Республика күніне орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен ел дамуына үлес қосқан азаматтар мемлекеттік наградамен марапатталды. Осы орайда 1994 жылы тоқтатылған «Қазақстанның халық жазушысы», «Қазақстанның халық әртісі» атақтары биыл қайта жаңғыртылып, аталған сыйлыққа бірқатар тұлғаларымыз ие болды.
Жыл сайын санаулы адамдарға ғана берілетін «Халық қаһарманы», «Халық әртісі», «Халық жазушысы», «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған қайраткерлерге қандай жеңілдіктер бар? Төленетін жәрдемақы мөлшері қанша?
2023 жылғы 20 сәуірде қабылданған Әлеуметтік кодексте «Қазақстанның Еңбек Ері» атанған тұлғаларға атаулы мемлекеттік жәрдемақы төленеді деп бекітілген. Ол 138,63 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде. Елімізде 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге болып бекітілді. Яғни, марапатқа ие болған тұлғаларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері – 478 276 мың теңге. Айта кету керек, Кеңес Одағының батырларына, «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағына ие болған адамдарға, Социалистік Еңбек ерлеріне, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлеріне, «Халық қаһарманы» атағына ие болған адамдарға да дәл осы мөлшердегі (138,63 АЕК) жәрдемақы төленеді.
Қазақстанның халық жазушысы деген атақ 1984 жылдан 1999 жылға дейін әдебиеттің дамуына орасан үлес қосып, сүбелі шығармалар жазған жазушыларға табысталды.
Биыл Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның халық жазушысы атағын қайта енгізу жөнінде тапсырма берген болатын. Бұдан былай бұл атаққа әдебиет саласында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған, Мемлекеттік сыйлықты алған ақын-жазушылар ие болады. Осы күнге дейін бұл марапат 39 қаламгерге беріліпті.
Президент Қ.Тоқаев Республика күніне орай мемлекеттік наградамен марапаттау жиынында жазушылар Төлен Әбдік, Бексұлтан Нұржекеұлы, Смағұл Елубай, Софы Сматаев, Ахметжан Аширов, Любовь Шашковаға Қазақстанның халық жазушысы атағын салтанатпен берді.
Араға 24 жыл салып оралған халық жазушысы атағын алған қаламгерлерге қандай көмек көрсетіледі?
Бірнеше күн бұрын Сенатта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік наградалар, мемлекеттік авиация, қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралып, қабылданды. Осы заңның аясында Мәдениет және ақпарат министрінің орынбасары Арман Жүдебаев журналистер сауалына жауап бергенде халық жазушыларына үстемақы төленетінін айтқан-ды.
«Қазақстанның халық жазушысы атағын алған тұлғалар Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты мекемеде жұмыс істейтін болса, арнайы қабылданған қаулы бойынша 17 950 теңге үстемақы алады», деді вице-министр.
Осы жылдың сәуір айында Үкімет «Қазақстанның халық әртісі» атағын алған мәдениет саласының қызметкерлеріне үстемақы көлемін екі есе арттыру жөніндегі қаулыны бекітті. Қаулының негізінде осы атаққа ие мәдениет қызметкерлерінің базалық лауазымдық еңбекақысына 100% үстемақы қосылды.
Қазақстанның халық әртісі атағын беру 1999 жылы тоқтады. 1991 жылдан бастап 49 адамға халық әртісі берілген, олардың көпшілігі мемлекеттік мәдениет мекемелерінде жұмыс істеп келеді. Биыл қайта оралған халық әртісі атағын әншілер Рамазан Стамғазиев, Димаш Құдайберген, күйші Айгүл Үлкенбаева, театр және кино актерлері Дулыға Ақмолда, Дінмұхаммед Ахимов, Михаил Токарев, опера әншілері Талғат Күзенбаев, Шахимардан Әбілов алды.
«Маған «Қазақстанның халық әртісі» деген атақты 1992 жылы берді, 44 жасымда алдым. Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада тіркеуде тұрамыз, тегін емделеміз. Жыл сайын бір мәрте шипажайға тегін баруға болады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен қайта жаңғырған «Қазақстанның халық әртісі» атағының оралуы өнер, шығармашылық адамдарының мерейін өсіретіні анық. Бұған дейін «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атақты беріп келді. «Халық әртісі», «Халық жазушысы» деген атақтардың қайта табысталуы зор табыс деп санаймын», дейді Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов.
«Қазақстанның Еңбек Ері» атағын тұңғыш алған білім саласының ардагері Аягүл Миразова мемлекеттік мереке қарсаңында әр мамандық иелерінің жұмысы лайықты бағалануы олардың өнімді еңбек етуіне серпін беретінін айтады.
«Қазақстанның Еңбек Ерлеріне мемлекет тарапынан берілетін арнаулы жәрдемақы бар. Шүкіршілік, бұрын министрлер кеңесінің ауруханасы болған Алматыдағы орталық клиникалық ауруханаға тіркелгенбіз. Тегін емделеміз, шипажайға да барамыз. Көрші Ресейде жоғары марапат иелеріне ұшақта ұшуға, теміржол тасымалында, басқа да әлеуметтік төлемдерге айтарлықтай жеңілдік қарастырылған», дейді А.Миразова.