Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Кеңес Жұмабеков 75 жасын сахна төрінде қарсы алды. Сәкен театрында белорус драматургі Алексей Дудараевтың «Кеш» қойылымын сахналады.
Бұл қойылымның өзгешелігі сол, бас-аяғы үш кейіпкер сомдайды. Үшеуі де – театр өнерінің ірі өкілдері. Басты рөлде – Кеңес Жұмабеков. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Керей хан» аталып кеткен Қайрат Кемалов пен дарынды актриса Нұржібек Жансүгірова – сахнада. Осы бір мезетте премьераға келгендер демін ішке тартты.
Спектакль соғыс сойқанынан кейін шалғайдағы ауылда қалған үш қарияның өмірін баяндайды. Үшеуі де тағдырдың түрлі тауқыметін тартып-ақ баққан. Аштықты да, соғысты да көрген. Ең сорақысы сол, үшеуі де балаларына керексіз болып қалған. Іздеп қалар деген жалған үмітпен күні бойы жолға жәутеңдейді. Алайда, жоқ...
Василий ақсақал (Кеңес Жұмабеков) «Балам әлгі геолог дей ме, бірдеме болып жұмыс істейді. Жердің үстінде әкесі жүргенде, астындағы байлықты неменесіне іздейді?», деп күйінген кезде көрермен таңдай қақты.
Қысқасы, кейіпкерлер жарық әлемнің махаббат мұңы, сағыныш шері, тасбауырлық тауқыметі жөнінде ой қозғайды.
– Бұл – тағдыры трагедияға айналған бейбақтар туралы спектакль. Балаларына керексіз болып қалған қариялардың мұң-зарын көреміз. Қазір қараусыз қалған қариялар көп. Қарттар үйіне барыңыз. Жүрегіңіз ауырады. Жастар осы қойылымнан тағылым алса деген тілегім бар. Аналар, әкелер жыламасын. Мына спектакль жоғары деңгейде өтті. Жақсы әсер алдым. Актерлер осы қойылымды жүрекпен, ыстық сезіммен ойнады, – дейді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Болат Ұзақов.
Өз кезегінде кеш иесі де көрермендерімен қауышқанына риза болып, алғыс жаудырып, бас иді.
«Мерейтойыма осындай сый жасап жатыр. Қуанышымда көрерменіммен қауышқаныма разымын. Баршаңызға алғысым шексіз. Шамамыз жеткенше қасиетті өнерге адал болуға тырысамын», деді Кеңес Жұмабеков.
Қарағанды облысы