• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 15 Қазан, 2023

Аққыздың шәкірті

473 рет
көрсетілді

Ауылдан ұзамай-ақ салған әні алты қырдан асқан, шерткен күйі шебер шығатын небір дарын өнерді өлтірмей, өрістетіп отыр. Әйтпесе Құдай берген талантымен танылып кететіндей қауқар жоқ емес оларда. Ақтоғайда тұратын тоқсанға толып қалған Күлмара Рахымбекқызы – көненің көзі, шебер күйшінің өзі. Атақты Аққыз күйшінің төл шәкірті. Құдай қуат берген. Алтын құрсағынан тараған ұл-қыз бір рулы елге айналғалы тұр.

Кейінгі бір жылда көз жанарынан айырылды демесеңіз, кө­кірегі – әлі ән мен күйдің көм­бесі. Ақтоғай топырағы өнер­­дің алтын діңгегі болса, бір өзі – асыл өнердің алтын сан­­дығы. Тоқырауынның тол­қы­нын, Ақсораңның атырабын күй­мен күмбірлеткен Күлмара Ра­хымбекқызы туралы көп тол­ғауға болады.

Әкесі Рахымбек әнші, күй­шілігімен көпті сүйсінткен жан болыпты. Жер-жердің кіл өнер­­паздары Ақтоғайға жинала қалса, осы шаңырақты дүбірге бөлейді екен. Қара домбыраның күмбірімен, әсем әннің әлдиімен бесікте тербелген Күлмараның да жүрегіне өнер осы кезде құн­дақталған. Алғашқы ән мен күйді әкесінен үйренеді. Халық күйі «Кеңесті» тез қағып алады. Одан соң Шалғынбайдың «Бос­тандық», «Текес» күйлерін үй­­ренеді. Сөйтіп, ел ішінде «дом­­бырашы қыз» атанып кетеді.

Күлмара әжеміздің кіндігін балтамен кесіпті. Сол кезде ер кіндік әкесі атанған Ғинаят ұстазы да үйірмеге жетекшілік еткен тұсында біраз ән, күй үйретеді. «Соқыр Есжан», «Қо­салқа» күйлерін үйретіп, мектеп сахнасына еркін шыға бастайды. Кейіннен әкесінің қыз­меті ауысып, Балқашқа көшеді. Ауысып барған мекте­бінің үйірме жетекшісі бала Күл­мараны шақырып алып, «Жаныңа 7-8 оқушы жинап, домбырашылар ансамблін құр. Көктемде қалалық өнер байқауы өтеді», деп сенім артады. Бұл кезде Күлмара домбыраны еркін меңгеріп ал­ған кезі, қымсына қоймайды. Қолға алады. Металлургтер са­­райындағы сол өнер жиынын­да сахнаға дайындалып тұрған бұларға орта бойлы сары кісі келіп, домбырасының құлағын келтіріп береді де, «қысылмай тарта ғой, қалқам», деп үн қа­тады. Бірақ бұл кісінің атақ­ты күйші Мағауия Хамзин екенін кейін біледі. Сол жолы оқушыларға «Арғынғазы», «Қо­салқа» күйін тартқызады да, өзі «Соқыр Ес­жанды» шебер шертеді. Үл­кен сахна­да тұсауы кесілген Күл­­ма­ра сол жолы олжалы қай­та­ды. Кейін Қарағандыда му­­зыкалық училещеге оқуға тү­сіп, оны тәмамдаған соң Ақ­­тоғайға келіп, ұстаздық қыз­­метіне кіріседі. Міне, содан бері ауыл балаларына асыл өнер­­ді дәріптейді. Келісімен аңызға айналған ансамбль «То­қырауын толқындарының» қа­тарына қабылданады. Тәт­тімб­ет­тің «Көкейкестісін», Ақ­­­қыз­­дың «Қайран елі­мін», Шал­ғын­­байдың «Бос­тан­ды­ғын», Мағауияның «Қос­ба­са­рын», Нұр­ғисаның «Арман» күйін үй­реніп, күй қоржынын байы­тып алады.

Қайбір жылы бір топ ақ­тоғайлық өнерпаз Алматыға ша­қырту алыпты. Сонда «Ар­ман» күйін орындағанын теледидардан көрсетіпті. Өнер саң­лағы Нұрғиса Тілендиев қатты риза болып, алғыс-батасын жаудырыпты. Осы бір жарқын сәтті де жадырата еске алады.

Әңгімеміздің әлқиссасында Аққыз әжеміздің шәкірті екенін айта кеткенбіз. Ол туралы Күл­мара Рахымбекқызы былай деп толғанады:

– Ақтоғайдағы мәдениет үйінде Аққыз әжемен шығар­машылық кездесу болды. Сұң­­­ғақ бойлы, аққұба кісі екен. Мені бірнеше күн бойы қа­сына ертіп жүрді. Сахнаға да жетектеп шығатынмын. Ол кісі домбыраны шертіп жі­беріп, кідіріп барып күй тартатын. Домбырасын көтеріп жүргенімді бақыт санадым. Сол жолы Ақәженің «Жетім қыз» күйін үйреніп алдым. «Қарағым, домбыраңды тастама. Осы күйімді ұмытпай тартып жүр», дегені әлі есімнен кет­пейді, – деп тебіренеді күй­­ші әжей. Кейін де сахнада, басқа деректі фильмдерде Ақ­қыз күйшінің рөлін өзі сом­дап шы­ғыпты. Бұрынғы Жез­қазған облыстық радиосында да күйлері таспаланып алып, «Алтын қорға» сақталған. Со­дан беріліп те жүріпті.

Күлмара Рахымбекқызы – шамасы жеткенше шәкірт тәрбиелей берген өнер иесі. Өнердің қызғыш құсы десек те болады. Өйткені асыл өнер өлмесін дейді. Шәкірттерінің ішіндегі үлкен үміт күткені өзінің Ерлан ұлы еді. Алайда тарпаң тағдыр ұстазды жас та­л­антынан, ананы ән баласынан айырды. Содан бері Күл­мара әженің жанарынан жас, жүрегінен саз шыққан. Қор­жынындағы жалғыз «Са­ғыныш» күйі сол ұлына ар­алған.

Шүкір, бүгінде тамыры те­­­реңдеген әулеттің мәуелі бәй­­­­терегі. Ұл-қыздары да, не­ме­ре-шөберелері де шетінен өнер­лі. Бұл шаңырақтың тө­рін­де – қастерлі домбыра тұ­рады. Оның әр пернесінде Күл­­мара Рахымбекқызының күл­лі ғұмыры сайрап тұр. Әке­сі Ра­хымбекті, асыл жары Үрім­­­жан­ды, ұлы Ерланды с­а­ғы­нып іздесе, көңілі қамықса қо­лына қара домбырасын алады. Тоқ­санға аяқ басқан алып ана, ғажап күйшінің біз көрген кө­шелі бейнесі осындай.

 

Қарағанды облысы