Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры құрылыс нысандарында рұқсат етілген нормадан асатын шуды анықтайтын автоматты жүйені әзірлеп жатыр. Жоба авторының айтуынша, аталған жүйе құрылыс компанияларына тиісті ережелерді сақтауға септігін тигізеді. Әрі шудың салдарынан қолайсыз күйге түсетін тұрғындарға да жәрдемі бар.
Профессор Елбек Өтеповтің ғылыми жобасы құрылыс, IT және географиялық ақпараттық жүйелер сияқты бірнеше бағытты қамтиды. Құрылымы сенсорлық құралдардан тұратын жоба арқылы құрылыстан шыққан дыбыстарды шу мен діріл деректерін жинайтын арнайы стансаға жібереді. Олардың арасындағы байланыс мәліметтерді жіберудің сымсыз технологиясымен орнатылмақ. Тұрғындар мен құрылыс ұйымдарының өкілдері арнайы веб-қосымша арқылы тіркеліп, жағдайды ұдайы бақылау мүмкіндігіне ие болады. Мұның барлығын интерактивті картада көрсету жоспарланып отыр.
– Еліміздегі нормативтер шу және діріл бойынша белгілі шектеулерді айқындайды. Олар бұзылса, әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Мәселен, құрылысшылардың тыныштықты бұзуы туралы шағымдардың және оның нәтижесі бойынша салынатын айыппұлдардың әрдайым негізі бар деуге болмайды. Десек те тұрғындар да кей кезде тыныштықтың бұзылу фактісін дәлелдей алмайды. Себебі қос тарап арасында транспаренттілік болмайды. Оны қалыптастыру үшін шу мен дірілді үздіксіз бақылайтын және оның көршілес тұрғын үйлерде мөлшерден асуын тіркейтін қандай да бір құрал қажет. Бұл құрылғы дәл сол нормадан асуды тіркеп, оның деректерін сақтайды. Оның нәтижесінде сот кезінде тараптар шағымдарының дұрыс екенін дәлелдей алады. Жоба діріл мен шуды бақылауға ғана бағытталмаған, оның құқықтық аспектілері де бар, – деп түсіндірді Е.Өтепов.
«Құрылыс» кафедрасының профессоры келесі жылы құрастырылатын жүйені құрылыс нысандарында сынақтан өткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Ғалымның пікірінше, бұрын-соңды елімізде дәл мұндай жоба болмаған. Тіпті әлемде де жоқ десе де болғандай. Яғни біріктірілген түрі жоқ. Ғылыми зерттеу шамамен үш жыл жүргізіліп, кейін жасаған жүйені коммерцияландыру жағын қарастырмақ. Елбек Өтеповтің жобасы ресми және мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптаманың барлық кезеңінен өткен.
Еркеназ ҚОРДАБАЙ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 4-курс студенті