Қызылордада «Мұстафа Шоқайдың мемлекетшілдік мұраты: тарихи тағылым мен сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде ұйымдастырылған конференцияға қайраткердің өмір жолы мен қызметін зерттеуші ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысты.
Конференциядан бір күн бұрын түркі әлемінің түгелдігі үшін өмірін сарп еткен ұлт ардақтысының кіндік қаны тамған Наршоқыда ескерткіш белгі орнатылып, Сұлутөбе ауылдық округіне қарасты аумақта ұйымдастырылған бұл іс Шоқай рухын құрметтеудің айқын көрінісі болды. Ескерткіш белгі қою рәсімінде Түркияның Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара күллі түркінің бірлігін көксеген қайраткер еңбегі шет мемлекеттерде жоғары бағаланатынына айрықша тоқталды. «Қай ұлтта да қайраткер бар. Бірақ солардың ішінде сыртта дәріптеліп жататындар тым аз. Мұстафа Шоқай – сондай санаулылардың бірі. Оның түркі идеясынан бөлек адамгершілігіне деген ризалық ретінде француз жұрты астанасының төрінен ескерткіш орнатып, рухына құрмет танытты», дейді ғалым.
Ескерткіш белгінің ашылуында ҚазақстанЖазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов кезінде осы Наршоқыдан бастап Ножан сюр Марнға дейін қайраткер ізімен жүріп өткен кезін еске алды. Одан әрі де Берлинге дейін Шоқай жолымен сапар шеккен ол әйгілі тұлғаның өміріне қатысты елеусіз деректі де ескерусіз қалдырмай таспалаған қаламгер. Осы арқылы шоқайтануға өлшеусіз үлес қосқан ақын «Мұстафа Шоқай» атты тарихи драма авторы.
Елінің азаттығы үшін күрескен түркі жұртына ортақ тұлға рухына арналған іс-шараны ұйымдастырушылардың бірі – қоғам қайраткері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының жетекшісі, саяси ғылымдар докторы Әбдіжәлел Бәкір.
– Тарихи тұлғаның кіндік қаны тамған Наршоқы топырағы 133 жылдан кейін, шын мәнінде, тарихи оқиғаға куә болып отыр. Бұл менің арманым еді, сәті бүгін түскен екен. Осы үшін де ескерткіш тасты орнатқан қайраткердің ұрпағы Гүлбаршын Зайыроваға, сонау қиырдан біздің ниетімізді қолдап келген Әбдіуақап Қараға, бабамыздың жолын жаңғыртқан Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары, ақын Қасымхан Бегманов бауырларыма, бастаманы іліп әкеткен барша ағайынға алғыс айтамын, – деді Әбдіжәлел Қошқарұлы.
«Тұтас Түркістан тәуелсіздігін ту еткен Алаш ардақтысы Мұстафа Шоқай 1890 жылы 25 желтоқсанда дүниеге келген» деген жазу түскен алып тастың бір қапталында қайраткердің күреске толы өмірін зерттеушілердің аты-жөндері жазылған. Осы күні Сұлутөбе ауылдық округіндегі «Жаназар батыр» кесенесінде Мұстафа Шоқай аруағына құран бағышталып, ас берілді.
Келесі күні жалғасқан «Мұстафа Шоқайдың мемлекетшілдік мұраты: тарихи тағылым мен сабақтастық» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда қайраткер еңбектеріндегі идеялардың түркі мемлекеттерінің интеграциялану үдерісі мен қазіргі әділетті Қазақстан мұраттарымен сабақтастығы ғылыми тұрғыда талданды.
Жиында облыстық мәслихат төрағасы, тарих ғылымдарының кандидаты Наурызбай Байқадамов ХХ ғасырда айтылған Мұстафа Шоқайдың мәңгі өлмес идеялары – бүгінгі түркі мемлекеттері, оның ішінде Қазақстанның өркениетті және демократиялық ел ретінде орнығуы мен дамуының, жаңғыруы мен жаңаруының маңызды мәселелері екенін атап өтті.
Жиында ҰҒА академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Мәмбет Қойгелді «Мұстафа Шоқай аманатының бүгінгі ұлттық жадтағы көрінісі туралы» атты баяндамасында Мұстафа Шоқай үлгісі түркі халықтары үшін маңызын ешқашан жоғалтпайтынына тоқталды. Ұлы қайраткердің замандасы, Украинаның эмиграциядағы үкіметінің басшысы А.Я.Шульгиннің Мұстафа Шоқайдың өліміне байланысты айтқан «Түркістан батыр тұлғаларына өз жерінде ескерткіш қояр-қоймасын білмеймін, бірақ Мұстафаның туған елі өз жүрегінде оған ешуақытта тозбайтын ескерткіш қоятынына сенемін» деген сөзінің ақиқатқа айналғанын айтқан ғалым конференция қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевпен кездесуде ескерткіш белгі қойылған Наршоқы аймағын туристік нысанға айналдыру, облыс орталығына Мария Шоқайға белгі қою жөнінде ұсыныс айтқандарын жеткізді.
Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қара «Мұстафа Шоқайдың пантүркизм, Тұран мемлекеті және түркі бірлігі туралы пайымдаулар мен тұжырымдар» тақырыбында баяндама жасады. Былтыр қайраткердің осыдан 100 жылдан астам бұрын жазылған мақалаларын француз тілінде кітап қылып шығарған ғалым осы жылы туындыны түрік, қазақ және орыс тілдеріне аударып, ол таяуда ғана баспа жүзін көріпті.
Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясы Тарих институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Қаһромон Раджабов «Мұстафа Шоқай және Түркістандағы жәдидтік қозғалыс» атты баяндамасында Мұстафа Шоқай идеясының өзбек елінің қайраткерлеріне тигізген ықпалына тоқталды. Күтахия Думлупынар университетінің доценті, PhD Веджихи Сефа Фуат Хекимоғлы «Мұстафа Шоқайдың 1930 жылдардағы Жапония, Қытай және Шығыс Түркістан туралы пікірлері», Қажыбайрам университетінің профессоры, PhD Хулия Касапоғлы Ченгел «Алаш рухы», ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов «Наршоқы – тарихи мекен, Мұстафа Шоқай жолының бастауы немесе «Шерлі Түркістан» дастанының тууы», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университеті «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының жетекшісі, саяси ғылымдар докторы, профессор Әбдіжәлел Бәкір «Мұстафа Шоқай: тәуелсіздікті ту етіп, ұлттықты ұлықтаған» тақырыбында баяндамалар жасады.
Конференция барысында тарих ғылымдарының докторы Әбдіуақап Қараның «Кеңес одағының түркі әлемі саясаты. Мұстафа Шоқай» атты зерттеу еңбегі мен академик Мәмбет Қойгелдінің жетекшілігімен 2022-2023 жылдары жарық көрген «Алаш ісі. 1920-1930 жылдары ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісінің құжаттары мен материалдары» атты кітаптар таныстырылымы жасалды.
Конференция «Мұстафа Шоқай феномені және Түркі халықтарының бірлігі идеясының өміршеңдігі», «Мұстафа Шоқай мұралары – ұлт руханиятының қайнар көздері», «Мұстафа Шоқай мұралары отандық және шетелдік зерттеулерде» тақырыбындағы секциялық жұмыстарға жалғасты.
Қызылорда