• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Қараша, 2023

Харассменттің алдын алатын арнайы заңның болмауы үлкен мәселе – сенатор

239 рет
көрсетілді

Сенатор Дархан Қыдырәлі Қазақстандағы әйелдер жұмыста зорлық-зомбылық пен қудалауға тап болатыны туралы Премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында елімізде Еңбек министрлігімен бірлесіп жүргізілген БҰҰ зерттеуінің нәтижелерін жария етті, деп хабарлайды Egemen.kz Жоғары Палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттың айтуынша, харассментке ұшыраған әйелдердің 57,6%-ы аталған фактілер бірнеше рет болғанын атаған. Бұл орайда харрасменттің белгілі бір тұлғаға физикалық қана емес, менталды немесе эмоциялық қысым көрсетуі екенін ескеру қажет. Зерттеу көрсеткендей, харассмент жиі болатын жерлер – тұрақты жұмыс орны (41%) және корпоративтік іс-шаралар (38%). Адамдардың уақытының көп бөлігі жұмыс орнында өтетінін ескерсек, бұл алаңдатарлық жайт.

Депутаттың пікірінше елімізде харассменттің алдын алатын арнайы заңның болмауы үлкен мәселе. Жазаланбай жеңіл құтылатынын білетіндер түрлі жүгенсіздікке барады, қылмысты қымсынбай жасайды. Сондықтан азаматтарымызды зорлық-зомбылық пен харассменттен қорғауда заңнаманы күшейту кезек күттірмейтін іс.

«Заң үстемдігі салтанат құратын әділетті Қазақстанда кез келген жастағы немесе жыныстағы азамат кез келген жерде өзін қауіпсіз әрі жайлы сезінуі керек», деді Дархан Қыдырәлі.

Депутат Д.Қыдырәлі сондай-ақ Халықаралық еңбек ұйымы №190 «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» Конвенцияны әзірлегенін атап өтті. 2019 жылғы 21 маусымда қабылданған конвенцияны әлемнің 19 елі ратификациялаған. Депутаттың пікірінше, Қазақстанның аталған құжатқа қосылғаны маңызды қадамдардың бірі болмақ.

Жыл сайын БҰҰ 25-ші қараша – 10 желтоқсан аралығында зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күндік өткізеді. Қазақстан да осы күндерді тиімді пайдаланғаны жөн.

Сенат депутаты сауалын нақты үш сұрақпен түйіндеді.

«Қазақстан заңнамаларында атап айтқанда, Қылмыстық, Еңбек, Әкімшілік кодекстерде жұмыс орнындағы харассмент немесе зорлық ұғымдарын енгізу, мұндай заң бұзушылықтарға қарсы тиісті жазаны белгілеу қай деңгейде жүргізіліп жатыр? Еліміз халықаралық еңбек ұйымының «Еңбек саласындағы зорлық-зомбылық пен харассментті жою туралы» Конвенциясына қашан қосылады? Жалпы харассментке немесе зорлық-зомбылыққа қарсы кешенді іс-шаралар жоспары бар ма?», деді сенатор.