Жетісуда 20 ауыл байланыс аясынан тыс жерде. Бүгінде өңірдегі 352 елді мекеннің 287-і мобильді интернетке қол жеткізіп отыр, ал 65-інің жайы мәз емес. Ондағы халық тау-тасты, төбені жағалауға мәжбүр. Ол ол ма, солардың ішінде 135 ауылдың тұрғындары 4G-ға тіркелген, қалғанының ұялы телефоны 3G-ді әрең ұстайды. Тіпті облыс орталығына жақын кейбір ауылда мәселе толық шешілмеген.
Қазір, интернетсіз бір минут та шыдап отыра алмайсыз, жұмысыңыз онсыз тиянақталмайды. Мектеп мұғалімі болсаңыз, тіпті қиын. «Кundelik.kz»-ті уақытында толтырмасаңыз басшылықтан сөгіс естуіңіз мүмкін, ол сіздің апталық рейтингіңізге де әсер етеді. Сол 20 ауылда қаншама оқушы, мыңдаған халық барын білсеңіз ғой. Олардың жаңайқайы орынды. Кейбір ата-аналар қаладағы бала-шағасымен еркін сөйлескісі келеді. Күнделікті хат алмасып отыруға асық. Ал бұған Жетісудың интернеті ырық бермейді. Қанша жылдан бері ретке келмеген саланың жайы қарапайым халықтың әбден ығырын шығарған.
Мәселен, Ескелді ауданына қарасты Абай ауылына бара қалсаңыз әлемнен тысқары ортаға тап болғандай боласыз. Себебі мұнда интернет пен мобильді байланыс ретке келмеген. Сол ауылдың тұрғыны Алма Есболғанова осы жайтты ескере отырып, ата-аналар атынан аудан әкіміне хат жолдаған.
«Мен Абай ауылының тұрғынымын. Ескелді ауданына қарасты Абай ауылы Карабұлақ кентінен 5 км қашықтықта орналасқан. Біздің ауылдың басты мәселесі – интернет және мобильді байланыс. 2022 жылы ауылға әкімдік қаражатынан 50 дана Транстелеком интернет Wi-Fi желісін 50 ғана тұрғын үйге тегін қойып берді, басқа тұрғын үйлерге жетпеді. Қазір Транстелекомнан өз еркімен интернет орналастыру әр тұрғын үйге ақылы 50 мың теңгені құрайды, ауыл адамдарының мүмкіндігі шектеулі. Жақын орналасқан ауылдарда интернетпен ешқандай мәселе жоқ, нақты біздің ауылда қашаннан бері шешілмей келе жатқан мәселе. Сол себептен сізден өз тарапыңыздан Абай ауылына Транстелеком Wi-Fi желісіне қол жеткізу мүмкіндігін қарастыруыңызды сұраймын», дейді ауыл тұрғыны.
Жетісу таулы өңір болғаннан кейін, сол маңайды паналаған халықтың дені интернеттің азабын шегіп жүр. Соның бірі жоғарыда айтылған – Абай ауылы. Жұрт жанынан жолданған хатқа әкімдіктен арнайы жауап та келген. Дегенмен бұдан екінші тараптың да қолы қысқа екенін аңдауға болады.
«Мобильді байланыс жүйесі бойынша әкімдік тарапынан, Tele2 және «Кар-Тел» ЖШС-ға (яғни Beeline) байланыс жүйесінің мұнарасын орнату туралы хат жолданып, мұнара қойылатын орын белгіленді. Қазір байланыс жүйесі республикалық деңгейдегі мәселе болғандықтан, мемлекеттен қаражат бөлінуіне байланысты «Кар-Тел» ЖШС-да қарастырылып жатыр. Сонымен қатар ауыл тұрғындары жылдамдығы 20 мБт сымсыз интернет желісін пайдалануда, қосылудың біржолғы төлемі 50 мың теңгені құрайды. Осыған орай, өз тарапымыздан «Транстелеком» АҚ-сына хабарласып, ауыл тұрғындарына интернет қосуға біржолғы төлемін азайтуға немесе басқа да жеңілдіктер сұрастырылған болатын, айтуы бойынша жеңілдік ретінде біржолғы төлемді бөліп төлеуге, яғни: бірінші ай 20 мың теңге, әрі қарай екі ай 15 мың теңгеден бөліп төлеуге болатындығы айтылды. Жылдамдығы 20 МБт сымсыз интернет желісінің ай сайынғы тарифтік жоспарының ақысы 4 мың теңгені құрайды. Егер де аталған желіге қосылғыңыз келсе «Транстелеком» АҚ-сына жолығып, өтінім қабылдауларыңызға болады», дейді аудан әкімінің аппарат басшысы Берік Дүйсебаев.
Әйтсе де, бұл жауапқа ауыл тұрғындары қанағаттанбай отыр. Талай жылдан бері интернеттің қиындығын көрген халықтың көңілі күпті. Оның үстіне 50 мыңдық біржолғы төлем қалтаға үлкен салмақ. Қазір оның бағасы да қымбаттап кеткен. Біз тақырыпқа орай, облыстық цифрлық технологиялар басқармасынан арнайы анықтама сұратқан болатынбыз. Олардың мәліметінше, қолданыстағы «талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» жобасын кеңейту шеңберінде Қазақстан Республикасының цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне бұрын талшықты оптикалық байланыс желілері жобасына кірмеген 171 АЕМ бойынша ақпарат, сондай-ақ аз қоныстанған ауылдық елді мекендерге дейін спутниктік арналарды ұйымдастыру үшін 33 АЕМ бойынша ақпарат жіберілген.
«Қазір мобильді интернетке ауылдық елді мекеннің 81,5 пайызы қол жеткізе алады. Қолжетімді емес – 65. Сондай-ақ «250+» жобасы аясында Жетісу облысында мобильді интернет 43 АЕМ-ге жеткізілді. 50+ жобасы бойынша облыстың 17 АЕМ-де 2025 жылға дейін «Қазақтелеком» АҚ-ның еншілес компаниясы «Востоктелеком» ЖШС-мен интернет жүргізу жоспарланып жатыр. 12 АЕМ-де мобильді желілер сигналының сапасын және интернетке кіру жылдамдығын өлшеу 2023 жылға жоспарланған», дейді басқарма қызметкерлері.
Бүгінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп Жетісу облысының елді мекендерінің интернет желісіне сапалы кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жол картасы әзірленіп жатыр. Қазіргі уақытта жол картасы мобильді операторлармен келісу деңгейінде. Сондай-ақ мобильді операторлармен бірлесіп, республикалық және негізгі облыстық автожолдарды сапалы ұялы және интернет байланысымен қамту үшін қажетті антенна-мачталық құрылыстардың санын анықтау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Биыл жыл басында облыс тұрғындарын интернетпен қамтамасыз ету бойынша түйткілді мәселелерді шешу мақсатында Цифрлық технологиялар басқармасы мен «Қайнар-Медиа» ЖШС арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Осы меморандум шеңберінде халықтың әлеуметтік осал топтары интернетті өтеусіз негізде қосуға, сондай-ақ ай сайынғы тарифтерге жеңілдіктер алуға мүмкіндік беріледі. Бұл ынтымақтастықтың негізгі бағыттарының бірі.
Сонымен қатар 24 тамызда байланыс сапасын және интернет желісіне қолжетімділікті арттыру мақсатында Жетісу облысының әкімдігі мен «Қазақтелеком» АҚ арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Осы меморандум шеңберінде ынтымақтастық бағыттарының бірі – базалық стансалар санын кезең-кезеңімен ұлғайта отырып, осы жылдың соңына дейін Талдықорған қаласының аумағында 5G желісін іске қосу жұмысы басталады.
«Бүгінде облыста 352 ауылдық елді мекендердің 332 АЕМ (94,3%) интернет желісіне түрлі технологиялар бойынша қол жеткізе алады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі іске асырған «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерді кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз ету» Жобасы бойынша Жетісу облысында ТОБЖ жоспарға сәйкес 93 ауылға (242 ұйым) жеткізілді», дейді жауапты мамандар.
2025 жылға қарай облыс орталығы Талдықорған қаласының өзі толықтай 5G желісіне қосылады. Ұялы байланыс пен интернет облыстағы тағы 49 елді мекенде пайда болмақ. Қазір байланыс операторларымен шалғай және жету қиын ауылдарға антенналық діңгек құрылымдарын орнату жұмыстары жүйеленіп жатыр. Бұған дейін жергілікті тұрғындардан бірнеше мәрте өтініш түскен.
Облыс орталығына жақын орналасқан, бірақ жоғары жылдамдықты интернетпен әлі қамтамасыз етілмеген «Ынтымақ» шағын ауданы мен Өтенай ауылының да алдағы уақытта мәселесі шешіледі. Оларға интернет желісін тарту ісі аймақтық провайдерлік компаниямен келісілген.
Жетісуда орталықтан өте шалғайда орналасқан шекаралық ауылдар жетерлік. Оларды да интернет түйткілі төңіректеп жүр. Қаншама жылдан бері қордаланып қалған мәселені шешу оңай емес, дегенмен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды толық мобильді байланыспен қамтуды тапсырды. Ендеше, Үкімет қалай болғанда да халықтың сұранысына сай жұмыс істеуге міндетті.
Жетісу облысы