• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 12 Қараша, 2023

«Aq altyn» өніміне сұраныс артты

248 рет
көрсетілді

Төрт түліктен өнім өндіру ісін қолға мықтап алған жуалылық азаматтар айрықша іскерлікпен көзге түсіп жүр. Қазіргі кезде ауданда бірнеше сүт өнімін өндіру цехы дамылсыз жұмыс істеп тұр. Олар жыл өткен сайын өнім көлемін арттыра түскен. Өйткені жуалылықтардың өніміне сұраныс арта түскен. Солардың бірі – «IT» ЖШС-ға қарасты «Aq altyn» сүт өнімдері цехы.

Цех меңгерушісі Сұлушаш Матееваның айтуынша, Қытай, Алмания, Ресей мем­лекеттерінен кәсіпорынға қажетті заманауи құ­рылғылар дер кезінде сатып алынған. Ал ауылдық азамат­тар­дың табыс табуына ықпал етіп отырған цех бес жыл бұрын ашылған. Содан бері «Aq altyn»-ның өніміне деген сұраныс еселеп артпаса, еш төмендемеген. Бұл құпияның басты себебі се­рік­тестік сапаға айрықша ден қояды. Цехте өндірілген өнімге деген сұраныстың артқаны себеп болса керек, кәсіпорын бас­шы­лы­ғы айран, қаймақ, сүзбе мен ірім­шіктің түр-түрін өндіріп, тұты­ну­шыларына өткеріп жүр.

Кәсіпорын басшылары қа­жет­ті сүтті ма­ңай­дағы ауылдар тұр­­ғындарынан алады. Айту­ла­рынша, тұрғындар сиыр сүті­нің әр литрін 150 теңгеден өткі­зе­ді екен.

Сүтті жинап әкелу үшін арнайы көлік қарастырылған. Бір сөзбен айтқанда, цех басшылары мен ауыл тұрғындарының бір­лесіп жұмыс істеудің арқа­сын­да кәсіпорын тәулігіне 2 тоннадан астам сүт қабылдап, одан 700-800 тонна табиғи таза өнім әзірлеп отыр. Өндірілген өнім сапасын жоғалтпауы үшін арнайы үш мұз­датқыш сатып алған.

Цех меңгерушісі келтірген дерекке сенсек, кәсіпорын өн­дірген өнім негізінен отандық кә­сіп­керлерге өткеріледі екен. Айтуынша, өнімді тасымалдауға арналған арнайы көлік апта са­йын Алматы қаласына екі рет жол тартса, Қызылорда, Түркістан, Шымкент қалаларына бір мәрте қатынайды. Өйткені осы қала тұрғындары тарапынан цехтың өніміне деген сұраныс жоғары болып тұр. Алдағы уақытта басқа да өңірлерге жеткізу жолдары қарастырылмақ.

«Біздің цехта қазіргі таңда жиырма азамат тұрақты жұмыс­пен қамтылғанын айта кеткен жөн. Қызметкерлердің орташа ең­бекақысы шамамен 115 мың теңгені құрайды. Цех жұмысының негізгі бөлігін атқаратын ма­мандар – 190 мың, қадағалаушылар – 170 мың теңге көлемінде жалақы ала­ды. Ауылдықтар үшін бұл – жаман көрсеткіш емес. Ең бас­тысы, олар өз жұмысына ұқыпты қа­райды», дейді «Aq altyn» сүт өнімдерін өндіру цехының мең­герушісі Сұлушаш Матеева.

Жалпы «Aq altyn» цехының әрбір қыз­меткері өнімнің сапа­сына айрықша назар аударады. Содан да болса керек, кәсіпорын өні­міне деген сұраныс ілкі сәтке де бәсең­сі­ген емес. Ал цех жұ­мы­сы жыл өткен сайын ширай түскен.

«Кәсіпорындағы қарбаласқа толы жұ­мыс бір сәтке де тоқта­май­ды. Әуелде қан­дай бол­сын кәсіпті бастарда біршама қай­­мы­ғасың, қалай болады екен де­ген ой сананы торлайды. Нәти­жесі үшін де алдын ала бас ауыр­та­сың. Әйткенмен, жылдар бойы ойда жүрген жоспар жетілген кезде тәуекелге бел байлауға тура келді. Қолға алған жұмысымыз қазіргі кезде тиісті нәти­жесін бе­ріп отыр.

Мұндағы цех қызметкерлері меха­никтен бастап айран құю­шы­ға дейін өнімнің сапалы болып шыққанын бақылайды. Онсыз іс алға баспайтыны әлім­сақтан аян ғой. Жыл өткен са­йын біз өндірген өнімге деген сұраныстың артып келе жатқаны көңіл қуантады. Тұтынушы кө­бейген сайын біз де өнім кө­лемін көбейте береміз. Оған бар­лық мүмкіндік бар.

Турасын айтсақ, кәсіпорында тер төгіп жүрген қызметкерлердің ең­бегі ересен. Қай-қайсысы бол­сын уақытпен санаспай ең­бек етуге бар. Сондай-ақ төрт түлік бағып отырған ауылдағы ағайынмен байланысымыз да бұрынғыдан беки түсті. Бір сөзбен айтқанда, біз қандай жетістікке жетсек те, бұл – ауылдағы ағайын мен кәсіпорын қызметкерлерінің ауыз­біршілігінің арқа­сын­да мүм­кін болып отырған жағдай», дейді цех меңгерушісі.

С.Матеева келтірген дерекке жүгінсек, кәсіпорын өндірген өнім ірі қалалардан бөлек, өңір­дің бірқатар ауданына да жөнел­тіледі екен. Жыл өткен са­йын жергілікті тұрғындар да «Aq altyn» цехының сапалы өнімін сатып ала бастағаны расымен де көңіл қуантады.

 

Жамбыл облысы,

Жуалы ауданы