Өңірде цифрландыру жұмыстары белгіленген жоспарға сәйкес іске асырылып жатыр. «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс бойынша мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құруға бірнеше жыл бұрын басымдық берілген болатын. Нәтижесінде, республикалық мемлекеттік қала құрылысын жоспарлау және кадастр орталығымен меморондум жасалып, іс-шара жоспары бекітілді. Сол жоспар аясында облыста бірқатар ауқымды жұмыс қолға алынды. Оның дені уақтылы аяқталды.
– Шу қаласы мен 10 аудан орталығына аэрофототүсірілім жүргізу жұмысының маңызы зор екені анық. Өйткені қазір ақпараттық жүйенің дәурені жүріп тұр. Сондықтан да біз белгіленген жоспарға сәйкес Тараз қаласы мен аудан орталықтарындағы құрылыс жұмыстары жүргізілген аумақтың инженерлік инфрақұрылымын түгендеу жұмыстарын уақтылы атқардық. Жыл бұрын халық саны бес мыңнан асатын елді мекендердегі 4 886 гектар аумақтың инженерлік жүйелеріне түгендеу жұмыстарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Қолға алған жұмыс дер кезінде іске асырылды, – деді облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Айтқазы Қарабалаев.
Оның айтуынша, халық саны 5 мыңнан асатын елді мекендерді ақпараттық жүйеге енгізу жұмысы осы жылы да сәтімен жалғасқан. Қолға алынған жұмыс уақтылы жүзеге асырылған екен. Нәтижесінде, 6011,95 гектар аумақтың инженерлік жүйесі толыққанды зерделенген. Осылайша, аудандардағы жұмыстар уақтылы әрі сапалы аяқталған. Ал Тараз қаласы бойынша қолға алынған іс жыл соңына дейін тәмамдалмақ.
А.Қарабалаев келтірген дерекке жүгінсек, «Цифрландыру, ғылым және технологиялық серпіліс» ұлттық жобасын іске асыру бойынша да бірқатар жұмыс атқарылған. Қала құрылысы кадастрының цифрлы жоспарлы негізін құру үшін елді мекендердің құрылыс жұмыстары жүргізілген аумағының инженерлік-инфрақұрылымдық жүйелері толықтай геодезиялық-топографиялық зерделеуден өтеді. Бұл жұмыстың маңызы зор.
– Облыс бойынша барлығы 371 елді мекеннің 12-сінің қала құрылысы жобаларын цифрландыру жұмыстары бірнеше жыл бұрын «Қазгиса» ЖШС тарапынан жүзеге асқан болатын. Биыл қалған елді мекендердің бас жоспарын цифрландыру жоспарланып, қазіргі күнге 355 елді мекеннің жобасы геопорталға енгізілді. Қалған 4 елді мекеннің бас жоспарын цифрландыру жұмыстары алдағы күндері аяқталмақ. Талас ауданына қарасты Көшек батыр ауылының оңтайландырылған сызбасын әзірлеу жұмыстары аудан әкімдігі тарапынан атқарылып жатыр. Аталған жұмыс аяқталған жағдайда облыс бойынша барлық елді мекеннің бас жоспары облыстың геопорталына 100 пайыз енгізілмек, – деп нақтылады басқарма басшысы.
А.Қарабалаевтың айтуынша, осы жылдың басында аэрофототүсірілім жұмысына қажетті қаражат қарастырылып, конкурс негізінде мердігер болып «Қазгиса» ЖШС анықталған. Серіктестік мамыр айында Жаңатас, Қаратау және Шу (Төле би ауылы) қалаларына аэрофототүсірілім жұмысын жүргізген. Заңнама талаптарына сәйкес Қорғаныс министрлігінің камералдық қарауынан өтіп, келісім алынған. «Салаға қатысты цифрландыру жұмысы жоспарға сәйкес іске асырылып жатыр. Таяуда Бауыржан Момышұлы, Қордай, Мойынқұм, Меркі, Құлан, Аса, Сарыкемер ауылдарына ұшқышсыз ұшу аппараты аэрофототүсірілім жұмысын жүргізді», деді басқарма басшысы.
Жамбыл облысы