• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Кино 22 Қараша, 2023

Міржақып Дулатовтың ролін сомдаған актер жаңа фильмге түсті

824 рет
көрсетілді

Qazaqstan ұлттық телеарнасының тапсырысымен түсірілген «Міржақып. Оян Қазақ» көркем фильмінде басты ролді сомдаған актер Бақыт Қажыбаев жаңа киноға түсті, деп жазады Egemen.kz.

Міржақып Дулатұлының ролін жоғары деңгейде сомдап, көпшіліктің көңілінен шыққан актер жаңа фильмге түскенін жариялады. Фильм «Набат Операциясы» деп аталады.

«Шынайы оқиғаға негізделген толықметражды бұл фильм, келесі жылдың басында өздеріңізге жол тартпақ. Өзім үшін кезекті бір тәжірибе болды, ұжымға алғысым шексіз! Бұл жолы кейіпкерім қандай болмақ? Қалай ойлайсыз?», деп жазды актер Instagram парақшасында.

«Набат Операциясы» фильмі шынайы оқиғаға негізделген. Фильмге арқау болған оқиға былай өрбиді:

6 қылмыскер күзетшілерді өлтіріп, 2 калашников автоматын, 8 макаров тапаншасын, оқ дәрілерін алып қашып кетеді. Олар Қызылордадан Сарыағашқа кетіп бара жатқан жолаушылар автобусын басып алады. Қылмыскерлер автобустағы адамдарды кепілге алып, құқық қорғау органдары қызметкерлерінен ұшақ пен мол ақша талап етеді. Сол кездегі мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің арнайы бөлімшелері «Набат» операциясын жүргізіп, қылмыскерлердің көзін жояды. 

1992 жылы жүргізілген бұл операция Тәуелсіздік тарихында транспортта кепілдікке алынған азаматтарды құтқару бағытындағы алғашқысы болды. «Набат» операциясының құрылымы шетелдік құқық қорғау органдарының да қызығушылығын тудырған.

Сол тұста «Набат» операциясына 10 құқық қорғау органының қызметкері қатысқан. Кейіннен ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев оларды арнайы қабылдап, құрмет грамоталарымен марапаттаған. 

Фильмнің қоюшы режиссері бұған дейін көрермен көзайымына айналған «Сырғалым», «Қыздар», «Құстар әні», «Сердце мое - Астана» сериалдары мен «Қарашаңырақ», «Арман», «Айна» фильмдерін түсірген -  Рашид Сүлейменов.

Қоюшы-операторы: Ернұр Рыспаев

Сценарий авторлары: Ильхам Джалилов, Рашид Сүлейменов, Рустам Азаматов.

«Набат» операциясын түсіруші ұжым фильмге шетелдік актерлерді де шақырған. Олардың қатарында ресейлік және қазақстандық актер - Алексей Шемес, беларусиялық актер әрі каскадер  Сергей Быхов, өзбекстандық театр және кино актері - Анвар Картаев бар.

Ал басты ролдерді сомдаған отандық актерлер - Бақыт Қажыбаев пен Әйгерім Жүнісова.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» түсірген фильм жаңа жылдың басында көрерменге жол тартады.