Сенбі күні Шет ауданында «Талды – өркениеттер тоғысында» атты халықаралық археологиялық-этнографиялық фестиваль өтті. Алғаш осы төңіректе қазба жұмыстары жүргізіліп, түрлі жәдігер табыла бастағанда бір топ тарихшы осында тарихи-археологиялық парк құруды ойластырған еді. Сол аспан астындағы мұражайда өткен өзекті басқосуға алыс-жақыннан меймандар келді. Әуелі шетелден келген ғалымдардың қатысуымен өткен конференцияда аталған аумақта жүргізілген зерттеу жұмыстары һәм алдағы жоба-жоспар талқыланды. Онымен қоса, қола балқыту, қыш құмыра жасау, ұлттық киім түрлерін тігу және ұмыт бола бастаған қазақ тағамдарын әзірлеу секілді этножұмыстарға елдің ықыласы ерек болды.
Киіз үйдегі конференция
Конференцияның шымылдығын Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ермек Алпысов ашып берді. Ол құттықтау сөзінде мұндағы жұмыстарға үш жыл бойы жергілікті бюджеттен қаражат бөлінгенін, сол арқылы ішкі туризм ағынын арттыруды мақсат етіп отырғандарын атап өтті.
Алматыдан келген «Беғазы-Тасмола» ғылыми зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты Арман Бейсенов ерте темір дәуірінің Қызылжартас қорымынан табылған жәдігерлерге жасалған ғылыми талдаудың нақты нәтижелері негізінде баяндама жасады.
– Қызылжартаста 2500 жыл бұрын салынған қорымдардың алғашқысы 2020 жылы зерттелген. Бұл жерден 4 бірдей тас мүсіннің табылуы балбал тастардың түркі заманында емес, одан әрі сақтар кезінде болғанын айдай әлемге көрсетті. Одан бөлек, түрлі алтын әшекейлер, қару-жарақ, құрбандыққа шалынған мал сүйектері табылды. Маңайындағы қорымдардың ертеректе көп тоналып, сәулеті бұзылған, деген өкінішін білдірді ғалым.
Сөзіміздің басында шетелден келген ғалымдардың да фестивальға қатысқанын айтып өттік. Конференцияда кезінде сөз алған Анкара университетінің ғалымы Серхан Чинар, Манас университетінің ғалымы Негизбек Шабданалиев, Ташкенттен келген тарих ғылымдарының кандидаттары Саида Ильясова мен Рахмонали Муродалиевтер Талдыдағы түрлі тарихи кезеңнен сипат беретін дала мұражайына таңданыстарын жеткізді.
– Орталық Қазақстан археологиясын терең зерттеген Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан, Кемел Ақышев сынды археологтерге бас иіп қою керек. Солардың еңбегінің арқасында, солар салып беріп кеткен жолдың нәтижесінде міне, Арқа жерінің тарихи кезеңдерге бай екені анықталып отыр. Қазақстан, оның ішінде Орталық Қазақстанның тарихи дәуіріне Түркияның қызығушылығы жоғары. Осындағы археологтермен әріптестікті әлі де әрмен қарай нығайтамыз деген сенімдеміз, – дейді түрік ғалымы Серхан Чинар.
Сонымен қатар Астана университетінің PhD Айбар Қасенәлі Сарыарқаның қола мен темір дәуірлері кезеңдеріндегі ескерткіштердің зерттелуіне тоқталса, тарихшы Ерлан Әміров Ақкезең алқабының киелі кеңістігі жөнінде кеңінен әңгімеледі.
Ал осы алқаптың қазба жұмыстарына жетекшілік етіп, 200-ге жуық жәдігердің жаңғыруына елеулі еңбек сіңірген Игорь Кукушкин археологиялық қазба жұмыстарына қысқаша тоқталып өтті. Алда осы аумақты әлі де зерттей түсіп, тарихи алқаптың ауқымын арттыру жөніндегі жоспарында айта кетті.
Киіз үйде өткен келелі конференцияда талқыланған тағы бір мәселе – Талды тарихи-археологиялық паркін әрмен қарай жаңғырту. Осы тақырып төңірегінде алыс-жақыннан жиылған ғалымдар, сарапшылар пікір алмасты. Ортақ мүдде үшін тізе қосып, жұмыс істеуге уағдаласты.
Ел ықыласы ауған этноауыл
Конференциядан соң, жиылған жұрт дала сахнасына қарай беттеді. Мұнда театрландырылған қойылым көрсетіліп, әрмен қарай концерттік бағдарлама жалғасын тапты.
Реконструкциясы жасалған металлургиялық пеште қола балқыту жұмысын тамашалаған көпшілік өз қолымен пышақ пен жебе ұшын құйды. Ұлытау облысынан келген Жезді музейінің қызметкері Айдар Шарханұлы металлургияның ата-бабадан қалған мұра екенін жеткізіп, мән-маңызына тоқталды. Мұнымен қоса, атқа жегілген арбалардың да қаңқасы жасалып, көрермен назарына ұсынылды.
Аспан астындағы мұражайдан осы төңіректе табылған құнды жәдігерлерді көзбен көрді. Аумағы екі ауылды алып жатқан Талды паркінен табылған ең құнды жәдігердің бірі – сақ қазаны. Облыстық тарихи өлкетану музейінің басшысы Ержан Нұрланұлы жәдігер туралы әңгімесін былай өрбітеді.
– Біршама жұмыс атқарылды. Қазба жұмыстарынан соң, қазылған жерлерді қалпына келтірдік. Жер астынан 200-ден аса экспонат шықты. Міне, осындағы жұрттың көзіне ең көп түскені – сақ қазаны. Былтыр табылды. Мұндай сақ дәуіріне тән қазанның Орталық Қазақстаннан табылуы алғаш рет.
Ұмыт болған қазақ тағамдарының көрмесі де – осында. Фестиваль меймандары Астанадан арнайы келген этнограф-ғалым, қазақ ұлттық тағамдарының зерттеушісі Әйгерім Мұсағажинованың дастарқанын қызықтады. Ол қадірлі қонақтарға төңкерме атты дәстүрлі тағам түрін әзірлеп көрсетті.
– Қуырылған бидайды үгітіп тартып, босанатын әйелдерге арнайы әзірлейтін тағам түрі. Дәстүр бойынша енесі келінді босандыру үшін әйелдерді көмекке шақырған. Келгендер бірлесіп осы тағамды әзірлеген. Бұл олардың қолдауын, қамқорлығын білдіреді. Төңкермені босанған әйелдің күшін қалпына келтіру үшін бірден осы тағаммен қоректендірген. Халық ішінде төңкермені доғалатпа деп те атайды, дейді Әйгерім Александрқызы.
Қарағандылық оқушылар Шахтинск қаласының қолөнер шебері Ерсін Манарбекұлынан қыш құмыра жасау бойынша шеберлік сабағын алды. Солардың қатарында Құлайғыр ауылындағы мектептің 9-сынып оқушысы Даяна Жаңабекова да бар.
– Осы бір іс-шараға ауылдан мұғаліміміз алып келді. Маған қатты ұнағаны – қыш құмыра жасағанымыз. Аса қиын емес екен. Ерсін Манарбекұлы барлығын түсіндіріп, көрсетіп берді. Шағын құмыра жасап шықтым. Өзіме естелікке алатын болдым, – дейді Даяна. Бұдан басқа, киізге сурет салу бойынша да шеберлік сабағы өтті.
Фестиваль қонақтары «Арқа сазы» фольклорлық ансамблінің, «Тоқырауын толқындары» халықтық ән-би ансамблінің, Алматыдан арнайы келген «Арқайым» этнографиялық-фольклорлық тобының өнерін тік тұрып тамашалады.
Бабадан қалған ұлттық киімді ұлықтап жүрген «Ұлжан» және «Мақпал» сән үйлерінің дизайнерлік көрсетіліміне көпшілік қол соқты.
Мәдени мәслихат түйінделер тұста көрермен қауым фестивальдың аутро аймағынан графикалық көріністі тамашалады. Фестивальға қатысушылар Талды тарихи паркіндегі ескерткіштерге экскурсия жасады.
Сондай-ақ қонақтар садақ атып, алтыбақан теуіп, атқа мініп, құс ұшырды. Осындай көрініс фестивальдың мән-маңызын аша түскендей.
– Мақсатымыз – тарихи парктің жұмысын әрмен қарай жандандыру. Біз осы тарихи дүниелеріміз арқылы туристер тартуды жоспарлап отырмыз. Музей қызметкерлерімен ақылдасып, экскурсиялық маршруттар ұйымдастыруды жолға қоймақпыз. Бүгінгі маңызды шара – соның бастауы, дейді облыстың мәдениет, ахивтер және құжаттама басқармасының басшысы Еркебұлан Жұмакенов.
Талды тарихи аумағының бүгінгі белесі – осы. Әлі де тиісті зерттеу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіле бермек. Олай болса, алдағы уақытта да адамзат баласын таңғалдыра түспек. Фестивальдан түйіп қайтқан ойымыз бұл.
Қарағанды облысы,
Шет ауданы