Еліміздің тәуелсіздігі жылдарында республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының біразы жаңартылып, бүгінде халық игілігіне жаратылып отыр. Алайда облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың көпшілігі ұзақ жылдар бойы ешқандай жөндеу көрмей, әбден тозып, жеңіл көліктің жүруіне жарамсыз болып қалғандықтан, өңірлер тұрғындарының, әсіресе ауылдағы ағайынның ең басты мұқтаждығының біріне айналды.
Мәселен, Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданындағы «Саумалкөл – Сырымбет – Светлое» бағытындағы аудандық маңызы бар автомобиль жолы шұрқ тесік болғандықтан, жергілікті жүргізушілер мен жолаушылардың жүйкелерін жұқартып тұр. Осы туралы орынды реніштерін жүре тыңдаған әкімқаралардан көңілдері қалған айыртаулықтар алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттарына шағымданған еді. Солардың араласуының нәтижесінде сең қозғалып, өңір басшылығы аталған автожолды күрделі жөндеуден өткізу жайлы жазбаша уәде берген. Бірақ оны нақты іске асыру әртүрлі себеппен созбаққа салынып, биыл ғана қолға алынды. Сөйтіп, жол машақатын көріп жүрген жергілікті тұрғындар: «Жақсылықтың ерте-кеші жоқ», десіп бір қуанып қалған. Алайда олардың қуанышы көп ұзамай су сепкендей басылды. Себебі автожолдың бұзылған асфальтының орнына жаңасын салып жатқан мердігер ұйым жұмысының көзге ұрып тұрған шалағай тұстарын байқаған белсенді азаматтар оларды видеоға түсіріп, әлеуметтік желіге салып, дабыл қаққан еді. Осыған орай біз облыстың сол кездегі әкімі Айдарбек Сапаровпен сөйлескенімізде ол: «Айыртау ауданындағы автожолды күрделі жөндеу барысында жіберілген кемшілікті біліп, өз тарапымыздан шара қолданып жатырмыз. Егер тиісті сапа қамтамасыз етілмесе, онда біз мердігер ұйымның атқарған жұмысын қабылдап алмаймыз», деп кесімді сөзін айтқан. Ал жақында Айыртау ауданы әкімінің орынбасары Еңбек Исинмен хабарласып, автожолды қалпына келтіру жағдайы не болғанын сұрағанымызда ол: «Мердігер ұйым тексеріс барысында анықталған кемшін тұстардың бәрін өз есебінен түзетіп, үш жылға арналған жөндеу жұмысының бірінші кезеңін толық аяқтады», деді.
Осы мысалдан көңілге түйгеніміз – жол жөндеу сапасына жүйелі қоғамдық бақылау қажет. «Көптің көзі – көреген» демекші, айыртаулық азаматтар қырағылық танытып, әлеуметтік желіде шу шығармағанда «Саумалкөл – Сырымбет – Светлое» автожолын қалпына келтіруге бөлінген қыруар бюджет қаржысы құмға сіңген судай болып, күткендегідей нәтиже бермеуі мүмкін еді.
Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» Жолдауында: «Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына дейін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек», деген болатын. Осы маңызды міндетті ойдағыдай орындау мақсатында Мемлекет басшысы өз Жарлығымен Көлік министрлігін құрғаны мәлім. Жаңа мемлекеттік орган Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еліміздің автокөлік жолдары саласындағы жүйелі кемшіліктерді жоюға бағытталған тиімді шараларды кешіктірмей қабылдаса, құба-құп.
Ауылды жерлердегі автомобиль жолдарының тозығы жетіп тұрғанына Мәжілістегі «Ауыл» Халықтық-демократиялық патриоттық партиясы фракциясының Ерболат Саурықов бастаған бір топ депутаты назар аударып, биылғы 31 мамырда Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың атына депутаттық сауал жолдаған. Онда мәжілісмендер: «Қазіргі жолдардың сапасын осыдан он немесе жиырма жыл бұрынғы жағдаймен салыстыруға келмейді. Бүгінде тозығы жеткен жолдарды күрделі және ағымдағы жөндеуге бюджеттен қомақты қаржы бөлінуде. Бірақ осы қаржы көптеген елді мекенде құмға сіңген судай болып жатыр. Оның басты себебі – облыстық маңызы бар, ауыл және аудан аралық жолдарда нормаланған мөлшерден артық салмақпен құм, тас, шағыл, кірпіш, цемент, тұз, т.б. заттарды тиеген жүк көліктері толастар емес», дей келіп, еліміздегі әртүрлі жүк тиелгендегі салмағы 40 тоннадан 80 тоннаға дейін жететін 400 мыңдай ауыр жүк көлігі барлық автожолды жаншып бүлдіріп жатқанына алаңдаушылық білдірген. Мысалы, Түркістан облысында өткен жылы 1 200 километр жолға күрделі жөндеу жасау үшін 51 млрд теңге қаржы жұмсалған. Алайда ауыр жүк көліктерінің жергілікті кен орындарынан шамадан тыс жүк тасымалдауының салдарынан осы жолдың 300 километрі қазірдің өзінде ойдым-ойдым болып, жарамсызданып қалған. Ал «Автомобиль көлігі туралы» заң талабын өрескел бұзған ауыр жүк көліктерінің иелеріне салынған айыппұл көлемі 42 миллион теңге ғана. Бұл – осы автожолды қайта жөндеуге қажет 15 млрд теңгенің 0,3 пайызы ғана.
Міне, осы көптен бері сөз болып келе жатқанымен, түйіні әлі тарқатылмаған көкейкесті мәселені шешу үшін мәжілісмендер көліктік бақылаудың жылжымалы бекеттері мен Көліктік бақылау инспекциясы қызметкерлерінің санын көбейтуді, сондай-ақ қолданыстағы заңнаманы бұзған ауыр салмақты автокөлік иелеріне салынатын айыппұл мөлшерін бірнеше есе ұлғайтуды ұсынған. Депутаттық сауалға жауап берген Р.Скляр өңірлердегі 48 жылжымалы көліктік бақылау бекетінің 20-сы техникалық ақауларға байланысты жаңа 21 жылжымалы бекет сатып алынатынын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында көлік саласын цифрландыру жүргізіліп жатқандықтан, Көліктік бақылау инспекциялары қызметкерлерінің санын көбейту қарастырылмайтынын және ауыр салмақты автокөлік құралдарының жүк тасудың бекітілген салмақтық параметрлерінен асып кеткені үшін кәсіпкерлерге салынатын 40-тан 1000 айлық есептік көрсеткішке дейінгі әкімшілік айыппұл сомасы әділ болып саналатынын хабарлапты.
Шынтуайтында, бірінші вице-премьердің келтірген уәждерімен келіспеу қиын. Өйткені автожолдарды бүлдіріп жатқан ауыр салмақты жүк автокөлік иелерін қатаң жазаға тартып, осы салада тиісті тәртіп орнату үшін қолданыстағы заңнамада көзделген шаралар жеткілікті. Тек кілтипан – өңірлердегі Көліктік бақылау инспекциялары қызметкерлерінің өздеріне жүктелген міндетті қалай орындап отырғанында болса керек. 2022 жылғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндамада атап көрсетілгеніндей, Көлік комитетінде бюджеттің жыл сайын 10 млрд теңгеден астам сомаға ысырап болуына әкелетін сыбайлас жемқорлық схемалары анықталған. Олар – әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды жасамау, заңды тұлғалардың орнына жеке тұлғаларды жауапкершілікке тарту, асыра жүк тиеуге арнайы рұқсаттарды формалды түрде ресімдеу сияқты парақорлық иісі мүңкіп тұрған келеңсіздіктер.
Осы орайда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 2021 жылы Көлік комитетінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының 11 қызметкерін топтасып пара алғаны үшін ұстағаны ойға оралады. Сол жылы Солтүстік Қазақстан облысындағы «Петропавл – Мамлютка» автожолындағы жылжымалы көліктік бақылау бекетінің екі бас маманы жергілікті компаниялардың бірінің «КамАЗ» автомобилін тоқтатып, оның жүргізушісінен «кәсіпорын көліктерінің еш кедергісіз жүруіне қамқорлық жасау үшін» 100 мың теңге пара алғаны әшкереленген. Былтыр Антикор қызметкерлері Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департаментімен және Талдықорған көліктік прокуратурасымен бірлесіп, Алматы облысындағы Көліктік бақылау инспекциясының бөлім басшысы мен оның екі бағынышты қызметкерін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алғандары үшін ұстағаны мәлім. Ал биылғы тамызда Антикордың баспасөз қызметі Жетісу облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Ұлттық қауіпсіздік комитетінің облыстық департаментімен бірлесіп, облыстық Көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасарын сенімді адамының делдалдығымен кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алды деген күдікпен қамауға алғанын хабарлады.
Түйіндей айтқанда, көне грек аңызындағы Авгий патшаның отыз жыл бойы тазаланбаған ат қорасына ұқсап, былық-шылыққа белшесінен батқан автожол саласында тәртіп орнатудың ең ықпалды құралдары елге жанашыр азаматтар тарапынан жасалатын пәрменді қоғамдық бақылау мен жаппай цифрландыру екені анық.