• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Құтқарушы 19 Қазан, 2023

Отыз жылғы ерен еңбек

377 рет
көрсетілді

Өртке қарсы өжеттік таныту екінің бірінің қолынан келе бермейді. Сол үшін де құтқарушы – мықтылар таңдайтын мамандық. Күн-түн демей, басын қатерге тігіп, тілсіз жауға, түрлі жағдайға қарсы аттанатын олар құрметке шынымен лайықты. Осы бір салада отыз жыл бойы еңбек етіп жүрген балқаштық Дәулет Долбаев та көп адамға екінші өмір сыйлаған.

Ақтоғайдың тау-тасында ойнап өскен бала Дәулеттің арманы Ақсораңдай асқақ еді. Бала кезінен спортпен шұғылданған жігіт қа­тар­­ластарына қамқор бола білді. Ел­ге жәрдем бергенді жаны сүйе­тін. Үлкендерден бата алған­ды ең үлкен бақыт санайтын. Осылай өскен перзент әуелде өрт сөн­діру­ші боламын деп ойламаған.

Мектебін тәмамдап, ауылынан қанат қаққан жас Дәулет Қараған­дыдағы педагогикалық институт­қа, денешынықтыру мамандығы бойынша оқуға түседі. Оны ой­дағыдай бітіріп, Балқаштағы №7 мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасады.

Тоқсаныншы жылдар. Жұрт жаппай базарға шыққан уақыт. Қаржы тапшылығы Дәу­лет­ке де сезіле бастаған. Осы кезде мардымсыз жалақы маман­дығын ауыс­тыртады.

«Ол кезде жарнаманы газеттен, аялдамадан көруші едік. Сондай қаптаған қағаз ілінген тақтаның ішінен «Құтқарушы қабылдаймыз» дегенді тауып алдым. Неге екенін білмеймін, көңіліме қатты жақты. Сол шақта Жезқазған облысына қарайтын едік. Медкомиссиядан сол жақ­тан өткенмін», деп еске алады құтқарушы қатарына қабыл­данған шағын.

Сөйтіп, 1993 жылы Балқаш­тағы өрт сөндіру бөлімшесінің біріне жұмысқа да қабылданады. Жары Клара Кенежановамен бірге шаңырағын да көтереді. Ең алғаш жұмысқа қабылданғандағы мына бір оқиғасын да есіне алып, әңгімелеп берді.

«Таңғы төртте Шашубай ша­ғын ауданынан дабыл қағыл­ды. Жедел жетіп бардық. Бірінші қабаттағы пәтерді от шарпыған екен. Ол кезде қазіргідей үлкен оттегі аппаратымыз жоқ. Әйтеуір, түтіннен қорғанатынымыз бар. Үйдің ішіндегі ерлі-зайыптыны шығарып алдық. Түпкір бөлмеде екі бала қалыпты. Өрттің беті қатты. Қанша жерден құтқару­шы­­мыз десек те, үлкен тәуекелді қажет етеді. Сол сәтте ой үстін­дегі мені алапат күш үйге алып кірді. Қып-қызыл оттың ішінен көзіңізді ашып жүру деген тіпті мүмкін емес. Әйтеуір, үйдің ішін ойша жобалап, әлгі бөлменің есігін теуіп кіріп, екі баланы алып шыққаным есімде қалыпты», дейді ол.

Осы бір құтқару жұмысынан кейін, мына бір ойды серт етіп алыпты: «Өрт сөндіру мамандығы ойланып тұруды қажет етпейді. Өртті өшіруден бұрын басты миссия – адам өміріне араша түсу. Өйткені тап сол тұста адам жаны  – бізге аманат».

Міне, содан бері мінсіз қызмет етіп келе жатқан Дәулет Мұқа­тайұлы өрт сөндіру саласының түрлі қызмет сатысынан өтеді. 2010 жылы №5 өрт сөндіру бөлім­шесінің қарауыл бастығы болып зейнетке шығады. Мықты маман, жедел құтқару жұмысын ұтқыр ұйым­дастыра білген Дәулет Мұ­қа­тайұлын кім жібере салсын? Балқаштағы зауыттың «Серік­тестік» атты өрт сөндіру бөлім­шесінде №3 қарауыл бастығы ретінде қызметін әрі қарай жалғай­ды. Әлі де – осы қызметте.

«Біздің Дәулет Мұқатай­ұлының әуелі адами қасиеті жоғары екенін атап өтуіміз керек. Ұжымда үлкен беделі бар ағамыз үнемі кейінгі жастарға жол көрсетіп жүр. Таңдаған кәсібін ерекше ілтипатпен, адал да мінсіз атқарады», дейді әріптестері.

Қысқасы, Дәулет Мұқатайұлы тілсіз жаудың «тілін» ұғып, жа­лынды жедел құрықтаудың жолын ұйымдастыра алатын тәжірибелі маман, қадірлі құт­қарушы. Отыз жылғы орасан еңбегі ескеріліп, омырауы­на «Өртке қарсы қызмет органда­рындағы мінсіз қызметі үшін» медалін таққан.

 

Қарағанды облысы,

Балқаш қаласы