Күні кеше ғана қоғамдық көлікті дер кезінде тоқтатып, жолаушыларды апаттан арашалап қалған сегізінші сынып оқушысын Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев ерлігі үшін марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Естеріңізге сала кетейік, 23 қараша күні автобус жүргізіп келе жатқан жүргізуші өзін нашар сезініп, есінен танып қалған. Бұл кезде қоғамдық көлік ішінде жолаушылар болған. Сол сәтте сегізінші сынып оқушысы Ақжол Герой автобусты дер кезінде тоқтатып үлгерген.
Осындай батыл әрекеті үшін Марат Сұлтанғазиев оқушыға алғыс хат пен «iPhone 15» телефонын сыйға тартты.
«Мұндай әрекеттер ерекше алғыс пен құрметке лайық. Біз барша жастарға үлгі болуға тиіс өңіріміздің жас батырын мақтан тұтамыз», деді Алматы облысының әкімі.