Мас күйде көлік тізгіндеу заңға да, арға да сыймайтын қылмыс екенін біле тұра, өзінің ғана емес, өзгенің де өміріне немқұрайды қарайтындар азаймай тұр. Жыл басынан бері Алматы полицейлері қала көшелерінде 1 718 мас жүргізушіні жауапқа тартқан. Өкініштісі сол, мұндай азаматтардың қатысуымен болған жол-көлік оқиғалары талай жанның өмірмен қоштасуына алып келген.
Көлік саны қарқындап өсіп жатқан мегаполисте жол-көлік оқиғаларының болуы қалыпты жағдайға айналғандай. Ертелі кеш жүйке жұқартар кептелекте сағаттап тұрудан сарсаң болған жүргізушілер еңбекпен тапқанын «Сергекке» беруден де сескенбейтін болған. Бұған дәлел бір ережені айналасы аз уақытта бірнеше рет бұзып, жүргізуші куәлігімен қош айтысқандар көп.
Тәртіп сақшылары биылғы он айда жол жүру ережесін бұзудың 1 млн 582 мың дерегін анықтап, сот шешімімен 2 443 жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Ал жыл басынан бері тіркелген 2 991 жол-көлік оқиғасының салдарынан 84 адам қаза тауып, 3 211 азамат түрлі жағдайда жарақат алыпты.
– Қала жолдарындағы жағдайға департамент полицейлері күн сайын талдау жүргізеді. Жедел-профилактикалық іс-шаралар мезгіл сайын өтіп тұрады. Дегенмен жол ережесіне бармақ басты, көз қысты қарайтындардың қатары қалың. Мегаполисте «Қорғау – қауіпті жүргізуші» автоматтандырылған жүйесі жұмыс істейді. Ол қозғалыстың қарсы жолағына шығатындарды, жалған нөмірлік белгілерді пайдаланатын жол қозғалысы ережелерін бұзушыларды, көлік құралын басқару құқығынан айырылған, бірақ соған қарамай, көлік жүргізетіндерді анықтауға мүмкіндік береді. Бұл іс-шаралардың барлығы Алматыдағы жол жағдайын бақылауға көмектеседі, – дейді полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полиция дерегінше, жол ережесін елемейтін жүргізушілердің дені көлік тізгініне енді отырған тәжірибесі аз азаматтар. Тиісінше ұзақ жылғы тәжірибесі бола тұра, жылдамдықты шамадан тыс асырып, оқыс қозғалыс жасау арқылы басқа көліктерге кедергі келтіретін жүргізушілер де кездеседі.
Сөз басында атап өткеніміздей, өз қызметін асыра пайдаланып, сенімділік синдромына ұшыраған жүргізушілер де жоқ емес. Ондайлардың кесірінен қызмет бабындағы полицейлер мен өзге де азаматтар зардап шегіп жатады. Бірер жыл бұрын бақылау-өткізу бекетін күзетіп тұрған қос бірдей полиция қызметкерін, ішімдікке сылқия тойып алған бұрынғы әріптестері көлікпен қағып, ажал құштырған болатын. Мұндай мысалдарды көп келтіруге болады. Ең бастысы, осындай келеңсіздіктердің жиілеуі, «көсеуі ұзынның қолы күймейді» деген сөз қоғам үшін сенімділік синдромына айналып кетпесе дейсің.
«Елімізде жол апатынан жылына үш мыңға жуық адам қаза табады. Зерделеп қарасақ, бұл бір ауылдың тұрғындарына жуықтайды. Адам капиталына үлкен шығын, қаншама азаматтарымызды жоғалтып отырмыз. Сондықтан бұл мәселені мемлекеттік деңгейдегі мәселе есебінде қарауымыз керек. Көлік апаттары техникалық ақаулардың себебінен болыпты дегенді естімейміз. Көбі адами фактордан, азаматтардың салғырттығы мен жауапкершілігінің төмендігінен белең алуда. Бүгінде арақ ішіп, көлік тізгініне отырғандар көбейді. Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алу мәселесін оңайлатып жібердік. Бұл – жеңіл қарайтын іс емес. Жүргізушілердің жауапкершілігін оятып, түрлі келеңсіздіктердің алдын алу үшін заңды барынша күшейту керек. Масаң күйде көлік жүргізгендерді 7 жылға көлік жүргізу құқынан шектеу немесе бірер ай қамауда ұстау жеткіліксіз. Мұның өте үлкен қылмыс екенін адамдар сезінуге тиіс. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Сингапурда мас күйінде көлік тізгіндегендер жүргізуші құқығынан айырылып үлкен көлемде айыппұл төлегені өз алдына, мемлекет заңын сыйламағаны үшін оған дүре соғылады. Ал Қытай мен Таиландта мас күйде көлік тізгіндеп, кісі өліміне соқтырған жол-көлік апаты үшін жүргізуші өлім жазасына кесілуі мүмкін», дейді қоғам белсендісі Олжас Есенбаев.
Ережені мың жерден күшейткенмен, әр азамат жауапкершіліктің салмағын тереңнен сезінбесе қиын-ақ. Айтпақшы, алматылық жүргізушілер техникалық регламент талабына сай 1 желтоқсан мен 1 наурыз аралығында қысқы дөңгелекпен жүруге міндетті. Қысқы уақытта жазғы дөңгелекпен жүрген жүргізуші анықталған жағдайда полиция қызметкерлері айыппұл салуға құқылы. Мұндай бұзушылық үшін айыппұлдың ең төменгі мөлшері 5 АЕК құрайды, егер бір жыл ішінде жүргізуші осындай құқық бұзушылықты қайта жасаса, онда айыппұл 10 АЕК-ке дейін артады.
АЛМАТЫ