Ән өнерінің Толағайына айналған Илья Жақанов Арқаға келді. «Шалқыма» концерт залында өткен «Толағай» атты шығармашылық кешінде сазгердің әндері шарықтады.
Кеш шымылдығы Тәттімбет атындағы академиялық қазақ халық аспаптары оркестрінің «Саржайлауымен» түріліп, композитордың «Толағайымен» түрленді. Республикалық және халықаралық конкурстардың лауреаты Арайлым Жүкенова жүрекке жеткізе шырқады. Мәдениет саласының үздігі Ержан Базарбеков «Арқа аруы» әнін әуелетті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жақсыгелді Кемалов «Асыл жарды», Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дәуренбек Әркенов «Меңді қызды», әнші Ришат Шабденов «Ойыл толқынын», Дулат Аханов «Түнгі сыр» мен «Даниярдың әнін», Медет Осатаев «Балқантауды», Қазақстанның мәдениет қайраткері Меруеш Башай «Нені ойладың?», «Асылым» әндерін шебер жеткізді. «Жайлаукөл кештерін» «Мерей» квартеті, «Теміртау түнін» «Әуен» триосы сәтті орындады. Ән кеші «Еділ мен Жайық» әнімен қорытындыланды.
Есті әнге құлақ құрышын қандырған соң, кеш иесі Илья Жақанов пен бір топ құрметті қонақ сахнаға көтерілді.
«Құдай қуат беріп, тоқсанға қарай бет алдыңыз. Жүзге жетіңіз. Әніңіз асқақтай берсін, аға», деген облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын ән академигінің иығына шапан жауып, ат мінгізді.
Илья Жақановтың көп әні Жаңаарқаға арналып жазылған. Осыны ескерген Жаңаарқа елінен де бір топ азамат арнайы келіп, құрмет көрсетті. Аудан әкімінің орынбасары Әсет Аманжол да иығына шапан кигізіп, елдің атынан ат мінгізді. Көп жыл ұлағатты ұстаз болған Өзбек Бимендин де дәл осындай құрмет рәсімін жасады.
«Шығармаларымды шалқытқан сіздерге рахмет! Оркестрдің бас дирижері Ерлан Бақтыгерейге де мың алғыс. Облыс әкімшілігіне, мәдениет басшылығына шын жүректен алғыс айтамын», деп ризашылығын жеткізді кеш иесі.
Қарағанды облысы