• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 21 Қараша, 2023

Мәдениет – халықтарды байланыстырушы көпір

181 рет
көрсетілді

Ресейдің Санкт-Петербург қаласында IX Халықаралық мәдени форум өтті. 16-18 қараша аралығында ұйымдастырылған басқосуда 70-тен астам елдің делегациясы мәдениет пен өнер саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады. Шығармашыл зиялы қауымның кездесуіне Қазақстаннан Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қатысты.

Іссапар барысында министр өмірі мен шығармашылығы Қазақстанмен тікелей байланысты отандық және ресейлік мәдениет және өнер қайраткерлерімен кез­­дес­ті. Іс-шараға музыканттар, әнші­лер, режиссерлер, актерлер, әде­биет қай­рат­керлері, мүсіншілер мен сурет­шілер қатысты. Жиында Аида Балаева әнші Әлия Кикеноваға «Шапағат» медалін табыстады.

«Мен үшін бұл жоғары марапатты алу өте маңызды. Әрдайым, барлық жерде қазақ мәдениетін талмай насихаттап келемін. Сол еңбегімнің еліміз тарапынан ескерілуі маған жұмысымды жүйелі жалғастыруға соны серпін береді», деді Ә.Кикенова.

Жүздесуде мәдениетті дамыту, ма­ман­дардың біліктілігін арттыру және мә­дениет қайраткерлерін қолдау мәселе­лері сөз болды. Қатысушылар еліміздің Мәдениет және ақпарат ми­нистрлігінің түрлі форматтағы ын­ты­мақтастық қадамына үлкен қызы­ғушылық танытты. А.Балаева Ресейдегі қандастарымыздың еліміздің сахналарында өнер көрсе­туі­не, олардың шы­ғармаларын қазақ оқыр­мандары мен өнер жанашыр­ларының арасында кеңінен насихаттауға дайын екенін жет­кізді. Министр суретшілер мен мүсін­шілердің шеберлік сабақтарын, семинарларын, көрмелерін өткізу жобаларына ерекше ықылас танытты.

Іс-шара аясында А.Балаева Ресей Федера­циясының Мәдениет министрі Ольга Люби­мовам­ен жүздесті. Тараптар екі ел­дің мәдениет саласындағы ынты­мақ­тас­тығы турасында әңгіме өрбіт­ті. Сөз арасында ресейлік министр Қазақстан мен Ресейдің өзара жұмыс, тәжірибе алмасу бағытында әлеуе­ті зор екенін атап өтті. Өз кезегінде А.Балаева: «Достық қарым-қатынастың арқасында мәдени-гуманитарлық байланыстар жоғары деңгейде дамып, екі халықты байланыстырушы көпір болып келеді» деп, өзара іс-қимылды нығайтуды ілгерілететін бірқатар басым бағытқа тоқталды.

«Мұражай саласындағы ынтымақ­тас­тық, тәжірибе алмасу және музей қызметкерлерінің біліктілігін арт­тыру ерекше қызығушылық тудырады. Қазақ­станға тарихи жәдігерлер мен мә­де­ни құн­дылықтарды қайтару мәсе­лесі өзек­ті. Бұл Мемлекеттік қордың кино мұра­ғат­тарына да қатысты», деді ол. О.Любимова мәселені зерделеп, қолдан кел­ген­ше көмек көрсетуге уәде берді. Әрі «Қазақфильмге» қатысты Ресей Фе­де­ра­циясының Мемлекеттік кино қоры­ның мұрағаттарын тапсырудың ерекше маңыздылығын атап өтті.

«Бұл – Қазақстан үшін ерекше мәнге ие тамаша мұра. Біз мұны жақсы түсінеміз және ұзаққа созылған мәселені шешеміз», деп атап өтті РФ Мәдениет ми­нистрі. Бұған қоса ол биыл 125 жыл­ды­ғын атап өткен Чехов атындағы Мәс­кеу көркем театрының гастрольдік сапарын ұйымдастыру арқылы театр саласын дамыту бойынша бірлескен жобаны жүзеге асыру мәселесін қарастыруды ұсын­ды. Тараптар Қазақстан – Ресей балалар шы­ғармашылығын дамыту, балалар ор­та­лықтары мен мұражайларын құру, кітап­хана ісі, шығармашылық индуст­рия саласында тәжірибе алмасу мүмкін­діктерін пысықтады. Сондай-ақ Еуразия­лық кинематография өнері академиясына қатысты мәселелерді қарастырды.

«Қазақстанда бірегей 12 мұражай-қорық бар. Бұл – әлемге әйгілі Қожа Ахмет Ясауи кесенесі ғана емес, халқымыздың мәдени мұрасының басқа да құнды нысандары. Біз ресейлік жас ғалымдарды осы тақырыпта оқуға, жұмыс жүргізуге және ғылыми мақа­лалар жазуға ша­қы­рып, ғылыми волон­терлік жоба­ларды ұйым­дастыруға мүдделіміз», деді А.Балаева.

Қазақстан Мәдениет және ақпа­рат министрінің барлық ұсыныс­ына ресей­лік әріптесі ықылас пен қолдау біл­дір­ді. Жалпы, сапа басшыларының кез­десуін­де елдер арасындағы мәдени-гума­ни­тарлық байланыстардың нығаюы мен дамуына үлес қосатын ынты­мақтас­тық пен тәжірибе алмасудың маңыз­дылығы сөз болды.

Форум аясында 56 ресми делегация басшының қатысуымен «Мәдени егемендік – мемлекеттік бірегейліктің негізі» атты басқосу өтті.

«Қазақстан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Ел бір­лігі – оның әралуандығында!» деген басты қағидатын ұстанады. Біз бүгін­де осы диалог алаңында отырған көптеген мемлекетпен ортақ тарихымыз барын мақтан тұтамыз, осы бай мұраны болашақ ұрпақ үшін сақтау­ға, дамытуға ұмтыламыз. Ғасырлар бойы рухани әрі тығыз байланыста өмір сүру арқылы ұлтымыз мәдениеттің өзіндік ерекшелігін жинақтауға және дамытуға, мәдени кодты анықтауға, сақтауға, бас­қа халықтардан ең жақ­сы­сын алуға мүм­кіндік алды», деді А.Балаева.

Министр мәдениет саласы мемле­кет­аралық диалогті дамытуға, екіжақ­ты қа­тынастарды нығайтуға елеулі үлес қо­сатынын айтты. Оған Қазақ­стан­ның Ресей Федерациясымен ынтымақ­тасты­ғы айқын мысал бола алады. Мұнда мәдени-гуманитарлық сала – халық­тар ара­сындағы негізгі байланыстыру­шы көпір­дің бірі. Өзара қарым-қатынас бір­қатар мазмұнды әрі табысты жобаға негізделген. Мәселен, Қазақстанның Ресейдегі және Ресейдің Қазақстандағы күндері аясында «Орыс маусымдары», «Абай әлемі» тағы басқа бастамалар арқылы тығыз мәдени қарым-қатынас орнады.

«Мұндай жобалар үлкен сұранысқа ие бола отырып, әлеуметтік, іскерлік бастамаларды, ақпараттық және мәдени байланыстарды арттыруға жол ашады, екіжақты байланыстың тереңдей түсуіне ық­пал етеді, деп түйіндеді министр.

Кездесуде делегация басшылары арасында сындарлы диалог өтті. Қатысу­шылар мәдениетті дамыту, мәдени бірлікті сақтау мәселелері бойынша пікір алмасты.