Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен кеңесте жылыжай шаруашылықтарына мемлекеттік қолдау шараларының нәтижелері қаралды.
Биыл алғаш рет субсидиялаудың жалпы ережелеріне фермерлік жылыжайларға субсидия алуға мүмкіндік беретін норма енгізілді. Енді жылыжайлар орналасқан облыс әкімдіктері тиісті өкімдерді қабылдап, субсидия мөлшерін белгілеуге тиіс. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, қазіргі таңда екі өңір ғана бұл жұмысты жүргізіп жатыр. Олар – Шымкент пен Түркістан облысы. Оның ішінде Түркістан өңірі өнеркәсіптік жылыжайлар үшін – 8,1 млн теңге/га, фермерлік жылыжайлар үшін – 4,8 млн теңге/га. Шымкент биыл 20 қарашаға дейін нормативтер бойынша бұйрық шығаруды жоспарлап отыр.
«Жылыжай шаруашылығын дамыту үшін мемлекет келесі қолдау шараларын көрсетуде: инвестициялық субсидиялар аясында жылыжай кешендерін салу және кеңейту жобаларын іске асыру кезінде шығындардың 25%-ын, тамшылатып суару жүйесін құру және кеңейту кезінде 50%-ын өтеу көзделген», деп хабарлады Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
Ұлттық аккредиттеу орталығының мәліметі бойынша фермерлік жылыжай шаруашылықтарының тағы 142 өтінімі – инспекция органдарының қарауында.
Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин әкімдіктер мен бақылаушы мемлекеттік органдарға көкөністерді жабық топыраққа отырғызу алдында жылыжайларға уақтылы көмір жеткізуді бақылауға алуды тапсырды.
«Жылыжайлар мен көкөніс қоймалары – ауыл шаруашылығы инфрақұрылымының маңызды элементтерінің бірі. Біз бірінші кезекте азық-түлік қауіпсіздігі аясында елімізге қажетті дақылдарды өсіретін шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау шараларын көрсетуіміз керек. Мысалы, ол дақылдардың қатарында қызанақ пен қияр бар. Барлық өңірге қолда бар жылыжайлардың есебін жүргізіп, біз үшін басым дақылдарды өсіретіндерге қолдау көрсетуді қамтамасыз ету қажет», деп атап өтті вице-премьер.
Жылыжай алаңдарының негізгі бөлігі орналасқан: Түркістан облысында – 824,2 га, Алматы облысында – 79 га, Жамбыл облысында – 23,2 га, Маңғыстау облысында – 15,5 га, Қарағанды облысында – 43 га, Ақтөбе облысында – 38 га, Атырау облысында – 15,6 га, Шымкент қаласында – 139,2 га және Алматы қаласында – 11,1 га.