• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Аймақтар 23 Қазан, 2023

Қостанайда Қазақстандағы АЭС құрылысына қатысты қоғамдық талқылау өтті

180 рет
көрсетілді

Қостанай облысының Азаматтық альянсы мұрындық болған маңызды іс-шараға мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңестер, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, энергетиктер, өңірдің белсенді азаматтары қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Қоғамдық талқылауда Энергетика министрлігі, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС, Ұлттық ядролық орталық және ядролық физика институтының өкілдері сөз сөйледі.

Атом саласының сарапшылары жергілікті тұрғындарға елдегі энергия тапшылығының күшеюі, атом электр станциялары құрылысының жобасы, заманауи атом станцияларының қауіпсіздігі, олардың жұмыс істеу принциптері және атом электр станцияларының қоршаған орта мен адам денсаулығына әсер ету деңгейі жөнінде айтып берді.

Сарапшылар жергілікті тұрғындар қойған сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, заманауи ядролық технологиялардың қауіпсіз әрі қоршаған ортаға зиянсыз екенін жеткізді.

Мәселен, «Қазақстанда атом энергетикасы даму керек пе?» деген сауалға жауап берген Ядролық физика институтының бас директоры Саябек Сафиев мұның тек Қазақстан ғана емес, бүкіл әлем үшін өте қажетті дүние екенін айтты.

«Арзан әрі экологиялық таза энергетиканы кім өндіреді – сол әлемді басқара алады. Атомды бейбіт мақсатта игеру үдерісінде Қазақстанның ортадан  ойып алатын өз орны болуы шарт. Бізде атом энергетикасына қажет дүниелердің бәрі дамып келе жатқанына, кем дегенде, 56 жыл болды. Мәселен, Қазақстан қазір неге су-сулы энергетикалық реакторын таңдап тұр? Өйткені бұл – әлемдегі ең қауіпсіз атом электр станциясы. Бізге АЭС керегі жоқ деушілер алдымен Чернобыльдағы, одан кейін Фукусимодағы атом электр станциясын алға тартады. Алайда бұл АЭС-тер бір контурлы реактормен жұмыс істеді. Ал біздің таңдағанымыз – су-сулы, яғни, екі контурлы реактор», деді Саябек Сафиев.