Жоғарыда да айта кеттік, Нұраның астықты алқап екенін. Арқаның алтын қамбасына айналған өңірде егістік шаруашылығымен айналысатындар көп. Дегенмен ірі шаруашылық иелері елге, ауылға демеу болып отыр. Осы секілді жолымыз түскен «Жараспай» атты шаруашылықтың Жараспай ауылына шарапаты тиіп отыр екен.
Шаруашылық басшысы Сейілхан Қоңырбаев – алпыстан аса адамға жұмыс беруші. Шаруашылық бағыты – егін. Өрісін малға толтырудан қашпақ емес мұндағы жұрт. Тек ауыз су мәселесінің бүгін-ертең шешімі табылар емес. Егістік алқабындағы берекелі тіршілікпен-ақ елден қалған жоқ. Шағын ғана ауылдың үлкен жүректі жанашыры Сейілхан Оспанбайұлы туған топырағынан аянған емес. Ауылына жол салып берген. Ұялы байланыс орнатып берген. Онымен қоса қандай да бір шаруаға қолдау қажет болса, жолынан жығылған емес. Сол үшін де Жараспайдың жанашырын ауылдастары құрмет тұтады. Мәселен, жақында ғана мұғалімдер мерекесіне орай ауыл мектебіндегі педагогтерге бір қап ұннан сыйлапты. Осы секілді үнемі ауыл, аудан халқына әлеуметтік көмек көрсетіп жүреді. «Дәулетім асып-тасығаннан емес, мен осы топыраққа қарызбын. Менің перзенттік борышымның өтеуі», дейді жомарт жүректің өзі.
Шаруашылық биылғы межені ойдағыдай өндіріп алыпты. Қырмандағы қызу тіршілік саябырсыған. Механизаторлардың дені комбайн, басқа да техникаларды келер жылға дайындау үстінде.
«Жараспай» серіктестігінде 31 397 гектар жер бар. Оның 17 670 гектары – егін. Көктемдегі егістік кезінде 120-130-ға жуық адам жұмысқа жұмылдырылады. 20 мың тонна өнім сиятын қойма бар. Онымен қоса ауыл шаруашылығының түрлі техникасы бар автопаркте жыл он екі ай жұмыс тоқтамайды. Өйткені шаруашылықтағы шаруа солардың күшімен өнеді. Техниканың тоқтаусыз жүріп-тұруы еңбек күші үшін аса маңызды.
Шаруасы шалқыған «Шахтерское»
Қамбасы астыққа толған Сейілхан Оспанбайұлының егін алқабы «Шахтерское» шаруашылығымен іргелес жатыр. Иә, «Шахтерское» – Арқадағы алпауыт шаруашылық. Серіктестік басшысы Георгий Прокоптың шаруасы шалқыған. Ал ел аузында жүрген Шахтер ауылының ажары артқан. Мұндағы тұтас ауыл егінде еңбек етеді. Екі кісінің басы қосылса, әңгіме осы егін жайында өрбиді.
Әуелі алқаптағы бригаданың жұмысын көрдік. Комбайндар әрлі-берлі егін орып жүр. Бидай тиеген «КамАЗ»-дар келесі рейске асыққан. Олар астықтарын бригаданың орталығына тасиды. Онда элеватор бар. Орақтан жаңа келген бидайды сонда кептіреді. Шаруа иесі мұндағы техниканың бәрін жыл сайын жаңартады.
– Мен ертеден бері егін шаруашылығында еңбек етіп келемін. Өздеріңіз көріп тұрғандай, техникамыздың бәрі жаңа. Іші иномарка секілді. Қанша мөлшер егін орғанын компьютер көрсетеді. Германияның техникалары өте сапалы, – дейді комбайн жүргізушісі Серік Аханов.
Бір бригада құрамында 15-18 жұмысшы бар. Науқан кезінде алқаптан ұзамау үшін жұмыскерлер осындағы жайлы үйде жатып, еңбек етеді. Асханадан түстенеді, кешкі асын ішеді.
– Биыл егіннің жайы біраз алаңдатты. 35 мың гектарға егін салдық. Қазір 85 пайызын жинап үлгердік. Осы уақытта еңсеріп қалуымыз керек еді. Бірақ кейінгі жауған жауын қол байлады. Одан кейінгі мәселе – киік таптады. Бірақ тәубе дейміз, бәрі ойдағыдай, – дейді Г.Прокоп.
Картоп алқабында да қарбалас тірлік. Шаруашылық картопты биыл сегізінші рет өсіріп отыр. Алғашқы жылы 130 гектарға салды. Сөйтіп, жыл санап аумағын арттырды. Бүгінде 500 гектардан өнім жинау үстінде.
Картоп алқабына жеткенімізде бригададағы жұмыскерлер техникаларын өңгеріп қойыпты. Бөлімшеден «Пазикпен» арнайы жеткен кешкі асқа жиылған. Биылғы түсімнің орташа екенін айтады алқап басындағылар.
– Біздегі тұқым – атақты гала картобы. 1 гектардан 40 тоннадан өнім беріп жатыр. Соған қарап, түсімнің орташа екенін айту керек. Жаңбыр жинап алуға кедергі болып тұр. Күніне 1 200-1 400 тонна жинаймыз. Техникамыз жеткілікті. Сыңғырлап тұр. Жиналған картопты Шахтер ауылындағы үлкен қоймаға тасимыз. 80 гектардан шыққан өнімді тұқым ретінде пайдаланамыз. Осы уақыттан бастап қыс бойы Астанадан әкетеді. Тараз, Шымкенттен де алатындар бар, – дейді шаруашылықтың бас агрономы Дидар Әкішев.
Биыл 500 гектар жерден 18-19 мың тонна картоп алуды жоспарлап отыр шаруашылық. Бұлар жыл сайын Еуропадан 60 тонна тұқым сатып алады. Мемлекет тұқымға субсидия береді.
– Жер тозбауы үшін дақылдарды алмастырып отыру қажет. Мәселен, биыл – картоп, келесі жылы – бидай, одан кейін бос жатады. Қайталап отырамыз. Сонда әр өсімдік өзіне қажетті минералдарды алу арқылы жердегі тепе-теңдікті сақтайды, – дейді бас агроном.
Георгий Прокоп даладағы шаруашылықтан соң, «Шахтерге» алып келді. Ауылы ажарлы. Көшелер асфальтталған, жарықтандырылған, көгалдандырылған. Таза су әр үйге кіріп тұр. Орталық көшеге стелла мен субұрқақ орнатылған. Жастар аллеясы бар. Супермаркет бар. Жақында тойханасы ашылады. Жас мамандар мен мұғалімдерге арнап тұрғын үй салып берген. Мемлекет-жекеменшік серіктестік аясында спорт кешені салынды. Құрылысқа шаруашылық есебінен 140 млн теңге қаражат бөлінсе, құны 280 млн теңге тұратын бассейн шаруашылық қаражатына салынып, пайдалануға берілді. Бүгінде ауыл ғана емес, көршілес елді мекендегі балалар да бассейнге келіп, жүзіп жүр. Қысқасы, алпауыт шаруаның иесі барын елімен бөліседі.
Арқаның алтын қамбасына айналған нұрлы Нұрадағы біз көрген науқан осындай.
Қарағанды облысы,
Нұра ауданы