Түбі, топырағы, көші бір алыс және жақын шетелдерде тұратын түркітілдес жұртпен қатынастың маңызы жоғары. Өйткені ортақ мүдделеріміз көп.
Егер халықаралық, аймақтық мәдени-рухани һәм экономикалық-әлеуметтік интеграцияға салсақ, бұдан ұтарымыз да мол. Түркі кеңесін құру бастамасын көтергелі бақандай он жыл өтті. Бұл – құр сөз емес, нағыз сыртқы саясаттағы үндестік интеграциясы. Бұл ұйымның келешегі – идеясында.
Кешегі жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «TURKTIME!», яғни «Түркі дәуірі!» деген ұранды тастап, сол ұранның айналасында қандай құндылықтардың жатқанын баяндап берді. Сондықтан бұл ұйымға мүше елдердің әрқайсысының артқан үміті зор. Түркі мемлекеттері ұйымының интеграциялық саясатында түркілік, атажұрт пен ортақ шаңырақ идеясы жатыр. Ал бұл – өз кезегінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Еуразиялық экономикалық одақ секілді басқа да ұйымдардың ұстанымдарынан анағұрлым ерекше, құнды. Осы тұрғыдан алғанда, ұйымның қатынасы мығым болмақ.
Түркі мемлекеттері ұйымының атқарған іс-шараларына келсек, апатты Арал су бассейніне көктемге дейін мол мөлшерде су көлемін жіберу мәселесі шешімін тапты. Экономикалық дәліздердің оңтайлы әрі жедел қолға алынуы жолға қойылды. Әсіресе Транскаспий торабымен энергетикалық көздерді, тауарлар тасымалдаудың геосаяси ахуалдарға байланысты орнықты бағыты анықталды. Өзара тауар айналымында инвестициялық ортақ бағдарламалар, жобалар екіжақты келісімдерге көшті.
Саяси шешімдер бейресми күн тәртіптерінде, әсіресе геосаяси бағытта, планетарлық деңгейдегі тақырыптарда арагідік көтеріліп жүр. Әскери шешімдер де қабылданып жатыр. Мұны Түркияның жаңа әскери инновациялық құрылғылары – «Bayraktar»-ын жіберуден де көруге болады. Бұл шешімді ортақ шекаралардың тұтастығын сақтау мен қорғаныс күштерін арттыру мақсатында жасалған қадам деп қабылдауымыз керек. Ұйымға мүше елдер әлемнің саяси өзгерістерге пікір білдіруге құқылы екенін дәлелдеп келеді. Бұл да – жариялылық пен демократиялық қағидалардың Түркі мемлекеттері ұйымы шеңберінде жүзеге асырылып жатқандығының бір көрінісі.
Бір сөзбен айтқанда, түркі әлеміне жар салған «Түркі дәуірі!» деген құндылығы зор ұранның бастамасы тек егемендігі бар түркі елдеріне ғана емес, түркілік ұлттық кодын сақтап отырған өзге де түркітілдес халықтар мен елдерге де тәуелсіздіктен үміт үзбей, ортақ шаңырақ астына жинал деген месседжді білдіргендей болды.
Мақсат ЖАҚАУ,
саясаттанушы