Өткен ғасырда қазақтың бағына туған тарлан тұлғалар көп болды. Оларды білу, ардақты есімдерін қастерлеу – ұрпақ парызы. «Өткенсіз – бүгін, бүгінсіз – келешек жоқ» деген бабадан қалған қағиданы адамзатқа ортақ ұстанымның бірі деп санауымыз қажет.
Сол уақытта кеңес өкіметінің жан-жақтан қыспаққа алған саясатына қарамастан, халқымыздың елдігі мен ертеңі үшін тер төгіп, аса бағалы мұраларымыздың жойылып кетпеуіне, жәдігерлеріміздің келер ұрпаққа аман жетуіне, ұлттық құндылықтарымызды сақтап қалу жолында аянбай қызмет еткен бірегей тұлға – Өзбекәлі Жәнібек. Ол – қазақ мәдениеті мен руханиятының қара нары, халқымыздың ұмыт болған әдеп-ғұрпын қайта түлеткен белгілі этнограф, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.
Мен Өзбекәлі Жәнібектің өнгелі өмірімен Астана қаласында қызмет етіп жүрген жылдары таныстым. «Жұртыма құрбан болсам деп», ел жүгін көтеруге жаралған сирек жанның қол жеткізген жетістіктеріне тәнті болып, оның өмірі мен соңында қалған мұрасы әлі де зерттеуді қажет ететіндігін әрі өзекті екендігін сезіндім. Араға жылдар салып, сол зерттеу бүгінгі таңда маған және менің ұжымыма бұйырғанына қуаныштымын.
Түркістан Оқушылар сарайы жақсы бастаманы қолға алып, асыл ағамыздың туғанына 92 жыл толуына орай Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Оған Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қарақалпақстаннан келген ғалымдар қатысты. Мақсатымыз – этнограф, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің өмірін, тарихи мұрасын жас ұрпаққа насихаттау, елге сіңірген еңбегін жаңғырту. Конференцияның алдында оның қарындасы, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің құрметті қызметкері, Түркістан қаласының құрметті азаматы Айғаным Серіммен кездесіп, ағамыз туралы көп мағлұмат алып, кісілік қасиеттеріне қанықтық. Айғаным апамыз бас болып, тарих ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, Өзбекәлі Жәнібек болмысын зерттеп жүрген Баян Адырбек және Түркістан Оқушылар сарайындағы қазақ тілі үйірмесінің жетекшісі, Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті қазақ филологиясы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Жазира Исаевамен бірге ардақты ағамыздың басына барып, зиярат еттік.
Өзбекәлі ағамызбен бірге жұмыс істеген, көзін көрген адамдар да конференция қонағы болып, естеліктерін бөлісті. Солардың бірі – «Қожа Ахмет Ясауи кесенесін қорғау» қоғамдық бірлестіктің төрағасы Жантемір қажы Алимов Түркістандағы мұралардың сақталуына, кесенеде жерленген хандар мен сұлтандар, билер және батырлардың құлпытастарын музей экспозициясына қою үшін танытқан табандылықтарын баса айтты.
Сондай-ақ тарих ғылымдарының кандидаты Баян Адырбек «Өзбекәлі Жәнібек – мемлекет және қоғам қайраткері» тақырыбында баяндама жасап, тау тұлға туралы ғибратты естелік айтты.
«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей–қорығы ғылыми зерттеу бөлімінің басшысы Берік Байболов, Астана қаласы өзбек этномәдени орталығының төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы республикалық медиация кеңесінің төрағасы, Ұлттық құрылтай мүшесі Шерзод Пулатов және басқа азаматтар Өзбекәлі Жәнібек туралы ой-пікірлерін ортаға салып, жиналған жұртшылықтың ықыласын аударды.
«Өлі разы болмай, тірі байымас» дейді халқымыз. Тарихымызда өзіндік орны бар дара тұлғаны ұлықтау арқылы оның ризашылығын алу бүгінгі ұрпаққа білім мен иман байлығы болып берілсе деген ізгі ниетіміз жүзеге асқандай болды. Өзағаның жүріп өткен жолы – біз үшін өшпес өнеге. Оның соңында қалдырға мұрасын зерттеп, есімін дәріптеу – бізге бұйырған бақыт деп білеміз.
Индира ИКАПОВА,
Түркістан Оқушылар
сарайының директоры,
«Turkistan Qol Oner Одағы»
қоғамдық бірлестігінің төрағасы