• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қазан, 2023

Шағын аудандарға газ келді

196 рет
көрсетілді

Мерейлі мереке қарсаңында Жетісудағы ақжолтай жаңалықтар тиегі ағытылды. Әсіресе шалғайдағы ауыл-аймақтар көгілдір отынға қол жеткізіп, көңілдері бір марқайып қалды. Тіпті Сарқан ауданының үш ауылында блок-модульдік медициналық пункт іске қосылды. Ал Жаркентте жаңа балабақша есігін ашып, спорт мекемесінің лентасы қиылды.

Әуелі облыс орталығы Тал­дықорған қаласындағы «Жас­тар-2» шағын ауданына газ бе­рілді. Енді мұндағы екі мыңнан астам тұрғын көгілдір отынның игілігін көретін болады.

Өңірдегі әрбір іс-шараның басы-қасында облыс әкімінің орынбасары, қала әкімі мен аудан басшылары жүрді. Олар жұртшылықты қуаныштарымен құттықтап, облыс көлемінде атқа­рылып жатқан игілікті істерді баяндады. Өз кезегінде қала әкімі Ерат Бәзіл жаңа шағын ауданның ин­фра­құрылымын дамыту жұ­мыс­тарына кеңінен тоқталды.

«Жастар-2» шағын ауданында 22 шақырымға газ құбыры тартылып, оған 295 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. 2022 жылы құрылыс жұмыстарын бастаған «Рем строй» ЖШС бүгінде жобаны толық аяқтады. Сөйтіп, 526 абоненттің газға қосылуына мүмкіндік жасалып отыр. 2025 жылға дейін қаланың барлық аймағына газ тарту жоспарланған. Жалпы, «Жастар-2» тұрғын үй алабының инфрақұрылымын жақсартуға бағыт­талған жұмыстар кезең-ке­зеңімен атқарылып келеді. Атап айтқанда, мұнда 21 шақы­рым­ға ауыз су құбыры тартылып, бүгінде тұрғындар 100 пайыз таза сумен қамтылып отыр», деді Е.Бәзіл.

Оның айтуынша, тұрғын үй алабын абаттандыру мақсатында 16 көшеде заманауи үлгідегі 514 жарық бағаны орнатылған. Бұдан бөлек, жолдың сапасын жақсарту үшін 13 көшенің 11,2 шақырымына жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Сол сияқты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынып жатқан «Жайлы мектеп» жобасы аясында тұрғын үй алабында 900 орынды мектеп құрылысын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, келер жылы құрылыс жұмыстары бас­талатын болады.

Инфрақұрылымды дамыту­дың маңызды кезеңі ретінде газ қосу рәсіміне қатысқан жұрт­шылық қуаныштарын жасыр­мады. «Жастар-2» шағын ауда­ны­ның тұрғыны Бақыт Жа­ңа­баева көпшіліктің атынан рахмет айтты.

Сонымен қатар жыл соңына дейін «Ынтымақ» жеке тұрғын алабының 9500-ге жуық тұрғыны және Талдықорған қаласының ішінде қалған учаскелердегі 585 тұрғын газға қол жеткізсе, келе­сі жылы Мойнақ ауылына газ құбыры тартылып бітуге тиіс.

Облыстық энергетика және тұр­ғын үй-коммуналдық ша­руа­шылық басқармасының мәлі­ме­тінше, жоспарға сәйкес 2025 жылға дейін Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі елді мекендер толық газдандырылуға тиіс. Ал 2030 жылға қарай өңір­ді газдандыру жүз пайызға же­те­ді немесе 192 елді мекенді қамтылады деп межеленіп отыр. Қазір облыста 288 мың адам газға қосылуға мүмкіндік жасалған, бұл – халықтың 41,2 пайызы. Жыл соңына дейін жоспарланған 20 шақты жоба толық аяқталғанда, бұл көрсеткіш те өсе түспекші.

Одан бөлек табиғи газға Қаратал ауданының 2300-ден астам тұрғыны қол жеткізді. Жалпы, аталған ауданда 35 елді мекеннің 19-ы газдандыруға жатады. 2019 жылы «Үштөбе» автоматтандырылған газ тарату стансасы және құны 3,1 млрд теңге болатын ұзындығы 44,7 км газ құбыры пайдалануға берілді. Қазіргі таңда ауданның 10 елді мекенінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Ал кеше көптен күткен газ 530 түтіні бар, яғни 1800 адам тұратын Кәлпе ауылы мен 530 тұрғыны бар Оян ауылына да берілді.

Газға бірінші болып қосыл­ған­дардың бірі – кәлпелік Қайрат Сәрсенбаевтың шаңы­рағы. «Қыс бойы 5-6 тоннаға дейін көмір жағатынбыз. Бұл қарапайым отбасының қалтасына едәуір салмақ түсіреді. Үйге көмір, отын тасуың керек, от жағасың, күл шығару да оңай емес. Енді міне, үйге газ кіргізіп, осы әурешіліктің бәрінен арылып, қуанып отырмыз», дейді әулеттің келіні Қарлығаш Өскенбаева.

Өңір әкімі баспасөз қыз­ме­тінің мәліметінше, Кәлпе ауылына газ желілерін салу жұмыстарын 2021 жылдан бері «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізген, оған 500,2 млн теңге бөлініп, 27,1 км газ құбыры тартылды. Ал Оян ауылын газдандыруға 86,9 млн теңге бөлініп, 7,3 км газ желілері салынды. Мұндағы газдандыру жұмыстарын да «Gas Energy Construction» ЖШС жүргізді.

Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының хабарлауынша, Қаратал ауданын газдандыру жалғасады. Қазір Қанабек ауылында іске қосу-реттеу жұ­мыс­тары атқарылуда, ал жыл соңына дейін ауданның тағы 8 аулын, яғни жалпы сомасы 2,9 млрд теңгеге Жаңаталап, Ескелді би, Көкдала, Қызылжар, Достық, Тастөбе, Ортатөбе, Бастөбе ауылдарын кезең-кезеңімен газдандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ өткен жылдан бастап Үштөбе қаласында құны 7 млрд теңге болатын газ тарату желілерінің құрылысы жүргізілуде. Бүгінде жобаға сәйкес жоспарланған 148 км-дің 134 км газ тарату желілері салынды, яғни жұмыстар 90,5 пайыз орындалды. Газбен жаб­дық­тау биыл басталады деп кү­тілуде.

Республика күні қарсаңында сарқандықтар да бір шалқып-тасып қалды. Су жаңа медици­на­лық пункттер Бірлік, Қ.Қазыбаев және Ешкіөлмес ауылдарында ашылды. Олардың әрқайсысына облыстық бюджеттен 35 млн теңге бөлінді. Маңызды әлеу­мет­тік нысандар бейімделген нысандардың орнына салынып, барлық қажетті жабдықпен қам­ты­лып отыр. Енді аталған елді ме­кендердің 1100-ден астам тұрғыны үшін медициналық қыз­мет­тердің сапасы мен қол­жетімділігі бұрынғыдан да арта түспек.

«Ауыл тұрғындары да, дәрі­гер­лер де бұл қуанышты асыға күттік. Бұрынғы қолданыстағы медициналық пункттер тиісті та­лаптарға сәйкес келмейтін үй-жайларда болған. Енді блок-модульдік панельдерді қол­да­ну­ арқасында медпункттер қысқа мерзімде зама­науи кейіпке еніп, қолданысқа берілді. Ішінде бар­лық қажетті жабдығы бар. Енді мұнда арнайы мамандарды кес­те бойынша жіберіп отырамыз. Мұның бәрі ауыл тұр­ғындарына көр­сетілетін меди­циналық қыз­мет­­тердің сапасын арттыруға ық­пал етеді деп ойлаймын», дей­­ді Сарқан ауданы орталық ауруха­­насының директоры Алтай Шылғаубаев.

Жалпы, Бірлік ауылында 590 адам, Қ.Қазыбаев ауылында 313, Ешкіөлмес ауылында 205 адам тұрады. Тұрғындар бұған дейін басы ауырса, аудан орталығына шапқылап баратын, енді іргедегі заманауи мекемеге иек сүйемек.

«Бүгін туған ауылымызда жаңа, заманауи медициналық пункт ашылды. Біздің мед­пунк­тіміз тозып кеткендіктен, қаралу үшін көрші ауылдарға ба­руға тура келетін. Жаңа медпункт бізге жасалған мерекелік тамаша сый болды», дейді Қ.Қазыбаев ауы­лының тұрғыны Сәуле Құрманғалиева.

Бұдан бөлек Кемел Тоқаев атын­дағы қайырымдылық қоры­ның есебінен Үштөбе қаласының дәрігерлік амбулаториясы іске қосылды. Амбулаторияда күні­не 50 адам қабылдайтын 3 дәрі­герлік учаске орналасқан. Тіркелген халық саны – 3876 адам. Дәрігерлік амбулаторияда тіркеу бөлімі, әйелдерді қарау, дәрігерге дейін қаралу, физиотерапия, емдік денешынықтыру бөлмесі, дені сау балаларды қа­былдайтын бөлме, 5-күндізгі ем қабылдайтын стационар, процедура қабылдайтын және екпе салатын бөлмелермен жабдық­талған. 

Ал шеткері аудандардың бірі Панфиловте бүлдіршіндердің қуанышы ерекше естілді. Көктал ауылында 100 орындық бала­бақша ашылды. Республика күні қарсаңында лентасы қиылған бала­бақшаның қуанышына Пан­фи­лов ауданының әкімі Марат Сағымбек қатысып, бүл­дір­шіндер мен ата-аналарды құттықтады.

«Бұл – биыл ашылып отырған үшінші балабақша. Жуырда Головацкий ауылында үлкен балабақшаны ашу жоспарланып отыр. Ондағы күрделі жөндеу жұмыстары аяқталған соң пай­далануға беретін боламыз», деді аудан әкімі М.Сағымбек.

Жеке кәсіпкер Кәмшат Мол­дах­метова осы ауылдағы ескі ғимаратқа күрделі жөндеу жасап, 20-дан астам жұмыс орнын ашты. Сонымен қатар Үлкен Шыған ауы­лында 90 орынға арнал­ған және Пенжім ауылын­да 100 орынға арналған қос спорт кешені бой көтерді. Қазір Жаркент өңірі жылдан-жылға дамып келеді.

 

Жетісу облысы